Бір кем дүние

260 Views

Мақұлбектің қара аты

Мақаңның атағын болыстықтан гөрі Қара ат көбірек шығарса керек. Қара аттың даңқы алысқа-алысқа кеткен. Ерен жүйрік, алдына қара салмаған, жүздеген шақырым жерден жеке-дара жететін алмауыт тұлпар атанған ғой.
Адамзат баласында қызғаныш деген «қызыл ит» бар. Ол сонау Адам Ата мен Хауа Ана заманынан бері қарай өмір сүріп келе жатса керек.
Адам Ата мен Хауа Анадан Қабыл мен Абыл деген екі ұл туады. Олар ер жетеді. Қабыл егіншілікпен, бау-бақша өсірумен айналысады. Абыл мал асырайды.
Бір күні Жаратқан Құдірет осы екі немересінің ер жеткенін көріп, еңбектерінің жемісінен дәм татпақшы болыпты дейді.
Қабыл жеміс-жидегін алып барады. Абыл бағлан қозы жетектеп барады. Құдіретті Баба қозының етін сүйсініп жепті дейді. Қабылдың жеміс-жидегіне аса назар сала қоймапты.
Абылды арқасынан қағып мақтапты. Қабыл ондай ықыластан құр қалса керек.
Қабыл мен Абыл қайтып келе жатқан жолда қызғаныштан жарылып кете жаздаған Қабыл Абылды таспен ұрып өлтірген ғой.
Әне, содан бері Адамзат арасында қызғаныш деген қызыл ит пайда болған.
Мақұлбектің Қара атының даңқы алысқа кеткенін естіген сайын, азуы алты қарыс айбарлы Керімбай болыс сол жүйрікті қолға қалай түсірудің амалын ойлайды. Ақыры, Қара ат құлын күнінде Керімбай болыс ауылынан әлдеқалай Мақұлбектің қолында кеткен екен деген лақап тарайды.
Керімбай болыс қол жинап барып, Мақұлбек болыстың қол-аяғын байлатып тастап, Қара атты тартып әкетіпті.
Бірақ Құдайдың құдіреті, Қара ат әлдекім арбап қойғандай, шабыстан қалып қояды.
Қара атқа бола жауласқан аталас екі болыс екеуі де бұл жалған дүниеден өтіп кетті. Екеуіне де опа бермеген Қара аттың да сүйегі қурап қалды.
Тірілерге олар туралы әлгіндей әңгіме ғана қалды.
Баянсыз бір кем дүние.

Байзақ датқа мен Өгізбай датқа

Тәңіртау мен Қаратаудың арасында жатқан елді ол кезде Қоқан деген билейді екен. Қоқан хандығының қол астындағы жергілікті басшыларды датқа дейді екен.
Қазақияның Ресей билеген жағындағы жергілікті басшыларды аға сұлтан дейді екен.
Біздің Мыңбұлақтың датқасы Байзақ деген кісі болады.
Ал Қаратау жағының датқасы Өгізбай деген екен. Екеуі бақталас па, қалай?..
Байзақ Қоқан хандығының шексіз зорлығы мен қорлығына шыдай алмай, қарсылық көрсете берсе керек. Қоқан басында шашы жоқ таздарға дейін салық салады екен.
Ойма тазға – он теңге.
Қырма тазға – қырық теңге…
Мал салығы, дүние-мүлік салығы, қыл аяғы «қыз салығы» деген шығыпты. Кәмелетке толар-толмас қыздарды Қоқан шабармандары зорлап алып кете беріпті.
Әне, сонда Қоқанның ханы өзінің Шымкенттегі орынбасарына пәрмен береді:
– Байзақты жазала! – деп.
Шымкенттегі орынбасар Байзақты өзі емес, Қаратау датқасы Өгізбай арқылы шақыртады. Өгізбай Байзаққа:
– Құрылтайға бірге барайық, – деп амалын тауыпты.
Байзақ сеніп қалып, Шымкентке барғанда, қоқандық жендеттер оны ұстап алып, зеңбіректің ұңғысына таңып қойып, атып жібереді.
Күл-талқан болған денеден жалғыз шынашақ саусағы ғана табылыпты. Сол саусақ Әулие-Ата күмбезінің жанына көмілген.
Өгізбай датқаны Қоқан ханы шекпен кигізіп, марапаттаса керек. Қу дүние деген сол. Күндестік, қызғаныш деген қызыл ит тіршілікте не істетпейді.
Ұрпақтар Байзақты ұмытпайды. Қазір оның атында аудан бар.
Ал Өгізбайды ешкім білмейді.
Бір кем дүние.

Қисайғанды түзету

Хрущевтің дәурені еді. Қазақстанды қақ бөліп, солтүстігін «Целинный край» деп атады. Крайком – Соколов деген. Крайкомға қарайтын Көкшетау облысын Қасым Тәукенов деген азамат басқарады.
Бір күні Қасым аэропортқа келе жатып, жол бойында қисайыңқырап тұрған бағанды көреді. Қараса, «Кокчетав» деген жазуы бар.
Қасекем шоферге:
– Тоқта! – дейді-дағы, машинадан түсіп барып, әлгі бағанды ырғап-ырғап суырып алып, лақтырып тастайды.
Бұл әрекет үлкен бастықтарға жетеді. Қасым Тәукенов қызметінен босатылады.
Оның бюрода айтқан түсіндірмесі бойынша: «Кокчетав» емес, «Көкшетау» болып жазылуы керек екен.
Қазір, Құдайға шүкір, солай жазылады. Бірақ орысша болып, өзгертіліп кеткен жер-су аттары бұрынғы «Целинный крайда» әлі тұнып тұр-ау, тұнып тұр.
Бір кем дүние.
Түзететін Тәукеновтер жалғыз -жарым. Көпшілігі қорқады. Құлдық психология…
Бір кем дүние.

Отарлау озбырлығы

Басқыншылардың қорқау тәсілі – басып алған жер-судың ежелгі атын лезде өзгертіп, ел-жұрттың есінен шығарып жіберу.
Сондай мысалдың бірі – Медео.
Алматыны Верный дегенін әрең өзгерткенде, Медеу шатқалын көпке дейін түзете алмай-ақ қойдық.
Марқұм Тельман Жанұзақов «Правда» газетінің меншікті тілшісі бола салысымен ең үлкен газеттің бетінде осы оспадарсыздықты әшкереледі. Сөйтіп, Медеу қалпына келтірілді. Бұл ретте Тельман Қасым бауырының батылдығын қайталады.
Енді қазір Астанадан аттап шықсаң, айнала -төңіректе колонизатордан қалған атаулар әлі қаптап тұр.
Соның біреуі Сталин заманында АЛЖИР атанған, «Халық жауларының» әйелдері отырған мекен – аудан орталығы Малиновка. «Не жизнь, а малина» деп тұтқындар кекетіп қойған атау.
Бір кем дүние.

(Жалғасы бар).

Поделиться ссылкой: