Келелі жиын өтті
21 ViewsОсы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасының…
Өткен аптада дәл осындай тақырыпта Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің акт залында білім беру ұйымдарында құрылған әкелер кеңесінің төрағалары мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған семинар-кеңес өтті.
Аталмыш семинар-кеңеске аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова, әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Манғұтов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Гаухар Ноғайбаева және жаңа атап өткеніміздей, білім беру ұйымдарында құрылған 30-ға жуық әкелер кеңесінің төрағалары мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Бұл семинар-кеңесті өткізудегі басты мақсат – мектеп пен отбасының өзара байланысын, қарым-қатынасын нығайту, отбасылық қарым-қатынаста сенімділік пен сыйластықты қалыптастыру, бала тәрбиесінде әкенің рөлі ерекше екенін түсіндіру.
Қазір расында бала тәрбиесі өзекті тақырыптардың біріне айналды. Негізінен, жаһандану дәуірі көп дүниені өзгертті. Екі адамның бірінің қолында «сотка» қазір. Гугл дейсіз бе, яндекс дейсіз бе, ютуб дейсіз бе, не керектінің бәрі сонда самсап тұр. Сосын бәріне бірдей топырақ шашқымыз келмейді, бірақ, оқушының көбі «Инстаграм», «Тик-ток» әлеуметтік желілерін көп қолданады қазір. Тақырыптары «айғайлаған» жаңалықтардың көкесі сонда әйтеуір. Жасырып керегі не, «подписчик» жинау үшін жұрттың көбі хайптың неше түрін істейтін болды ғой осы күні. Бала соның бәрін көреді. Сосын соны істейді. Дұрыс нәрсе айтсаң, ашықтан-ашық қарсы шығады. Қатты зекіп ұрыссаң, бұртияды да қалады. Сөз қадірін ұғынудан қалып бара жатқандаймыз. Ал ата-ана таңертеңнен кеш батқанға дейін жұмыста. Бір жағынан оларды да жазғырғың келмейді. Барлығы да бала-шағаның қамы үшін қарекет қылып жүр ғой. Біз қазір бала тәрбиелеуді тек мұғалімнің мойнына жүктеп қойғандаймыз. Мұғалім де ата-ана. Оның да бала-шағасы бар. Сондықтан бір ғана мұғалімге бала тәрбиелеу ісін «ысырып қою» дұрыс емес, меніңше. Баланың тәрбиесіне әуелі әрбір ата-ана жауапты болуы тиіс. Дана қазақ «Әкеден – ақыл, анадан – мейір» деп текке айтпаса керек-ті.
Осы мәселенің барлығы аталмыш семинар-кеңесте айтылды, түсіндірілді. Тіпті «Әке көрген оқ жонар» атты тақырыпта Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Тұрғанбаева практикалық сабақ, осы мектептің педагог-психологы Әсел Карибаева «Әке – отбасы тірегі» тақырыбында тренинг өткізді. Аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Манғұтов «Отбасындағы әкенің рөлі» тақырыбында сөз қозғап, келелі мәселелерді сөз етті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы мен аналар кеңесінің төрайымы Түзел Селбайқызы да сөз сөйлеп, тұшымды пікірлерін айтты.
Түйін: «Шаншар» театрының директоры, актер Уәлибек Әбдірайымовтың «Соңғы қоңырау» деген монологы бар, білесіздер. «Біз оқып жүрген кезде мұғалімді көрсек, тығылып қалатынбыз. Қорқамыз ба, ұяламыз ба, бірдеңе әйтеуір. Сол мұғалімнің көзіне түспес үшін тығылып қаламыз. Тығылатын жер табылмаса, бас киімімізді басып алып, төмен қарап тұратынбыз. Қанша бұзық болсақ та соны істейтінбіз. Мұғалім өтіп кеткенше қарамайсың. Қазір керісінше. Мұғалім оқушыны көрсе, тығылып қалатын халге жетті» деген сарказм айтады сол монологта Уәлибек Әбдірайымов. Әзіл, бірақ ащы болса да шындық. Тура осындай детальді өзімнің әкемнің де аузынан естідім. Не істеу керек? Бәлкім, идеологияға баса мән беру керек шығар. «Жоғары жақ» осыған назар аударса… Сосын ата-ана жауапкершілікті өз мойнына алу керек. Мектеп онсыз да беретін білімді беріп жатыр. Ошақтың үш бұтындай осы мәселелер реттелсе, бала тәрбиелеу ісі де бірізділікке түсер еді…
Марат Диханбай.