Өмірдерек

280 Views

Бүгінгі жастар ауданымыздың тарихынан хабардар болуы үшін бірқатар тарихи деректермен бөлісуді жөн көріп отырмын.

Тарихқа үңілер болсақ, ауданда 1888 жылы Каменка ауылында 2 жылдық қазақ-орыс мектебі ашылған. Осы мектепте оқыған Шынқожа Омаров 1924 жылы Меркі ауданында ең бірінші атқару комитетінің төрағасы болған. 1892 жылы Луговой ауылында 4 сыныптық қазақ-орыс мектебі ашылған. Осы мектепте аудандағы көп­теген азаматтар білім алған. 1926 жылы Еңбекші ауылында Қарқаралы учи­лищесін бітірген Оразғали Боранбаев деген кісі келіп, білімсіздікті жою (ликвидация безграмотности) тура­лы мұғалім болып, ауылдың адам­да­рын оқуға, жазуға үйретіп, көп көмек­тескен. Осы жылдары ауылда На­ғима апамыз өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, осы жолда көп тер төккен. Еңбегінің арқасында 1948 жылы Үкіметтің ең жоғарғы наградасы – «Ленин» орденімен марапатталған.
1940 жылы Қазақ ССР-да бірінші рет Жоғарғы Кеңестің сайлауы өткен. Аталған сайлауға «Восток» колхозының қызылша звеносының жетекшісі Балшын Бетегенова депутат болып сайланған. Балшын апай 1948 жылы өткен сайлауда да аудан атынан сайлауға түсіп, қайта депутат болған. Кейін ең­бектегі жоғарғы көрсеткіші үшін жоғарғы награда – «Ленин» орденімен марапатталған.
Каменка мектебінде оқыған тағы бір азамат Шәмшидин Мұсабеков көп жылдар партия шаруашылық ұйым­дарында қызмет етіп, кейін Меркі ауданының атқару комитетінің төрағасы орынбасары болып зейнетке шыққан.
1940 жылы соғыстың алдында Күлішкен Мұсабекова деген апамыз ком­сомол жастар звеносын құрып, қазір­гі Көкарық колхозында қызылша егу­мен айналысқан. Қызылшадан мол өнім алғаны үшін көптеген ор­ден, медальдарға ие болған. 1944 жылы Сталиннің алғыс хатын алып, «СССР ауыл шаруашылық үздігі» төс­белгісімен марапатталған. 1948 жылы «Ленин» орденімен, «Ұлы Октябрь революциясы» орденімен марапатталған.
1941 жылы соғыс басталғанда күйеуі соғысқа кетіп, Қазақстан әйелдері арасынан ең бірінші болып паровоз машинисі болған Забира Жүсіпова Луговой станциясындағы теміржол депосында паровоз машинисі болып жетістіктерге жеткені үшін 1948 жылы «Ленин» орденімен марапатталған.
Кезінде шаруашылықтар басқарған, партия қызметтерін атқарған біздің ауданнан көптеген азаматтар шыққан. Ал соғыстан кейінгі жылдары комсомол жастар – трактор бригадасын басқарған Төлеген Бакрамов деген «Мақпал» совхо­зының тумасы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Құрмет» орденімен мара­патталып, партияның және комсо­мол­дың съездеріне делегат болып қатысқан.
Соғыстың алдында және соғыс жылдары көптеген қыз-келіншектер колхоз басшылары болған. Соның ішінде Бүбіқали Жұмаханова деген апамыз «Жаңатұрмыс», «Еңбекші» колхоздарына басшы болып, атқару комитетінің мүшесі болып 7 жыл қызмет атқарған. Күлзада Исаева апамыз көптеген колхоздарды басқа­рып, соғыстан кейін Тереңөзек ауылдық советінің төрайымы болған. Сондай жоғары лауазым атқарған, колхоз басшылығында болған қыз-келіншектер көп болған.
Тағы бір айтатын жайт, біздің ауданнан басшылардан бөлек ғалымдар, ақындар, жазушылар шықты. Оның ішінде ерекше атап өтетін болсақ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Совет Әлімқұлов, Әбдібай Табылдиев, беріректе Совет Әлімқұловтың баласы Бақытжан Әлімқұлов, композитор Мэлс Өзбеков, Нұрлан Байгөзов, республикаға танымал эстрада әншілері, Олимпиада чемпиондары шыққан. Суырып салма ақындар да біздің жерден шыққан. Талай жерде оза шапқан Қазыбай Бижанов, Құлмаханбет Пірімқұлов және комсомолда жүріп жоғарғы наградалармен марапатталған аудандық комсомол комитетінің хатшысы болған Дүйсеналы Тәжібаев, Сағынхан Әмреқұлов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 1934-1938 жылдары Алматы жоғарғы партия мектебін бітіріп, партия комитетін 8 жыл, партия комитетінің хатшысы болған Бейсенбек Бақашев 1948 жылы «Ленин» орденімен марапатталған. Сол сияқты 1936-1938 жылдары Москвадағы партия мектебін тәмамдап Талас ауданы партия комитетінің 1-ші хатшысы болған Билібай Мәлібеков соғыс басталғанда майданға кетіп, дивизияның саяси бөлімінің басшысы болған. Майдан шебінде 2 аяғынан жараланып елге қайтқан. Одан басқа біздің киелі топырақтан ең бірінші генерал атағын алған Файзин Қыпшақбаев, генералдар Жеңісбек Жұманбеков, Нұржан Мырзалиев, Талғат Қойбақов, полковник Манап Иманбаев сияқты жүректері туған жер деп соққан жауынгер жерлестеріміз болған.
Бұл деректердің барлығын қазіргі ұрпақ білсін, тарихын танысын, туған жерінің елеулі азаматтарын біліп жүрсін деп айтып отырған жайым бар. Бұдан да басқа тың, қызықты деректер көп.

М.Нохрабеков,
зейнеткер журналист.

Поделиться ссылкой: