Сөз жетпеген жерге музыка жетеді

343 Views

Сөзбасы: Ол дүниеге келгенде жаңбыр толассыз жауған деседі. Үлкендер жағы сол бір табиғаттың тосын-мінезін жақсылыққа балап, есімін Жаңбыршы деп қойған екен. Мен сол күнгі болған көрініске қайран қалдым. Өйткені жаңбыр тағы да толассыз жауған еді. Кабинетте үнсіз отырып, ұзақ ойландым. «Не деген құдірет!» деп. «Өтірікті шындай қылып» жазған түріміз емес, оған жұртшылық та куә, сәуірдің 15-і күні түстен кейін жаңбыр нөсерлеп құйды. Басқа емес, неге дәл сол сәтте солай болды? Мені ойға қалдырған да осы жағдай еді.

Өткен аптада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде композитор Жаңбыршы Үсейіновтің шығармашылығына арналған «Сағыныш – 2» атты әдеби-сазды кеш өтті. Жаңағы 15-ші сәуір деп отырғанымыз, дәл осы күн болатын. Кешті композитордың қызы, журналистика саласында өзіндік орны бар, қаламы қарымды журналист Ардақ Үсейінова ұйымдастырды.Мұндай жүрекке жылылық сыйлайтын әсем әндерге толы әдеби-сазды кештерге халық сусап отыр қазір. Өйткені небір даңғұр-дұңғыр, сөзінен адам жиіркенетін ессіз әндер қаптап кетті, шыны керек. Сондықтан Жаңбыршы Үсейінов секілді шын таланттардың әндері көпшілікке насихатталуы тиіс. Әсіресе, «Кию-поп» тыңдайтын жастар жағы соны білсе екен.

Қытай ойшылы Конфуцийден қалған мынадай бір сөз бар. «Ұстаз мені алдымен кітап оқуға, Отанға адал болуға, сосын адамдарды сыйлай білуге тәрбиеледі» деген екен.
Сол айтқандай, әкем маған атақ қуып, дандайсымауды үйретті. Атың шығып, көпшілікке есімің мәлім болып жатса, кеуде керіп сөйлемей, керісінше, кішілік танытып, қарапайым болуды үйретті. Біреудің ала жібін аттамай, ешкімге қастық қылмауды үйретті. Шығармашылыққа адал болуды үйретті. Өтірік айтпауға үйретті. Адамдарға жақсылық жасауға үйретті. Өмірден өткеніне 20 жылға жуық уақыт таяса да әкемнің маған айтқан нақыл сөздерін ешқашан жадымнан шығарған емеспін. Бүгінгі кешті өткізудегі мақсатымыз да сол. Көпшілікке әкем жазған есті әндерді насихаттап, тыңдарман содан жан рахатын алса дедік. Солай да болған секілді. Өйткені ризашылықтарын білдіріп жатқан адамдар өте көп. Мен соған қуанам.

Жұрт композитор Жаңбыр­шының әндерін сағыныпты. Оны өз көзімізбен көрдік. Кеш өте жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылды. Сахнадағы реквизиттерді айтсаңызшы! Ретро – стиль. 80-90 жылдары мода болған киім үлгісі. Сол кездегі жастардың сауық кешінде шырқалатын есті әуендері. Әр орындалған әндерге көрініс қойылған. Яғни, алдын-ала сценарий жазылғаны, жүргізушілердің дикциясына қарап, талғаммен таңдалғаны, актерлердің де образ ойнаған сәттегі шынайылығы, әдеби-сазды кеште ән шырқаған әншілердің де кәсіби шебер­ліктері, режиссерлік жұмыстың қолтаңбасы бәрі-бәрі көзге бірден көрініп тұрды.
Бұл кешке аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері Дүйсенәлі Бықыбаев және аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов арнайы қатысып, сөз сөйлеп, «Сағыныш» атты ән жинақтың лентасын қиды. Ән жинаққа Жаңбыршы Үсейіновтің 20 әні енген. Аудандық мәслихат төрағасы Ербол Абақұлы өз сөзінде дәл осы кеш ауданымыздың 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғанын айтып, Жаңбыршы Үсейіновтің әндері өнер сүйер қауымның жүрегінде мәңгі қалатынына сенім білдірді. Ал, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері Дүйсенәлі Бықыбаев сазгер Жаңбыршының алғашқы тыңдаушысы болған әрі сол әндерді қағазға түсіріп, жазып алып отырған Бақыт апайдың мықтылығын сөз етіп, композитор жарының иығына қазақы оюмен әдіптелген камзол жапты. Қожайхан Қазыбайұлы да өзінің ақжарма тілегін білдіріп, шын таланттың өнері өміршең болатынын тілге тиек етті. Содан соң концерт басталды.
Жаңбыршы Үсейінов 1947 жылы Көкдөнен ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы қазіргі Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектепте білім алған. Жастайынан өнерге жақын болған. Сауықшыл ортада өскен. Бұрын өзі сондай еді ғой. Қазір ғой, екінің бірі «Өнерпаз». «Әу» десе болды, әнші не болмаса композитор болып шыға келеді.
Жаңбыршы Үсейінов алғаш рет 17 жасында ән жазыпты. Көкдөнен ауылында даңқты композитор Мэлс Өзбековтің дүниеге келгенін білесіздер. Текті жерден әрқашан текті ұлдар туады емес пе? Аудандық мәдениет үйінде өткен әдеби-сазды кеште Жаңбыршы Үсейіновтің «Сыныптастарым», «Жастығымның жалыны», «Жігіт сыры», «Нұргелді», «Не­ме­рем балам», «Ағайындар», «Еркесі Шудың», «Досыма» атты әндері шырқалды. Негізінен композитор 40-қа жуық ән жазған.
Композитор мектепте оқып жүрген кезінде духовой оркестр, кейіннен өзі секілді өнерлі жастарды жанына топтастырып, «Таң самалы» ансамблін құрған. «Таң самалына» кейінірек тоқталармыз. Осы сәтте мына жайтты айтпай кетуге болмайды.
Мектеп бітірген соң, достары арман қуып, оқу іздеп қалаға кеткенде Жаңбыршы Үсейінов көз жанары сыр беріп, ауылда қалды. Дегенмен, ол бұл жағдайға еш мұңайған жоқ. Қайта кеудесін сағыныш кернегенде құрбы-құрдастарына арнап, ән жазды. Сұлулықты музыкамен үндестірді. «Алдымен досыңды көрсет, сосын сенің кім екеніңді айтайын» деген сөз бар еді ғой. Жаңбыршының Бердіш, Тәліпбек, Қамшыбек, Төкен және Аман секілді достары оның өнерін бағалап, биікке көтеріп, әр сәтте қолдау білдірді. Қиналғанда әркез жанынан табылды. Бақыт апай да жарына әрқашан қолдауын көрсетіп, шабытына шабыт қосып отырды. Осындай сыйластыққа толы өнегелі ән-ғұмырда көптеген әндер жазылды.
Енді «Таң самалы» ан­самблі турасында бірер сөз. Көзкөр­гендер ол ансамбльдің кезінде атағы дүркірегенін айтады. Аудан, облыс, тіпті республикаға танылыпты. Сөзіміз дәйекті болу үшін мына детальды да қосайық. Кезінде «Таң самалы» ансамблін Алматы телестудиясы арнайы шақырып, Жаңбыршы Үсейінов бастаған ансамбль құрамы бір жарым сағаттық концерттік бағдарламаларын республика жұртшылығына паш еткен екен. Ауылдастары сазгер Жаңбыршының әндерін ұдайы насихаттап жүр. Кез келген мерекелік кештерде композитордың әндері шырқалады. Ең бастысы, осы емес пе?
Жаңбыршы Үсейінов атақ қуып, ешкімнің артына шам алып түскен жоқ. Мектепте математикадан, содан соң ән-күйден сабақ берген. Бәзбіреулерге ұқсап, «менің мынадай әнім бар еді», болмаса «менің шығармашылық кешімді өткізіп бер» деп емен есікті кабинеттердің есігін тоздырған жоқ. Қарапайым ғана ғұмыр кешті. Өнерге адал болды. Ешкімге барып соқтыққан жоқ. Алаңсыз жұмысын істеп, шығармашылыққа көңіл бөлді. Шабыты келгенде, сазы мен сөзі келіскен әуезді әндер жазған. Мәселен, композитор 2 досы кенеттен қаза болып, жүрегі қарс айырылған сәтте «Досыма» әнін шығарған. «Ағайын бар болса бере алмайды, жоқ болса көре алмайды» дегенді де біздің қазақ айтқан ғой. Қазақтан басқа кім айтсын оны. Бұл тақырыпта да композитор Жаңбыршының «Ағайындар» деген әні бар. Міне, оның әр әнінің шығу тарихы осындай өзгешеліктерден тұрады.
Сайып келгенде, мен бұл жерде Жаңбыршы Үсейіновтің туа бітті талантын айтқым ке­ліп отыр. Шіркін, оның әндері Алматыдағы Республика са­райында шырқалса ғой. Қандай керемет болар еді. «Ақы тө­леп», жер көкті шарлап ән із­деп жүрген елімізге белгілі эстрада әншілері композитор Жаңбыршының әндеріне мұқият зер салса ғой. Әйтпесе, қазіргі хит боп жүрген мәні жоқ, сөзі жұтаң «әнсымақтардан» Жаңбыр­шының сазды әндері мың есе артық. Нанбасаңыздар, тың­дап, салыстырып көріңіздерші. Сонда байқай­сыздар. Есті әні қайсы, есер әні қайсы?..
Сөз басында ре­жис­­серлік жұмыстың қолтаңбасы көрініп тұр деп едік қой. Яғни, осы кеште шырқалған Жаңбыршы Үсейіновтің әрбір әні көрініс арқылы көрерменге ұсынылды. Жаңбыршының рөлінде – Ерасыл Битанов. Достары Тәліпбек, Бер­діш, Төкеннің образдарын Қабыл Ба­зарбек, Әли Сәм­бет және Дархан есімді жас өнер­паздар сом­дады. Мас­совкада Жамбыл атын­дағы Абай кол­леджі­нің студент­тері Данияр, Ердәуіт, Ерасыл, Имаш және Алмат есімді жігіт­тер бол­ды. Бэнд: музы­кант әнші­лер Нұрғиса және Ерхан. Режис­сер­лер Дарын Даумов пен Ерасыл Битанов. Биші қыздардың да постановкасы естен кетпес гүлдәурен шақты еске түсіріп, сол жылдарға саяхаттап қайт­қандай болдық.
«Сағыныш – 2» атты әдеби-сазды кеште Әли Сәмбет «Сыныптастарым», «Құдаша», Ерасыл Битанов «Жалындаған жастығым», Жанболат Таласбай «Жігіт сыры», Жазира Есболова «Еркесі Шудың», Назкен Қошқарбаева «Ағайындар», сонау Алматыдан ат арылтып жеткен Гаухар Мырзахметова «Нұргелді» және «Немерем-балам», Қабыл Базарбек «Досыма» әндерін шырқады. Концерт соңында ледэкраннан композитордың ілгеріректе сөйлеген сөзі көрсетілді.
Не деген қара­пайым­дылық. Екі сөзінің бірінде аялап өсірген ауыл­дас­тарына алғыс айтып отыр. Осындай жандардың қасиетінен айналасың ғой, шіркін! Актер Ерасыл Битанов «Сағыныш» атты монолог оқығанда өз басым қатты тебі­рен­­дім. Әсі­ресе, кеш соңындағы кө­рі­ніс жү­рек­ті толқытты. Нұр­бо­лат Абдулиннің орын­дауын­­дағы» «Рахмет, әке!» әні шырқалып, сахнаға компо­зи­тор­дың қызы, қаламы қарымды жур­налист Ардақ Үсейінова шығып, сөз сөйледі. Ардақ Жаңбыршықызы өз сөзінде осы кештің өтуіне қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне, Алматыдан ат арылтып жеткен әнші Гаухар Мырзахметоваға, таңға дейін ұйқы көрмей, өздері сценариін жазып, әдеби-сазды кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан режиссерлік және актерлық құрамға, ән салған әншілерге, уақыт бөліп, шығармашылық кешке келген көрермендерге алғысын білдірді.

PS: «Сөз жетпеген жерге музыка жетеді» деген екен Пётр Чайковский. Кеш бітіп, ерекше әсермен үйге қайттым. Сонымен сол күні жаңбыр толастаған жоқ. Осы көрініс маған бір өзгеше құбылыс болып көрінді. Бұл бір «қияли» сөз емес. Содан демалыс күндерге қарамастан жұмысқа келіп, композитордың «Сағыныш» атты ән-жинағын тыңдадым. Жүрек сонда ғана тыншыды. Бәлкім, Құдайдың өзі шын таланттың қадірін бізге ұғындырғаны болар.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: