Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Су – тіршілік нәрі һәм көзі. Дәл қазір бұл қажеттіліксіз ешнәрсе істей алмайтын күйге жеттік. Тіршілік көзіне адам да, төрт түлік те, тіпті, өсімдік те тәуелді. Ғалымдардың пікірінше бірнеше онжылдықтан кейін Орта Азия мемлекеттерінде су тапшылығының орын алу қауіпі бар. Ол қалай? Төте қойылған сауалға толыққанды жауап іздеп көрейік.
Айыр қалпақты ағайын мекендеген Қырғызстан елінде соңғы жылдары мұздықтардың еру қарқындылығы еселене түскен. Мамандардың айтуынша, ондағы мұз массасының жалпы көлемі соңғы онжылдықта 20 пайызға азайған. Егерде бұл жағдай жыл сайын үдейе түсетін болса, онда Түркіменстан, Өзбекстан және Қазақстан сынды елдерде су тапшылығы орын алуы бек мүмкін. Өйткені Қырғызстан ағыс бойынан жоғары орналасқан мемлекет. Бұл тізімге сондай-ақ, Тәжікстанды да қосуға болады. Адалын айтайық, қос елден келетін тіршілік нәріне Қазақстан 42 %, Өзбекстан 77 %, Түркіменстан 94 %-ға тәуелді. Бұл біздің емес, Қазақстан Республикасы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының мамандары келтірген деректер.
Жалпы АҚШ, Канада, Швеция, Германия, Түркия және Болгария сынды елдерде су сатып алу жұмыстары бұрыннан-ақ дұрыс жолға қойылған. Бұл елдер арасында тіршілік көзі байырдан бері текшелеп саудалануда. Кім білсін? Жаман айтпай, жақсы жоқ. Егерде су үнемдеудің тың тәсілін біз таппасақ, жоғарыда тізілген елдердің күйін кешетініміз айтпасақ та белгілі.
Қадірлі оқырман! Мақаланың әлқиссасы неге жағымсыз жайттан басталды деген оқшау ойда отырған боларсыздар. Ендеше себебін айтайық… Біз сейсенбі күні аудан әкімінің жоспарына сәйкес Қорағаты мен Қызылшаруа елді мекендеріне барып, тұрғындармен кездестік. Бұл кездесулер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың № 826-шы Жарлығы аясында ұйымдастырылған болатын. Дәл осы басқосуларда су тапшылығы өзекті мәселелердің бірі болып қозғалды.
Қорағаты аудан орталығынан алыс орналасқан округ. Аққайнар, Тойқұдық, Мамыртөбе, Қорағаты стансасы және Қорағаты сынды бес бірдей елді мекеннің басын құраған округте біраз мәселе шешімін тапқан. Округ орталықтан шалғай орналасса да, онда ауыз су да, көгілдір отын да бар. Бірақ бұл игілікті тек округ орталығы саналатын Қорағаты ауылының тұрғындары ғана сезінуде. Алдағы уақытта Қорағаты стансасына да көгілдір отынды жеткізу, қалған кішігірім ауылдарға мембраналық жүйе арқылы ауыз су апару жоспарға қойылған екен. Бұл туралы кездесуде аудан әкімі Ернар Есіркепов мәлімдеді. Сондай-ақ, аудан басшысы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, инвестиция, құрылыс сынды салаларға толығымен тоқталды.
Толымды тірліктер тізбектелген аудан әкімінің баяндамасынан кейін кезек тұрғындарға берілді. Тұрғындар өз кезегінде аудан орталығына дейін қатынайтын қоғамдық көліктің жұмысын қайта жандандыру, «Құлан-Қорағаты» бағытындағы жөндеуден өткен жолға арнайы белгілер орнату, 2,5 пайызбен несие берілетін «Ауыл аманаты» жобасын аталмыш елді мекенде жүзеге асыру сынды мәселелерді көтерді. Ал ауыл тұрғыны Әнуарбек Жорабекұлы жоғарыда біз қозғаған су мәселесі ауыл аумағында өзекті екенін тілге тиек етті.
– Ауылдастарымның әрбір ұсынысын қолдаймын. Иә, ауылда мәселелер баршылық. Бірақ оларды шешу жолдары жоспарларыңызда бар екен. Баяндамаңыздан естіп, қуанып отырмыз. Жуырда орталыққа барғам. Жаяу жүріп, көше аралап жүргеніңізді өз көзіммен көрдім. Халыққа жақын әкімнің ісі дәл осындай болса керек-ті. Енді ауылдағы маңызды мәселелерге көшейін. Бізде жаз кезінде су өзекті проблемаға айналады. Мынау «Қорағаты» өзені көктемде тасып ағып, жазда тоқтап қалады. Соның салдарынан «Байлама» атты тоғанымызда су мүлдем болмай қалатын кездерді де көргенбіз. Бұл тоған бізге ауадай қажет. Ашығын айтайық, жаз мезгілінде мал суғаратын су таппай қаламыз. Осыған өз тараптарыңыздан қол ұшын созсаңыздар деген ниетім ғой. Егер тоған ретке келсе, қызылша егуге де қолайлы болар еді, – деп жалпы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Ұтымды ұсынысты қолдай кеткен ауыл тұрғындарының бірі «Бұрын бұл су ауылға дейін келіп тұратын. Кейіннен жолдан біреу бұрып алған болуы керек. Су екпіні азайды» деген ойымен бөлісті. Осыны естіген аудан басшысы жауапты тұлғаларға арнайы комиссия құруды, ол топ тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтты.
– Әрине біз шаруаларға көмек көрсетуміз қажет. Дегенмен, оларға жағдай жасаймыз деп дүйім жұртты тасада қалдыруға тиіс емеспіз. Сондықтан жауапты басшыларға хаттамалық тапсырма беремін. Олар алдағы уақытта канал бойымен жүріп, кемшілікті анықтайтын болады, – деп тиісті бөлім басшыларына жауапты жұмыс жүктеді.
Қорағатыдағы жиын көңілді нотада аяқталды. Ауыл тұрғындарының бірі елді мекеннен шыққан батырларды өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында Қорағатыға ескерткіш тақта орнату маңызды екендігіне тоқталды. Аудан әкімі бұл ұсынысты бірден ұтымды деп танып, жиынға қатысып отырған аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Әбутәліповтен қолдау сұрады. Ербол Абақұлы алдағы айларда өтетін сессияда бұл өтініш-тілек міндетті түрде ескерілетінін жеткізді.
Кешқұрым дәл осындай жиын Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты елді мекен Қызылшаруада да өтті. Айта кету керек, аталмыш жиынға ақсақалдар, белсенді ауыл тұрғындары қатысты. Қызылшаруа тұрғындары да қолдағы төрт түлік суға тәуелді екенін айтты. Олардың сөзіне сенсек, төрт түлікті құмға апару үшін, әуелі арнайы құдықтар қазу керек екен. Ол үшін соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар да қолға алыныпты. Бірақ, 50 метрден су шықпай, кәсіпкерлер тапсырысты толық орындамай тайып тұрған. Ендігі кезекте дәл осындай олқылықтар қос тарапқа да қиындық тудыруда. Бірінші – судың жоқтығынан шаруа қожалықтар малын құмға әкете алмай, жүздеген қойын ауыл маңына бағуға мәжбүр. Екіншіден – соның салдарынан жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі де туындап отыр. Бұл аз десеңіз, жайылымның тапшылығынан бақпашылар да қызмет көрсетуден жиі бас тартатынын ауыл тұрғындарының сөзінен анық аңғардық.
Қызылшаруа тұрғындары жиында өзге де мәселелерді ашық айтты. Соның бірін аудан әкіміне ауыл ардагерлерінің төрағасы Тұрар Тілеуғабылов жеткізді.
– Қызылшаруаның тарихы өте тереңде жатыр. Соған қарамастан біз мемлекет тарапынан көрсетілетін шарапаттан құр қалып жатқандай күй кешеміз. Мәселен, биыл мектеп оқушылары дірдектеп жаурап шықты. Себебі, көмір өте сапасыз. Бұл – бір. Екіншіден, ауылда не спорт зал, я болмаса мәдениет ошағы жоқ. Осы мәселелерді мықтап шешетін күн жеткен секілді, – деп аудан әкімі Ернар Серікәліұлына нақты сауал жолдады. Аудан басшысы тосылған жоқ. Қойылған сауалдарға нақты дәлелдермен жауап беріп, көмірдің сапасыз болғанын, тіпті, өздігінен тұтанып, жарамсыз күйге айналғанын да жасырмады. Дегенмен, көмірді жеткізуші мердігер шығынды толық өтегенін айтып, алдағы уақытта білім ордасының қазандығын көгілдір отынға ауыстыру жоспарда тұрғанын айтты. Ал мәдениет үйіне қатысты қойылған сұраққа аудан басшысы өзге округтерді рухани ошақпен қамтамасыз етпей, кіші елді мекендерге мәдениет үйі салына қоймайтынын айтты. Естеріңізге сала кетейік, бүгінде 90 орындық мәдениет үйі Көгершінде салынып жатса, Жаңатұрмыс пен Ақыртөбеде алдағы уақытта бой көтеретін болады.
Жиын соңында аудан басшысы тұрғындарды жеке де қабылдап, өтініш-тілектерге құлақ түрді.
Жәнібек СҰЛТАН.