Ерлігі елге елеулі

238 Views

Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар? – деген Сырбай Мәуленовтың мына бір өлең жолдарына үңілсеңіз, көп нәрсені ұғынуға болады.
Иә, 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына 35 млн адам қатысқан деген тың дерек бар. Соның ішінде 1,2 миллионы қазақстандықтар екен. Сұрапыл соғыстың алғы шебінде Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, 50 шақты полктар мен батальондар шайқасты. Олар Мәскеу мен Ленинградты қорғап, үлкен одақтың құрамына кіретін бірнеше елді азат етуге атсалысты. Соның нәтижесінде ондаған мың қазақстандық ерен еңбегі мен ерліктері үшін марапатталса, бес жүзден астам адам «Кеңес Одағының Батыры» атанды. Ресми статистика бойынша төрт адам бұл атаққа екі мәрте ие болған.
Ал енді біздің ауданға қатысты мәліметтерді тізбектейік. Ұлы Отан соғысына Жамбыл облысынан 70 мыңнан астам сарбаз аттанған екен. Соның ішінде ауданымыздан 6235 азамат Отан қорғауға аттанып, оның 3017-сі туған жерге аман-есен оралыпты. Солардың бірі – Құрымбай Амреев.
Құрымбай ақсақал 1903 жылы Құмарық ауылдық округіне қарасты Қаракемер ауылында дүниеге келген. 1925 жылы Шал тауынан қоныс аударып, Қаракемер ауылындағы алғашқы үйдің тасын қалап, қоныстанған. Соғысқа дейін ауданға қарасты колхоздардың бірінде тракторшы болып қызмет еткен.
Құрымбай Амреев алғашында Фин соғысына 1940 жылы аттанады. Содан соң жауынгер Ұлы Отан соғысында жаумен бетпе-бет келіп, ұрыс алаңында ерекше ерлік көрсетіп, 1943 жылы ауылға аман-есен оралады. 1943-1972 жылдар аралығында бригадир болып қызмет етіп, зейнетке шыққан. Көңілге қаяу салатыны сол, қазіргі таңда аты аталған соғыс ардагері арамызда жоқ.
Бізде бар тағы бір дерекпен бөлісе кетейік. Құрымбай ақсақал Ұлы Жеңістің 20,30 жылдық мерейтойларында арнайы марапатталған. Сондай-ақ, В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай ерен еңбегі үшін берілген марапаты да бар. Бұл аз десеңіз, Құрымбай ақсақал 1964 жылы Мәскеуде өткен КСРО Халық Шаруашылығы Жетістіктер көрмесінің (ВДНХ СССР) қатысушысы атанған. Бұл сол сәтте екінің біріне бұйырмаған бақ шығар.
Қалай десек те, Құрымбай ақсақалдың өнегеге толы өмірі, майдан шебінде жасаған ерлігі кейінгі өскелең ұрпаққа жетуі тиіс. Сондықтан да біз бүгін ардагердің бүтін болмысын қайта еске алып, қалам тербеп отырмыз.

Ж.КЕҢЕС.

Поделиться ссылкой: