Ол өз еркімен соғысқа барған
Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 200 мың сарбаз аттанған екен. Соның ішінде 70 мыңнан астамы Жамбыл облысынан, ал ауданымыздан 6235 азамат Отан қорғауға аттанып, соның 3017-сі туған жерге аман-есен
оралған.
Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерліктің үлгісін көрсеткен ержүрек аталарымыздың есім-сойын біз ешқашан ұмытпаймыз. Себебі, олар майдан шебінде қазақ ұлтының батырлығы мен қайсарлығын көрсеткен нағыз есіл ерлер.
Журналистика саласында еңбек ете жүріп, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрыс даласындағы ерлігін сан мәрте газетке жаздық. Асаубай Сүлейменов, Жахан Мырзахметов, Ілияс Шажалиев, Мамыртай Қойбақов секілді аталарымыздан талай рет сұхбат та алған едік. Өкінішке орай, есімдері аталған аталарым бүгінде арамызда жоқ. Бақилық болған. Бірақ, олардың әрбір айтқан ақыл-кеңестері әлі күнге дейін жадымда. Мен оны ешқашан ұмытпаймын.
Журналист болған соң, оқисың, ізденесің. Мүмкіндік болып жатса, архив ақтарасың. Жақында 2010 жылы «Сенім» баспасынан жарық көрген «Зерде» деген кітап қолыма тиді. Оқып шықтым. Кітапты оқып отырып, Мұханбет Тұрманбетов жайлы жазылған дерекке ерекше назар аудардым. Мұханбет Тұрманбетов 1905 жылы дүниеге келген екен. Колхоздастыру жұмысына белсене атсалысқан. 1943 жылға дейін «Тельман» колхозында бригадир болып еңбек еткен. Мына деталь мені қайран қалдырды. Мұханбет Тұрманбетов 1943 жылы өз өтініші бойынша майданға аттанған екен. Майданда 108-ші атқыштар полкінде әскери қызметін атқарған. 1944 жылдың 12 маусымынан 1945 жылдың 9 мамырына дейін 121-ші атты әскер полкінде кавалерист болған. Соғысты Берлинде аяқтаған. Елге оралған соң, 1954 жылға дейін Қаракемер ауылдық кеңесінде төраға қызметін атқарған. 1954 жылдан бастап мал шаруашылығын басқару ісінде өнімді еңбек етіп, осы жұмыстан зейнеткерлікке шыққан.
Біз майдан шебіне өз өтінішімен аттанған қайтпас қайсар есіл ер Мұханбет Тұрманбетовтің ұлы Әнуарбек Тұрманбетовпен әңгімелескен едік. «Біз бес ағайындымыз. Ағаларымның есімдері Мәдуар, Керімхан, әпкелерімнің есімдері Әсілхан және Оразкүл. Мен үйдің кенжесімін. «Әкеңіз қандай адам еді?» деген сауал қойдың ғой жаңа. Мен ол сауалыңа: «Әкем шыншыл әрі адалдықтан айнымаған адамгершілігі мол адам болды» деген сөз айтар едім. Қарап отырсаң, өз өтінішімен соғысқа барғанының өзі ерлікке пара-пар іс емес пе? Қазір әскерден «қашып» жатқан жастарымыз аз емес. Жастарымызға әкемнің осы ерен ерлігі үлгі болса екен деймін» дейді Әнуарбек Мұханбетұлы.
Марат Диханбай.