Подполковник Мият

189 Views

Бейбіт Байсариев біздің газеттің тұрақты оқырманы. Аудандық «Құлан таңы» газетіне сан мәрте түйткілді тақырыптарды қозғап, мақалалар да жазған. Мына журналистер арасында «Жазудың адамын шенеуніктер түсінбесе де, жазуға икемі бар адам түсінеді» деген сөз бар. Жақында Бейбіт аға редакцияға хат жолдапты. Бейбіт аға газет-журнал дегенді қалт жібермей оқитын адам ғой. Жазуы қандай көркем десеңізші. Хатты оқып шықтым. Шыны керек, жазу мәнеріне тәнті болдым.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, сол хат мазмұнына қарап, жазатын кейіпкеріммен де тілдестім. Кейіпкерімнің есім-сойы – Байсариев Мият Бейбітұлы. Яғни, Бейбіт ағамның ұлы.
Мият Бейбітұлы 1975 жылдың 2 қаңтарында Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Шолаққайыңды ауылында дүниеге келген. Тереңөзек ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте білім алып, 1991 жылы Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп интернатында оқыған. 1993-1997 жылдар аралығында Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы Құрлықтағы әскерилер институтын тәмамдаған. 1997 жылы Алматыдағы 61993 әскери бөлімінде танк, взвод, рота бөлімінің командирі, 2002 жылы танк батальонының командирі, 2005 жылдан осы әскери бөлімде кадрлар және саптық бөлімнің аға офицері қызметтерін абыроймен атқарды. 2011 жылы Тараз қаласындағы 28903 әскери байланыс бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлығына тағайындалды. Әскери қызметтегі шені – подполковник. Қазір – зейнетте.
Мият Бейбітұлымен біз телефон арқылы сөйлестік. Нық сөйлейтін азамат екен. 4 ұл, 2 қызы бар. «Құдай қосқан жарым Ажар екеуіміз 6 перзент сүйдік. Төртеуі ұл, екеуі қыз бала. Медер, Медет, Талан, Бауыржан есімді ұлдарым, Аяжан және Аяулым есімді қыздарымыз бар. Шүкір деймін. Өзім әскери қызметте жұмыс істегендіктен, ұл-қыздарымның тәрбиесіне ерекше көңіл бөлемін» дейді зейнет жастағы подполковник Мият Бейбітұлы.
Біз де осы сәтті пайдаланып, «әскердегі әлімжеттік» мәселесін қозғаған едік. Кейіпкеріміз оған «Бәріміз де бала болдық. Әскери институтта оқыдық. Менің замандастарымның көбісі әскерге барды. Олар «дедовщинаны» көрген жоқ емес, көрді. Бірақ, шыдады. Жасыратыны жоқ, жастарымыз әскерге баруға «қорқады» қазір. Бірақ, ол – қате ұғым. Әскер баланы төзімділікке, ержүректілікке тәрбиелейді. Алдыңғы толқын ағалардан да сұрасаңыз болады ол жағын. Бүгінгі жастарға табандылық жетіспейді. Біздің кезімізде әскердің мерзімі – 2 жыл болатын. Қазір 1 жыл. Осы 1 жыл мерзімнің өзіне баруға жалтарады жастарымыз. Ананы-мынаны «сылтауратқандай» болады. «Әскерге барудан қашпаңдар» деп, өз басым балаларыма ұдайы айтып отырамын» дейді әскери қызметте антына адал болған Мият Бейбітұлы.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: