Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
23 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Ауданымыздың 85 жылдығына орай қазір ауылдық жерлерде көптеген іс-шаралар өтуде. Осы айтулы датамен байланыстырып, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жақсы бір бастаманы қолға алды. «Ауыл жобасы» деп аталатын көшпелі жылжымалы концерттік іс-шараның мазмұны да ерекше. Мұндай іс-шаралар міндетті түрде өтуі керек, біздіңше. Себебі, бүгінгінің «заманауи» жастары қарға тамырлы қазақтың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрін білуі тиіс. Оны бір деп қойыңыз. Содан соң мұндай шарада қайдағы жоқ сөзі түсініксіз, әулекі әндер емес, дәстүрлі әндерге басымдық берілетіні сөзсіз. Ол – өте дұрыс. Жастарымыз халық әндері мен қазақ халық композиторларының есті әндерін біліп, тыңдап өсуі керек. Саф алтындай асыл өнердің көкжиегін келер ұрпаққа түбінде солар дәріптейді. Менің қуанғаным, халық әндері мен қазақ халық композиторларының әндерін тыңдап, оны насихаттайтын ұрпақ жоқ емес, бар екен. Оны Тереңөзек ауылдық мәдениет үйінде өткен «Ауылым – алтын тұғырым» атты көшпелі жылжымалы концерттік іс-шарадан анық аңғардық.
Бұл іс-шараны тек Тереңөзек ауылының ғана емес, Әбжапар, Ақыртөбе, Жарлысу және Д.Қонаев ауылдық мәдениет үйінің жетекшілері бірлесіп, ұйымдастырды. Концерт басталмай тұрып, жиылған жұртшылық біз атаған мәдениет ошақтарының «Дәстүрді дәріптейік» тақырыбы аясында ұйымдастырылған көрінісін тамашалады. Сол көріністе жүн түту, ұршық иіру, тері сабау, келі түю, қымыз салу секілді ұлттық дәстүрлермен қоса асық ату, арқан тартыс сынды ұлттық ойындарымыз шынайы түрде көрсетілді. Келген қонақтарға ел ішіндегі қолөнер шеберлерінің бұйымдары да таныстырылды. Ұмыт болып бара жатқан «Ашамайға мінгізу» дәстүрін де осы жерден тамашаладық. Содан соң ауданымыздың 85 жылдығына арнап, әбжапарлық Жорабек Әбдікерімов арнау айтты. Жұрт ерекше құрмет көрсетіп, ілтипаттарын білдірді.
Одан кейін «Ауылым – алтын тұғырым» атты концерттік бағдарлама басталды. Концерттік шараның шымылдығын Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Қанат Смат пен ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Жолдасбек Қайнарбаев сөз сөйлеп, ашып берді.
Концерттен ерекше әсер алдық. «Айшуақ» бишілер тобының арулары «Әлқисса» биін билесе, «Домбыра» ансамблі халық күйі «Келіншек» пен Раздықтың күйі «Салкүреңді» нәшіне келтіріп орындады. Санжар Көпен ақын Бауыржан Шимерденұлының «Қалаға хат», ақын Хамит Есаман «Туған жер» өлеңін оқып, көпшіліктің ықыласына кенелді. Іс-шара Тереңөзекте өтіп жатқан соң, композитор, дирижёр, маэстро Нұрлан Байгөзовтің әні шырқалмай қалса, әбестік болар еді. Атақты композитордың «Тереңөзек вальсі» әні шырқалды. Мелодиясы мен сөзі келіскен тамаша ән. Мэлс Өзбековтің «Жазылбекшілер маршы», «Келші айым» әндерін хор және фольклорлық ансамбль керемет орындады. Фольклорлық ансамбль халық әні «Бес қопаны» да ерекше шырқады. «Тұрар – мәңгілік тұлға» атты «Қызыл жебе» романының желісі бойынша қойылған сахналық көрініс те жүректі тебірентті. Әуесхан Салабековтің «Ауылым – алтын бесігім», Бауыржан Рахымбековтің «Ауылға барам» әндерін Жалғас Айтқұлов, Сейдолла Бәйтерековтің «Сарыарқа» әнін Жәния Амангелді шырқаған сәтте нағыз таланттардың ауылдан шығатынын көзбен көрдік. Екеуінің де дауыс диапазондары алты қырдан асады. Өз басым тәнті болдым. «Әжелер» ансамблі халық әндерінен попури айтса, ақыртөбелік Адинай Паралиева «Бір шәугім шай» әнін келісті орындады. Концерт соңы Ескендір Хасанғалиевтің «Жасай бер, Қазақ» әнімен түйінделді. Оны шырқаған Күләш Қобдикова мен Гүлмарал Қорабаева.
Концерт соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев, Д.Қонаев ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Есен Бекенов сөз сөйлеп, іс-шараның жоғары деңгейде өткендігін атап өтті.
Бетті дайындаған Марат Диханбай.