Ер есімі – ел есінде!

377 Views

Смаилов Төлен 1923 жылы Луговой ауданы, Еңбекші колхозында дүниеге келген. Жастайынан ауылшаруашылық артельдерін құруға тікелей араласып, 1934 жылдан бастап осы ауылда бастауыш мектепте оқып, 1941 жылдың 15 қыркүйегінде 18 жасында өз еркімен Отанын қорғауға аттанған.
Соғысты Белорусь майданынан бастап, гвардиялық дивизия құрамында қатардағы жауынгер сапынан пуле­метші, взвод командирінің орынбасары ретінде 73-гвардиялық дивизия, 209-атқыштар полкінде генерал-полковник, Кеңес Одағының батыры М.С. Шумилов басқарған дивизияның сапын­да Сталинград-Дунай, Курск шай­қастарына қатысып, бүкіл Еуропа елдерін азат етуде Берлин қаласы мен Эльба шайқастарында арнайы опе­ра­ция құра­мында болып, қаншама отбасына қайғы-қа­сірет алып келген жауды жеңіп, еліне 1945 жылы қазан айында же­ңіспен оралған.
Соғыс жылдары көр­сеткен ер­лігі мен қай­сарлығы үшін – Жоғарғы СССР қол­бас­шысының, Жоғарғы Ке­ңес Президиумының жар­лық­тарымен екі дүркін ІІ дәре­желі, кейіннен І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, одан кейін «Қызыл Жұлдыз», «Ерлігі үшін» орденімен, «Ста­линград, Белорусь қала­ларын босатуы үшін», «Бер­линді алуға қатысты батырлық ша­буылға қатысқаны үшін», «Ұлы Отан соғысы 1941-1945 жылдары Германияны жеңу» медаль­дарымен наградталған. Ке­ңес Одағы Жоғарғы Қарулы күшінің қолбасшысы И.В.Сталиннің 2 рет «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Осы төрт жылға созылған соғыс шайқастарында гвардия аға сержанты Төлен Смаилов 5 рет ауыр, 7 рет жеңіл жарақаттанған.
Елге оралған соң Луговой аудандық мәдениет саласында қызмет етіп, 1946-1948 жылдары «Еңбекші» колхоз басқармасы төрағасының орынбасары, 1950-1952 жылдары «Большевик» колхо­зы төрағасының орынбасары, 1952 жылдан 1958 жылдарға дейін Луговой ауданының «Көкарық», «Еңбекші», «Өрнек», «Қызыл Ту» колхоздарында колхоз төрағасы болып, 1960 жылдары Калинин колхозында парторг, аудандық партия ұйымы хатшысына дейін қызмет істеген. Бері келе денсаулығына байланысты 1960 жылдан «Ленин», «Восток» колхоздарында басқарушы (управляющий), «Абай» колхозының бас зоотехнигі болды. 1969-1972 жылдары Луговой аудандық партия ұйымының шешімімен Мерке өнеркәсіптік басқармасының Луговой аудандық бөлімінде қызмет істеп, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Кейіннен соғыстан қалған жарақаттары асқынып, денсаулығының нашарлауына бай­ланысты зейнетке шыққан.
Соғыстан кейін ерен еңбектері үшін 1956 жылы СССР Жоғарғы Прези­диумының Жарлығымен «Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің» қола медалімен, 1957 жылы «Подгорный» совхозы тың игеру ісіне белсене қатысып, басшылық қызметін атқарғаны үшін «Тың жерді игеру үшін» медалімен, 1958 жылы белсенді еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.
Төлен Смаилов елі үшін, халқы үшін, Отан үшін еселі еңбек етіп, артында қалған балаларына қажымас үлгі-өнеге көрсетіп, Жоғарғы СССР, Қазақстан ССР-ы, үлкен дәрежелі марапаттарға ие болып, халық алдында таза, абыроймен еңбек етіп, шынайы патриоттық сезіммен 13 жылға ұзақ созылған науқас зардабынан 1993 жылы туған жері «Еңбекші» ауылында қайтыс болды.
2000 жылы Ұлы Жеңіске 55 жыл толуына орай, Тұрар Рысқұлов аудандық ономастикалық комис­сиясының шеші­мімен, Төлен Смаиловтың ерлігі ескеріліп, Құлан ауылының ортасынан есімі көшеге берілді.
Төлен Смаиловтың жұбайы Ұлбике апамыз І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» медалімен марапатталған. 9 баланың анасы. 2003 жылы қайтыс болды.
Биыл Төлен Смаилов атамыздың туылғанына – 100 жыл. Осыған орай аудандық әкімшілік пен Құлан ауылы әкімінің және қоғамдық ұйымдардың тікелей қолдауымен өз атына қойылған көшеге Жеңіс күніне орай ескерткіш тақта орнатылып, бір минуттық тыныш­тық жарияланды. Осы ашылу рәсімінде Ұлы Отан соғысы ардагерінің баласы, Казақстан Республикасы ІІМ-нің Құрметті ардагері, Жамбыл об­лы­сы Халықаралық полиция Қауым­дастығының директоры, отставкадағы полиция полковнигі Өрнек­бай Смаилов осы іс-шараға үлес қосып атсалысқан жерлестеріне, Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповке, орынбасары Ерғазы Еспеновке, Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаровқа алғысын білдірді.
Төлен Смаилов секілді ерлік­тері мен ерен еңбектері елдің есінде қалған ержүрек батырларды біз тек Жеңіс мерекесінде ғана емес, күнделікті өмірде де үлгі-өнеге ретінде дәріптеуіміз керек. Сондықтан біз осындай есіл ерлерді құр­меттеп, аттарын өшірмей, әрдайым еске алып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыруымызды парыз деп санаймыз. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Бұл сөз бе­кер айтылмаған сияқты. Ата-бабала­ры­мыздан қалған әрбір сөз, ниет, олардың баталары – біз үшін өнегелі өсиет, олардың артында қалдырған үлгі-өнегесі еш уақытта ұмытылмау керек. Ер есімі – ел есінде!

Мұратбек ӨМІРЗАҚОВ.

Поделиться ссылкой: