Сенбілік жұмыстарына қатысты
35 ViewsАуданда сенбілік жұмыстары жалғасуда. Өткен сенбіде аудан әкімі Ернар Есіркепов Құлан ауылының шығыс бөлігінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер маңында тұрғындармен бірге тазалық жұмыстарына қатысты.…
Өздеріңізге белгілі, «Құлан таңының» журналистері ауданымыздың мерейтойы қарсаңында газет бетінде жаңа айдар ашқан болатын. Ондағы мақсатымыз – біріншіден, әр ауылдық округтердің қалыптасу тарихын зерделеу болса, екіншіден, еңбегімен еленген абыройлы ауыл азаматтарының өнегелі өмірін жас ұрпаққа дәріптеу еді. Бұл бастамамыз оқырманның көңілінен шыққан болуы керек, редакцияға телефон соғып, алғыс жаудырып жатқан жанашыр жандардың қатары өте көп. Жалпы, жылы сөз журналистерге шабыт сыйлайды емес пе? Осындайда заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қыза жаз, қызыға жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз» деген ұлағатты сөзі еске түседі. Жуырда әріптесім Салтанат Қарасаймен бірге Ақыртөбе, Тереңөзек және Қайыңды ауылдық округіне барған едік. Ойы жүйрік, сөзі өткір Сәкеңнің материалы газетіміздің өткен сандарында жарық көрді. Ендігі кезек бізге тиесілі. Ақыртөбе ауылдық округі жайлы жазылған мақалалар топтамасын газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар. Бүгін біз Қайыңды ауылдық округінің тарихы жайлы сөз қозғамақпыз.
Шыны керек, Қайыңды ауылына бұл бірінші рет келуіміз емес. Алғаш «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты облыстық байқауға аудан атынан сынға түсуге жолдама алған Әбсамат аға жайлы сюжет түсіруге барғанда ауыл тіршілігімен танысқан едім. Былтыр қайыңдылықтар таза ауыз суға қол жеткізді. Сонда екінші рет жолым түсті бұл ауылға. Үшіншінің жөні белгілі. Негізгі тақырыбымыз жоғарыда сөз еткен торқалы той төңірегінде әрине. Осы орайда, мына нәрсені де назарға алғанымыз жөн болар. Ауыл әкімі Азамат Асанбай еңбек демалысында болса да, бірауыз сөзімізді екі еткен жоқ. Өзінің Жасұлан есімді көлік жүргізушісіне барлығын түсіндірген екен. Алдымен әкімшілік мамандарымен кездескім келетінін айтқанымда, Жасұлан аға мені Нұрлан Сералиев есімді азаматқа апарды. Бас маман әкімшілік қызметкерлерімен бірге ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мейірқұл Іскендіров пен ауылға сыйлы қария Әбділдә Нұржановты шақыртып қойыпты. Шіркін, әр ауылда осындай ақсақалдарымыз болса ғой. Сөздері қандай керемет. Бірінші болып Мейірқұл ата сөз сөйледі. – Қарағым айналайын, «Қайыңды сай» ауылымыздың ең алғашқы атауы. Суы мол әрі жағасы қайыңға толы болғандықтан осылай болған болуы керек. Бұған дәйектер де жеткілікті. Мәселен, өзінің «Байзақ датқа» деген кітабында Б.Әбілдәұлы әйгілі Байзақтың Қайыңдыдан канал қазып, су тартқанын жазады. Ал кейіннен ауыл атауы «Әйтімбет Қайыңды» деп аталған. Бұның да өзіндік тарихы бар. Менің естуімше, Әйтімбет ауылға белгілі тұлға болған. Ауыл жұртшылығына тигізген шапағаты көп деседі. Оның осы қасиетін ұлықтап, жергілікті жамағат ауылды тұғырлы тұлғаның есімімен атаған деген әпсана бар,-дейді Мейірқұл ақсақал. Осы кезде Әбділдә қарияны да сөзге тартып көрдік.
– Мейірқұлдың айтқанының бәрі ақиқат. Мен алдымен мына мәселеге тоқталып өтейін. Құдайға шүкір, ауылымызда бәрі бар. Мектебіміз мен мәдениет үйіміздің келбеті келіскен. Газ жағып отырмыз. Ауыз су басты проблемамыз еді, ол да өз шешімін тауып отыр. Аудан әкімі Асқар Қырықбаевқа рахмет. Еңбегі еселене берсін. Келесі кезекте дәрігерлік амбулаториямызға күрделі жөндеу жұмыстары мен балабақша салу мәселесі қолға алынса тіптен жақсы болар еді. Енді манағы тақырыпқа оралайын. 1950 жылы шағын колхоздарды біріктіру жөнінде орталық партия комитетінің қаулысы шығыпты. Сөйтіп, «Мамай-Қайыңды», «Қайыңды », «Алғабас» кеңшарлары бірігіп, «Амангелді» колхозы құрылған. Жорабек Төлбаев осы колхоздың алғашқы бастығы болды. 1957 жылы кеңшар атауы «Мақпал мал бордақылау совхозы» болып өзгертілген,-дейді ауылдың қазыналы қариясы. «Еңбек Қызыл Ту» орденін иеленген Бектенбай Қойшымановтың есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс деп білеміз. Бектенбай ақсақалдың Қайыңдыда да өзіндік қолтаңбасы қалған екен. Яғни, ол 1965 жылы «Мақпал мал бордақылау совхозының» басшысы болып тағайындалыпты. Райымбек Смайылов атындағы шағын орталықты орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жомарт Ибраимов қолымызға ұстатқан Жорабек Төлбаевтың үшбу хатын оқып отырсақ, сол кездегі совхоздың хал-ахуалын Бектенбай Қойшыманов өз естелігінде «1965 жылдың 17 тамызында Мақпал кеңшары на барып жұмысқа кірістім. Алдында ғана бірнеше адамдары сотталған. Өндірістік базасы өте нашар. Мемлекетке белшесінен қарыздар еді.» деп жазыпты. Негізінен, Қайыңдыдағы мектептің іргесін қалаған да Бектенбай Қойшыманов екен. Білуімізше, Қызылшаруа ауылындағы білім ошағының негізін салған да осы кісі. Сұхбат барысында Мейірқұл ата мен Әбділдә ақсақал Бектенбай Қойшымановтың өнегелі еңбегін жас ұрпақ ұмытпаса игі еді деген ұсыныстарын жеткізді.
Әлемге әйгілі жазушы Эрнест Хэмунгуэй «Мақсатқа жетудің жақын жолы – ұзақ уақыт ойлау емес, дер кезінде орындау» депті. Қайыңды ауылдық округіне қарасты Алғабас елдімекенінде тұратын «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Әділбек Ережепбаевпен болған әңгіме үстінде осы сөзді ойға алдым. Әділбек ата «Мақпал мал бордақылу совхозында» тракторшы болып жұмыс істеген. Кейіннен бөлімше бригадирі болған. Мені таңғалдырғаны – 76 жастағы ақсақал әлі күнге дейін еңбектен қол үзбепті. Оның картоп қазып жатқан көрінісін көріп, бас шайқадық Өзі «Мен қол қусырып қарап отыратын адамдардың қатарынан емеспін» дейді сәл ғана жымиып.
– Мен Әдекеңе 17 жасымда тұрмысқа шықтым. 6 қыз, 2 ұл сүйдік. Бүгінде тұлымынан жетілдіріп өсірген ұл мен қыздан 14 немере, 4 шөбере бар. Жуырда мынадай өлең шумақтарын тыңдадым жарқыным. Сөзін ақын Шымберген Сүлейменов баламыз жазыпты. «Ауылға сағыныш» деген өлеңнің соңы былай аяқталады.
Ауылдан көшсе көш-керуен,
Қаладан өрлеп өспейді.
Ауылдан адам көшкенмен,
Адамнан ауыл көшпейді. Меніңше, осы ұйқаста терең мән-мағына жатыр, — дейді ақсақалдың зайыбы Күләш апамыз. Ал өз кезегінде Әділбек ата елімізде әрқашан тыныштық болсын деген ақжарма тілегін жеткізді.
Дана қазақта «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген қанатты сөз бар. Жастайынан қызу еңбекке араласып, кеңшарға сыйлы болған жандардың қатары Қайыңдыда аз емес. Мысалы, атақты шопан Сүгірәлі Сәрсенбаев қытымыр қыстың қатқыл аязында қойды тегіс жазыққа жаймай, тау беткейіне баққан екен. Әбділдә қарияның сөзінше, сонда шопан бір қойды да түз тағысына алдырмапты. Неткен батылдық десеңізші. Кешке дейін интернетке телміріп, ұялы телефоннан көз алмайтын жастарымызға Сүгірәлі атамыздың осы бір ерлігі үлгі-өнеге болса ғой. Бүгінгінің жас буыны осындай қадамға бара алар ма еді? Әй қайдам…
Жарқын Жадыраев, Құрамыс Өмірәлиев, Кеңес Садуанов, Әзімбай Сармасов, Төлеген Бахрамов, Бүбіжар Досжанова, Тоқтакүл Сәрсенбаева, Несіпбала Медерқұлова, Сара Абауова сынды ата-апаларымыздың да есімдері жұрт есінде. Жалпы, Қайыңды ауылдық округінен 7 бірдей азамат «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталыпты.
Марат ДИХАНБАЙ, арнайы
“Құлан таңы” үшін Қайыңды
ауылдық округінен.