Еленем десең, елге жақ…
Ел Президентінің №826 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Ернар Есіркепов сәрсенбі күні Көгершін және Көкдөнен ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Әуелгі кездесу Көгершін ауылында өтті. Бұл ауылда мәдениет ошағы енді салынып жатыр. Таяуда пайдалануға берілмек. Сондықтан бұндай жиналыстар ауылдағы Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің акт залында өтеді. Әуелден солай ол. Осы жолы да солай болды.
Аудан әкімі Ернар Есіркепов ауданда іске асырылып жатқан толайым тірліктерді қағазға көз тастамай-ақ жіпке тізіп айтып берді. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, инвестиция, денсаулық, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт салаларында қандай жұмыстар атқарылып жатыр, соның барлығын аудан басшысы халыққа рет-ретімен баяндады. Алғаш облыста тұрғындардың табысын арттыру мақсатында қолға алынған пилоттық жоба, қазір оның атауы өзгертілген, яғни «Ауыл аманаты» деп аталатын зор бағдарламаның игілігін биыл көгершіндіктер көргелі тұр. Одан бөлек, бұл ауылда жоғарыда тілге тиек еттік, жаңа 90 орындық мәдениет ошағы мен жастарды бұқаралық спортқа тарту мақсатында спорт кешені салынып жатыр. Мәдениет үйімен бірге спорт кешені де жуық арада пайдалануға беріледі. Осындай ілкімді істердің барлығын аудан басшысы кездесуде айтты. Алайда, бұл осымен Көгершінде проблема жоқ дегенді білдірмейді. Жасырып керегі не, ауыз судан проблема бар Көгершінде.
Жауын-шашын болғанда тұрғындар тұтынатын ауыз судың қандай боларын көзбен көретін шенеунік табылсашы, шіркін! Әсіресе, жаз айында Абай, Тұрар Рысқұлов, С.Тәуірқұлов көшелерінің тұрғындары ауыз судың «азабын» тартады. Шілденің шіліңгір ыстығында тіпті су ақпай қалады. Сондай кезде суды тасып ішеді тұрғындар. Шіркін, осы Көгершінге су іркуіш имараты қайта салынса… Тұрғындар разы болып қалар еді. Өзге ауылдар секілді Көгершінде де жайылым мәселесінде проблема жетерлік. Осыдан бірер жыл бұрын ғана салынған дәрігерлік амбулаторияда бөлме аз. Келетін емделуші көп дегендей. Қайткенменде Көгершін «кішігірім» елді мекен емес қой. Абсент шыққан, кезінде атағы жер жаһанға жеткен үлкен ауыл. Сондықтан бұл ауылда көлемі үлкен, келісті медпункттің болғаны құптарлық жағдай. Дәрігерлік амбулаторияның мәселесі реттелген көрінеді. Алдағы уақытта Көгершіндегі дәрігерлік амбулаторияға жапсарласып, тағы да бөлмелер салынатын көрінеді.
Содан соң дәл осындай кездесу Көкдөнен ауылдық округіне қарасты Жақсылық ауылында өтті. Бұл ауылда да мәдениет ошағы жоқ. Сондықтан кездесу Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектепте өтті. Бұл жақта да біз көргелі солай. Өйткені, жиналыс өткізетін мәдениет үйі жоқ.
Аудан әкімі Ернар Есіркепов мұнда да атқарылып жатқан барлық жүйелі жұмыстарды айтып берді. Халық риза әкімге. Енді Жақсылық ауылында газ бар, ауыз су бар, жаңа дәрігерлік амбулатория салынды былтыр, шағын футбол алаңы бар. Дегенмен жарыссөзде ортаға шығып сөз сөйлеген ардагер ұстаз Әнуарбек Тұрманбетов «Көгершін ауылында салынып жатқан спорт кешені секілді жастарды спортқа баулитын нысан біздің Жақсылық ауылына да салынса?..» дейді. Ол одан өзге осы кездесу өткен мектеп ғимаратының жөндеу көрмегеніне 20 жыл болғанын айтты. Тау аңғарынан келетін ағын судың да мәселесін сөз етті ол. Одан кейін сөз сөйлеген Көкдөнен ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Кәрбоз Ағыбаев та ауылдағы мектептің, тау аңғарынан келетін ағын судың, жақын арада ауыз судың да құрылғысы істен шығып, халық әбден теперіш көргенін айтты.
Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттар жасалған. Қазір экспертиза қарауында. Қолдау тапса, келесі жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі бек мүмкін. Көкдөнен ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің мәселесі де дәл осындай. Яғни, ол да экспертиза қарауында. Су тапшылығы қазір тек біздің ауданда ғана емес, барлық аймақтарда сезілуде. Ал канал салу қыруар қаражатты талап етеді. Ауданда «Шөңгер» және «Қарақыстақ» тау бөктеріне су қоймасын салу жоспарда бар. Ол бойынша тиісті жұмыстар да атқарылып жатыр. Алдағы уақытта тау аңғарынан келетін судың мәселесі осылай реттелмек. Бұдан өзге де тұрғындар қойған барлық сауалдарды Ернар Серікәліұлы мұқият тыңдап, рет-ретімен оларға дәйекті мысалдармен жауап берді.
Марат Диханбай.