Туған өлке – тұнған шежіре

197 Views

Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатовтың «Бір халық өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген сөзі бар. Біздіңше, қысқа әрі нақты айтылған сөз. Бұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, сөз зергері, жазушы Әбіш Кекілбаев «Жалпы түгел тәуекелге мінбей тұрып, жалқы ештеңе бітіре алмайды. Қарапайым ел деген болмайды. Жеріне, суына, тіліне, дініне, тарихына, тағдырына ие халық деген болады. Тек сондай халық қана есерін түзеп, еріне медет бола алады» деген екен. Тектілер тізбектеген тіркестерден қазіргі қоғамды ұғып-түсіну үшін және де кемел келешектің келбетін көзге елестету үшін де кешегі өткен кезеңдерді ой елегінен өткізіп, артта қалған сан ғасырларға ұдайы зер салып отырғанымыз абзал. Бұл қадам өткеніңді ұмытпай, ата-баба дәстірін қайта жаңғыртуға, туған өлкеңнің бай шежіресімен терең танысуға мүмкіндіктер сыйлайды.
Дәл осындай мүмкіндікке біз апта басында ие болдық. Аудандық білім бөліміне қарасты Тұрардай тау тұлғаның есім-сойын иемденген мектеп-лицей оқу жылының аяқталуына қарамастан, бекітілген бас жоспарға сәйкес, «Туған өлке – тұнған шежіре» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Аталмыш іс-шараға қонақ ретінде журналист, жазушы, ақын, ҚР Журналистер одағы сыйлығының иегері, Тұрар Рысқұлов ауданының «Құрметті азаматы» Сейсен Шәмінұлы Қожеке келіп, қатысты. Сондай-ақ, шақырылған қонақтар арасында аудандық білім бөлімінің әдістемелік бөлме меңгерушісі Гүлмираш Қырықбаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлнұр Жамалбекова, аудандық тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Эльдар Утембаев және аудандық білім бөліміне қарасты мектептерде тарих пәнінен дәріс беретін мұғалімдер қатысты.
Шарапаты мол іс-шара мек­теп оқушыларынан құралған домбыра­шылардың әсем күйімен бастау алды. Әсіресе, қазақтың қара домбырасын серік еткен қыз-жігіттер орындаған Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әні» атты туындысын ұстаздар қосыла орындады. Одан соң аудандық мұражайдың қызметкері Бауыржан Толыбаев музейде тұрған жәдігерлерді мектепке арнайы алып келгенін айтып, тарихи жәдігерлерді тереңінен таныстырды. Ізінен салтанатты іс-шара да басталып, шымылдығын мектеп директоры Ербол Қайпұлдаев ашып берді. Шараның мақсат-міндетін толық түсіндіріп берген басшы дөңгелек үстелге қатысушыларға сәттілік тіледі. Әдістемелік бөлме меңгерушісі Гүлмираш Қырықбаева да өз сөзінде шараның ұйымдастырылуына мектеп ұжымы мен басшылығы ұйытқы болғандығын айта келе, дәл осындай жиындар әр аймақта өткізілуі керектігін алға тартты.
Расымен де аталмыш аудандық іс-шараға Сейсен Шәмінұлының келіп-қатысуы дөңгелек үстелдің сәнін де, мәнін де келтірді. Құрметті қонақ «Құлан – қасиетті де киелі мекен» тақырыбында ой қозғап, тарих мұғалімдеріне көптеген деректер мен дәйектерді келтірді. Ал аталған мектептің мұғалімдері Талап Садықбеков пен Нұрболат Аманжол «Тортай би – тағылымды тағдыр иесі» және «Ойранды жерінде сақталған ғасырлар шындығы» атты тақырыпта оябы бөлек баяндама жасады. Айта кетейік, қос баяндамашының жинақтаған материалында тың деректер көптеп айтылды.
Дөңгелек үстел Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицей директорының ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Алмас Даргановтың «Еркін микрофон» кезеңіне ұласты. Онда келген қонақтар, тарихшылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-тілектерімен бөлісті. Шара қорытындысына сәйкес аталмыш бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта өзге де аймақтарда өз жалғасын табатын болды.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: