Сарып (бруцеллез) ауруының алдын алу

295 Views

Сарып (бруцеллез) ауруының алдын алу

Ауданымызда 2022 жылы сарып ауруымен ауыратындығы зертханалық жолмен дәлелденген 13 науқас тіркелді. Барлық ошақтарға індетке қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізу туралы қаулылар беріліп, орындалуы тексерілді. Эпидемиологиялық тексеру мәліметі бойынша, 11 науқас індетті ауыл шаруашылық малдарын күтіп баққанда жұқтырғаны анықталды, ал 2-і ауру малдың ет, сүт өнімдерін пайдаланғанда жұқтырған. Адамдарға сарып ауруының жұғу себептері, мал шаруашылығында жұмыс істейтіндердің тазалық шараларын жетік білмеуінен, малдармен жұмыс істейтіндер үшін қолайлы жағдайдың жасалмауынан, малмен жұмыс істейтін азаматтардың, осы жұмысқа уақытша қамтылатындардың санитариялық-гигиеналық ережелерді сақтамауынан болып келеді. Ауру жұқтырғаннан аурудың бірінші белгілері білінгенше 1-3 апта, кейде бірнеше ай өтеді. Ауру біртіндеп басталады. Қызу 37°-тан 39-40°-қа дейін көтеріліп, 3-7 күн адам қалтырап, дірілдейді. Сонымен қатар, лимфа түйіндері ұлғаяды. Бұлшық ет және буындары ауырады. Созылмалы бруцеллез белсенді және белсенді емес болуы мүмкін. Белсенді түрінде қалыпты жағдайдағы адамда аздап қызуы көтеріледі. Аурудың жағдайы ауру белгілері байқалғанда күрт төмендейді. Бұндай жағдайда сүйену-қозғалу аппараты зақымданады, соның нәтижесінде, бірнеше буын, негізінде ірі буындар және омыртқа (бел-сегізкөз). қозғалысы шектеліп, ауырсынып жүреді. Жүйке жүйесі, (радикулит), жыныстық жүйе бұзылады (еркектерде белсіздік, әйелдерде бедеулік).
Бруцеллездің алдын алу – ауылшаруашылығы малдарының бруцеллезімен күресу және оларды күтіп-баптаудың ережелерін сақтау. Міндетті алдын алу шараларының бірі тамақты залалсыздандыру: ет, сүтті қайнату, дайын ешкі ірімшігін 2 ай, қатты ірімшікті 3 ай ғана ұстау.
Мал ұстайтын қора – жай көңнен, түсік қалдықтарынан тазаланып, залалсыздандырылуы керек. Барлық жеке шаруашылығындағы мал күтетін адамдар жеке бас тазалығын сақтап және жылына 1 рет алдын алу тексеруден өтулері керек.

К.Кабираева,
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының жетекші маманы.

Поделиться ссылкой: