860 Views
Ең алғашқы генерал
Файзин ҚЫПШАҚБАЕВ 1918 жылы
дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Ішкі істер органында қызмет етіп, облыстық ішкі істер басқармасын 9 жыл басқарған. Екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен, Кеңестер одағы ішкі істер министрлігінің «Еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Есімі Кеңестер Одағы ішкі істер министрлігінің «Құрмет» кітабына енгізілген.
Файзин Қыпшақбаев – облысымыздағы ең алғашқы милиция генерал-майоры.
Тұңғыш төраға
Сейдуәлі ДАУЫЛБАЕВ – Қорағатының іргетасын қалаған жандардың бірі. Өзі Жарлысудың тумасы болғанымен, аталмыш ауылдың өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсаған. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруде мол табысқа кенелгені үшін оған 1949 жылы «Ленин» ордені берілген. Бұл марапатты Сейдуәлі ақсақал Қорағатының Ленин атындағы асыл тұқымды қой совхозының құрамдас бөлігі болған кезінде алған. Сондай-ақ, ол ауыл жылнамасының тарихында ауылдық кеңесті басқарған тұңғыш төраға болып жұрт есінде қалды. Бүгінгі таңда Қорағаты ауылында зейнет жасына шыққанша осы қызметті абыроймен атқарған еңбек ардагері Сейдуәлі Дауылбаевтың есімімен аталатын көше бар.
Абсентті дайындаған атбегі
Атақты сәйгүлік Абсентті баптаған жарқын жүзді тұлға Молдаш Әміреевтің ұлы Қанат Молдашұлынан сұхбат алған кезімде көптеген мағлұматқа көз жеткізген едім. Мына суретті Қанат мырзадан сол кезде алдым. Абсент – 1958 жылы Батыс Германияда өткен Еуропа чемпионатында Рим олимпиадасына қатысуға жолдама ұтып алған. Артынша араға екі жыл салып, Сергей Филатов есімді спортшы тізгіндеген әйгілі тұлпар Рим шаһарында топ жарды. Сондай-ақ, 1964 және 1968 жылы Токио мен Мехико қаласында өткен Олимпиада ойындарында Абсенттің қола жүлде еншілегенін барша отандастарымыз жақсы біледі. «Абсент – Олимпиада чемпионы болып, әлемді мойындатқан қазақтың жалғыз тұлпары. Егер Абсентке құлынынан қарап, үлкен спортқа баулыған қазақ жігіттері жарысқа барғанда жануар әлем тарихында үш бірдей Олимпиада чемпионы болар еді». Сәйгүлікті құлын кезінде баптаған Молдаш ақсақал көзі тірісінде осылай деп айтқан екен.
Халық ағарту ісінің ардагері
Үрқыз ТӘУКЕБАЕВА 1920 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген. 1946 жылы Жамбыл облысы, Луговой ауданына қоныс аударған. 1946 жылдан 1980 жылға дейін Луговой ауданына қарасты Бірлес 8 жылдық мектебінде және Алғабас ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы 8 жылдық мектебінде директор қызметін атқарды.
Үрқыз Тәукебаева – Луговой ауданы бойынша қазақ әйелдері арасындағы ең алғашқы әйел директор. 2011 жылдың 21 желтоқсаны күнгі аудан әкімінің шешімі бойынша Тұрар Рысқұлов ауданының “Құрметті азаматы” атағына ие болды. Биыл 95 жасқа толған Үрқыз апа – 4 ұл, 4 қыз өсіріп, олардан 19 немере, 14 шөбере сүйіп отырған аяулы ана, бақытты әже. 2010 жылы
26 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы
бойынша “Алтын алқамен”
марапатталды.
Өткен ғасыр еншісіндегі нысандар
Луговой станциясында салынған алғашқы құрылыс нысанының бірі – Смат Есімов көшесіндегі № 27 үй. 1920-1922 жылдары Түрксіб теміржолын салу кезеңінде бой көтерген құрылыс кешенінде дәл қазіргі таңда дәріхана орналасқан. Дегенмен, күйдірілген кірпіштен қаланған мына көріністегі ғи марат сол кезеңдегі Луговой станциясындағы сәулетті тұрғын үйлердің жарқын үлгісі болып есептеледі. Нысанның шатыры периметрі бойымен кең шығыңқылы және вальмолы ризалиттердегі қиылыстары ағаштармен ұстатылған. Ризалиттердің фронтондарында трапеция тұрпатты терезелер бар. Ішкі жобасы кейінгі құрылыс жұмыстарына байланысты өзгерген. Алғашқыда онда әрқайсысының жеке есіктері бар 4 пәтер болған. Аудан орталығы саналатын Құлан ауылдық округіндегі осы бір ғимарат бұрын қалай аталғанын білесіз бе?
Күйдірілген кірпіштен тұрғызылған бұл тарихи нысан 1904 жылы бір сыныптық білім ошағы болып бой көтерген. Аудан тарихындағы тұңғыш мектеп болып саналады. Аумақтық-архитектік негізінде «кірпіш» стилі элементтері мен пішіндері қолданылған бір сыныптық ауыл мектебінің типтік жобасы жатыр. 2011 жылы ескерткіштер Жинағы экспедициясы (С.Пәрменқұл, Ш.Құдабаев) зерттеп, құралмен жоспарын жасап, координаттарын алған. Жобасында тікбұрышты болып келген аумақтың шатыры екі еңісті. Негізгі сыртқы көрінісі симметриялы, орталық терезесі онша үлкен емес ризалитпен ерекшеленген. Терезе тесіктері сәулелі белдемшелі және ортасы сына құлыпты. Сыртқы көріністерінің лаконикалық декоры қабырғашықтар жолағымен, карнизі мен терезе асты «сухариктермен» толықтырылған. Бүйір көріністерінің фронтондарында жапсарлас 2 терезе бар. Мектептің іші көлденең дәлізбен оқу және шаруашылық бөліктеріне бөлінген. Ас үй мен асханадан тұратын шаруашылық бөліктің бұрын құрылыстың бүйірінен кіретін есігі болған екен.
Ал бүгінде бұл нысан аудандық тарихи өлкетану музейіне айналып, оны Есназар Құрымбаев басқарып отыр
Беттегі материалдарды әзірлеген
Марат ДИХАНБАЙ,
Салтанат ҚАРАСАЙ.
Поделиться ссылкой: