Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Республикалық «Жас Алаш» газетінде жарияланған Ерзия Ерсұңқар деген азаматтың «Топырақты өлімді торқалы той ету кімге керек» деген және аудандық «Құлан таңы» газетінде жарияланған аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Жадыраевтың «Ысырапшылық ырысты алшақтатады» деген мақаласын оқығаннан кейін қолға қалам алып, өз ойымды білдіруді азаматтық борышым деп есептедім. Дәл осы екі азаматтың қозғаған тақырыбына байланысты менде облыстық, аудандық газеттерге бірнеше мақала жазған едім. Онда көтерілген мәселелер мынандай еді.
Қаза болған үйде қазан көтерілмей, ол үйді әбігерге салмау. Біздің ата-бабаларымыз ол үйдің қазанын есік алдына төңкеріп қоятын. Еншісі бөлінбеген кез келген құдайы қонақ төңкерілген қазанды көрген соң, ол үйге тоқтамай басқа үйге түскен. Бауыржан Момышұлы ағамыздың «Ұшқан ұя» кітабының 409 бетінде былай деп жазылған. Яғни, Қызтумас әжесі қайтыс болғанда: «Үйімізде қазан көтерілмей, келгендер көршілердің әкелген тамағынан дәм татты». Міне, біздің қазақтың ежелгі салты. Ал қазір ше? Марқұмның жамбасы жерге тимей жатып, бір мал сойып ауыл адамдарына «қонақасы» береді. «Қонақасы» деген сырттан келген құдайы қонаққа берілетін ас емес пе? Мұқағали Мақатаевтың «Бөлінбеген еншім даяр екі інім, желбіретіп жетіп келсе тұлымсың» – деген өлеңін еске алайық. Қазіргідей зуылдап жатқан көлік жоқ кезде апталап, айлап мал іздеген, жекжат аралаған қазақ кез келген ауылға, кез келген үйге «құдайы қонақпын» деп келген. Сол жолаушыға қонақасын беріп, үйге қондырып, ат көлігіне жем-шөп салып, ертеңіне аттандырып салу қазақтың жазылмаған заңы еді.
Әрбір халықтың осындай жазылмаған заңдары болады. Сібірдің қалың ормандарында «аңшылар үйі» деген болады. Аң қуып шаршап шалдыққан аңшы сондай үйге келген дайын тұрған пешке жылынып, тамағын ішіп, демалып алған соң, дәл сондай етіп пештің жанына құрғақ ағаш жинап кетеді. Себебі «одан кейін шаршап келген аңшы ағаш жинап әуре болмасын» дейді. Бұл – бұлжымайтын заң.
Ерзия Ерсұңқар мырзаның айтқанын қос қолымды көтеріп қолдаймын. Қонақ асы тек облыстан келген кісілерге ғана берілсін. Ал қалған азаматтар жаназаға қатысып ақтық сапарға шығарып салған соң тарап кетуі керек. Өлік шыққан үйдің дастарханы тойдан кем болмауы неге керек? Дастарханды сынап, одан қалса сарқыт алып кету қайдан шыққан. Осы орайда айта кететін бір жайт, шектен шығып бара жатқан соң Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жаназада мал союға тыйым салған Жарлыққа қол қойды. Сонымен бірге 2019 жылы ұлы қайтыс болғанда ас беруге мал союдан бас тарттым дейді. Ешкім мені мал соймадың деп кінәлаған жоқ дейді. Аса ауқатты байлар 5-6 мал сойып шектен шығып бара жатқан соң, лаж жоқ бұл тірлікке президенттің өзі араласып отыр. Абай атамыз: «Надан халық мақтанбайтын нәрсеге мақтанады, ұялмайтын нәрсеге ұялады» – деген. Көптеген азаматтар осындай көл-көсір дастархан жасап, ысырапты қою керек десең, «Ұят қой!» дейді. Қайбір жылы жазушы, драматург Дулат Исабеков: «Қазіргі қазақтар Абай заманындағы қазақтардан асып кеткен жоқ» деген еді. Дарақы, мақтаншақ, ысырапшыл халық екеніміз рас.
Ислам дінінде: Егер өзен жағасында дәрет алсаң, онда да суды ысырап етпе» деген. Бұдан артық не деу керек. Ана бір жылдары ақтық сапарға шығарып салуға Луговой стансасындағы «духовой» оркестрді шақырып, столға арақ қойып, әркімге сөз беріп, дарақысыған кезіміз болды. Сұлтаншәріп қажы Жадыраев мәйітті соңғы сапарға шығарып салуда ең басты нәрселерді атап тұрып жазды. Олар:
1) Денесі таза жуылуы;
2) Ақтық киіммен кебінделуі;
3) Хош иіс сумен жұпарландырылуы;
4) Жаназаның оқылуы.
Мына бір нәрсені айту керек. Жаназа соңында имам «Мына кісі қандай адам еді?» – деп сұрайды. Тұрғандар бәрі жамырап «Жақсы адам еді» – деп жамырайды. Солардың ішінде марқұмды танымайтын, көріп-білмейтін, ақша алуға келген азаматтар да бар. Кімнің кім екенін ақыретте Құдай ғана анықтамай ма? Өмір бойы ұрлық жасаған, мемлекеттің, халықтың несібесін миллиардтап жеген, қызмет бабын пайдаланып, пара алғандарды да «Жақсы адам еді» деп шығарып саламыз ба? Осындайда Абай атамыздың «Қазақтың өлгендерінің ішінде бірден-бір жаманы жоқ» деген сөзі еске түседі. Жазушы драматург Рахымжан Отарбайдан: «Қазақтың арасында өлген қандай рахат, тірі кезінде естімеген мақтауды өлген кезінде естисің» – деген мысқылы айдай ақиқат. Сондықтан жаназа соңында мұндай сұрақ қоюдың қажеті жоқ шығар.
Әр қазақ Абай атамыздың: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ» деген өсиетін есте ұстауы керек. Кейбір азаматтар көңіл айтуға барғанда: «Құдайға да жақсы адам керек» – деп жатады. Сонда тірі жүргендер жаман болған соң, Құдай алмай жүр ме? Тірі жүргендердің бәрі жаман болғаны ма? Қазақта көңіл айтудың небір керемет, жақсы сөздері бар емес пе?
Кенжебай АМАНҚҰЛОВ, зейнеткер.
Өрнек ауылы.