Жақсылықпен кел, Жаңа жыл
53 ViewsЖаңа жыл мерекесі аудан орталығында да, әрбір ауылдық округтерде де ерекше тойланды. Дәл сондай ерекше форматтағы Жаңа жылдық мерекелік кеш Көгершін ауылында да өтті.…
«Алло, тез байығыңыз келеді ме?», «Миллион алу үшін бірді басыңыз», «Қолыңыздағы аз ақшаны бірнеше есе көбейтіп береміз»… Осындай жалған желеуге сеніп, бар қаражатын белгісіз компания қорына құйып, артынша сан соғып қалғандар қатары күн санап көбеюде.
«Қасқыр қарызын терісімен төлейді» деген сөз бұрынғы қазақтың бүгінгі қазақты қателіктен құтқаруға тырысқанындай көрінеді. Себебі, ХVIII ғасырда бастау алған қаржылық пирамиданың қақпанын біздің халық ХХІ ғасырда тағы да қақты. «Аяқ асты байып кетемін-ау» деген алдамшы арман ағайынның аяғын аспаннан келтірді. Өйткені, қаржылық пирамидаға қарапайым қарашаны күштеп, қинап, басына тапанша тақап апарған ешкім жоқ. «Ақшамды еселеймін» деп қазір етегі жасқа толып, еңіреп отырған жан көп.
Қаржылық пирамида – қалтаға түсірудің түрлі жолын тапқан айлакерлердің табыс көзі, кәсібі. Алаяқтар инвестициялық пирамиданы уақыт бедеріне қарай бейімдеп түрлендіріп келеді. Әйтсе де өзгермейтін бір жүйесі – көпшілікті құрғақ уәдесіне сендіріп, қолындағы қаржысын қымқырып кету.
Ең алғаш рет қаржы пирамидасы Қазақстанда 1994 жылы анықталды. Дүйім елді дүр сілкіндірген «Смагулов және К» компаниясы 35 мың адамды 630 млн. теңгеге алдап кеткен. 2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 160 қылмыстық іс тіркеліп, 31 мың азамат 54 млрд. теңгесінен айырылған.
Елімізде қаржылық пирамиданың төрт түрі тіркелген. Алғашқысы иерархиялық тәсіл. Яғни, «А» есімді азамат «Ә» есімді екі азаматтан мың теңге сұрайды. Егер олар жанына тағы екі адамнан ертіп келсе, «Ә» есімді азаматтардың өз ақшаларына үстемақы алатыны айтылады. Оңай олжаны көрген «Ә» есімді азаматтар біріншіден, өз ақшасын шығарып алу үшін, екіншіден, есепсіз байлыққа кенелемін деген оймен «Б, В» есімді адамдарды шақырады. Солайша тізбек жалғаса береді. «Осыдан пайда көріп жатырмын» деген адамдар таныстарын жинауға тырысады. Бір күні «А» есімді азамат бәрінің ақшасын жинап алып қаша жөнеледі. Соңында салымшылар өзара дауласып, бармақ тістеп қалады.
Екіншісі – желілік маркетинг қағидасына негізделген пирамидалар. Бұл схеманың негізгі тетігі тауарлар болады. Мысалы, сағат, косметика, тұрмыстық техника, т.б. заттарды нарықтағы бағасынан он есе артық бағамен сатады. Оны сатып алғаннан кейін сізге келесі сататын тауарларыңыздан үлкен көлемде пайыз беріп отыруға уәде береді. Сөйтіп желінің құрбанына айналады.
Үшіншісі – мессенджерлер арқылы тарту. Ватсап, телеграм, инстаграм, т.б. әлеуметтік желілерде сізге белгілі бір топқа қаражат төлеп қосылуды ұсынады. Кейін екі адам алып келсеңіз 20%, төрт адам алып келсеңіз 40% сыйақы беріп бастайды. Кейін қатысушылар саны күрт өскенде қаражаттың бәрі көкке ұшады.
Төртіншісі – белгілі бір клубқа мүше болу. Саяхаттар, маркетинг, психология сияқты аты айқайлап тұрған курстарды қомақты қаражатқа сатып алып, бір жылда немесе үш жылда бірнеше адамды ертіп келу керек деген тапсырма беріледі. Егер өзіңмен бірге ертіп келетін адамың жоқ болса, алатын ақшаң да жоқ болады.
Халықтың сеніміне ие болатын – бұл қаржылық пирамиданың жарнамалары. Әлеуметтік желідегі «қомақты қаражатқа кенелгің келсе, біздің қатарымызға қосыл!» деген ойдан кетпейтін есепсіз бейнероликтер мен суреттер. Немесе «қымбат көлік мініп, теңіздің жағасында отырып сол табысқа санаулы күнде сені де жеткіземіз» деген қызылды-жасылды жарнама. Міне, бұның бәрі қаржылық пирамиданың ең сәтті насихаты. Енді қаржылық пирамиданың басты белгілерін атап өтсек:
1. Туысыңды, танысыңды, досыңды, көршіңді ертіп келуді сұрайды. Және қалай да болсын алғашқы жарнасын төлеуге көндіреді. Тіпті кейбір қаржы пирамидасының қызметкерлері адамдарды несие, қарыз алуға итермелейді.
2. Жылына 10-12%-дан астам сыйақы уәде етілсе, бұл да күмән тудыратын жайт.
3. Көлігіңізді, пәтеріңізді сатуға көндіреді. Яғни, сіз өз мүлкіңізді сату үшін жарнама берсеңіз, сізге хабарласып, 20-30% көп қаражатқа сатып алатындарына сендіріп кездесуге шақырады. Өздерінің әдемілеп жасақтап қойған кеңселерінде өтетін кездесу барысында үш немесе алты айда ақшаны бөліп төлейтіндерін айтады. Сеніміңізге кіру үшін жарты ақшасын төлеп, қалғанын кейін беретіндерін айтып келісімшартқа отырады. Бірақ одан кейін мүлкіңізді де қалған ақшаңызды да көрмейсіз.
4. Қолма-қол ақшаны қабылдап немесе компанияның банктердегі арнайы есеп айырысу шоттарын қолданбай, интернет төлемдер мен аударымдардың әртүрлі жүйелерін пайдаланады.
Кез келген компанияға ақша құймас бұрын немесе тауарын сатып алмас бұрын ескеретін бірнеше қағида бар:
1. Келісімшарт талап ету керек. Шартқа бір мезетте қол қоймай, бірнеше күн уақыт сұраңыз. Әрбір бөлімін мұқият оқыңыз. Кейін келісімшартта көрсетілген компанияны «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің» сайтынан тексеріңіз. Лицензиясы бар-жоғын көресіз. Лицензиясы жоқ болса, демек кепілдік те жоқ.
2. Шартта көрсетілген БИН номері мен компания атауын мемлекетке салық төлеуші компаниялардың қатарынан іздеңіз. Егер ешқандай салық төлемеген болса немесе азғантай қаражат құйған болса, қол қоюдан бас тартыңыз.
3. Компания басшысы туралы ақпарат іздеңіз. Сайт арқылы ол азаматтың сотталып не сотталмағанын яки қарызы бар-жоғын анықтауға болады.
4. «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде» қаржылық пирамидаға күдікті компаниялардың тізімі бар. Солардың қатарынан қарап көріңіз. Егер қаржылық пирамидаға шынымен қатысы бар деген күдік болса, бірден ішкі істер министрлігіне немесе қаржы мониторинг агенттігіне шағым қалдырыңыз.
Сөз түйіні, қаржы пирамидасына сенбеңіздер! Өйткені, еңбексіз ештеңе де болмайды. Сақ жүрейік!
Өз тілшіміз.