Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Дәстүрлі ән мен күйдің құдіреті қай көкірекке болсын сәулесін төгіп, рухын оятатыны сөзсіз. Несін жасырайық, бұл күнде ұлттық бояуы қаныққан әндеріміз эстрадалық даңғұр-дұңғырдың көлеңкесінде қалып қойғандай. Бүгінгі жас қауымның көп жағдайда жасықтық танытып, батысшыл менталитеттің «өкіліне» айнала бастауының себебін, алдымен дәстүрлі ән өнерінің қоғам сахнасынан шет қала бастауынан іздеу керек секілді. Рас қой, дәстүрлі әншілерді тек 22 наурызда іздейтініміз өтірік емес.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың дәстүрлі ән мектептерінің қалыптасу дәуірінің бүгінгі сақталған мұралары ХІХ ғасырдан бастау алады екен. Алқа қотан жиындарда халық алқаласа, арқасы қозып, арыны қатаятын кәнігі өнер иелері өз заманында өзге жұртта жоқ, көркемдік қуаты ерекше, соны серпінді ұлттық нақыштың қалыбын қалыптастырды. Олардың қатары Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Әсет, Жарылғапберді, Иманжүсіп, Шашубай, Мәди болып жалғаса береді. Бұлар – дәстүрлі музыканы серілікпен ұштастырған асылдар. Өлең шумақтары да өтімді. Сөзіміз дәйекті әрі мәнді болу үшін халық әні «Сары бидай» әніне үңіліп көрелікші.
Біздің ауыл текшенің етегінде,
Ерте шықсам ауылыңа жетемін бе?
Ақ тамақтан емінте бір иіскетсең,
Айналсоқтап ауылыңнан кетемін бе?
Қа й ы рма с ы:
Есіктің алды тал-қайың,
Басыңда тұрмас жаз дәйім.
Қалқатай еске түскенде,
«Сары бидай» әнін,
Сағынып сонда салғаным.
Қандай керемет десеңізші. Ойға шомып, бір рақатқа толы сезімге бөлейді.
Байқасаңыз, бүгінгі таңда Республика сарайында күнде концерт. Оның ішінде есті әнмен елді қуантқандар да, батыстың есер әндерімен халықтың құлағын ауыртқандар да жетіп артылады. Қазіргі эстрада жанры әннің өзегін, сөздің парқын ұғынудан қалып барады. Бірін-бірі қайталайтын орындаушы, даңғыр-дұңғыр музыка, күлдібадам ұйқастар белең алды. Шіркін, осылар батыр Бауыржан Момышұлы ағамыздың: «Кейбір әншілер қазақ әнінің әуенін бұзып, үнін өзгертіп, тілін тұтықтырып, сөзін сындырып айтады. Кейбір әншілер қайғыны биге, қасіретті арзан күлкіге, мұңды қуанышқа айналдырып жібереді. Ендеше, мен неге ондай әншілерді жақсы көруге тиіспін?», – деп ашына айтқанын оқыса ғой.
Біздің пайым-парасатымыз солай ма, әлде халықтың талғамы төмен бе екен, жеңіл-желпі дүниеге қызығатын болдық. Талғампаз көрерменнің назары тек эстрадалық әндерге қарай ауып отыр. Атақты Біржан салдың «Ләйлім шырақ» әніне тойда билеуді шығардық. Сал Біржанның ғашықтық дерттен туындаған әнінен арзанқол дүние жасау – барып тұрған қасірет екенін неге сезбейміз? Тіпті, қасиетті қазақтың қара домбырасын темірден жасап, «электрондық» деген тіркесті қостық. Кезінде Ахмет Жұбанов қазақтың ән-күйін оркестрге түсіріп, әлемге танытты. Ондай жақсы жаңалық қанат жайып жатса, қолдауға болады. Бірақ, мына электронды домбыраның құрылымына қарап, шіңкілдеген темір ішегінен шыққан үнді естіп, көңілге күдік ұялайтыны да жасырын емес. Қазақтың бүкіл даласын тебіренткен төкпе күй мен шертпе күйіміз ұлттық табиғатынан айрылып, басқа бір елдің солқылдақ әуеніне ұқсап кетсе, халықтық музыкамызда қандай қасиет қалмақ? Мұндай процеске үлкен сұрыптаудың жүргізілуі қажет-ақ. Қазақи мұра дәстүрлі әндеріміздің желісі үзілмей, желбауы кесілмей бүгінгі күнге жеткені үшін Тәңірге тәубе деуіміз керек.
Асылында, саны көп сапасы жоқтықтың өнерге де, халыққа да берері аз, құрметті ағайын. Дәстүрлі ән өнерінің еш кедергісіз қазақ даласында аспандап шырқалар күні алыстамақ емес. Күдік пен үміт қатарласқанымен, «Қаратаудай қараны алақандай ақ жеңеді» деген дана халқымыз. Өнерді сіз дәріптеңіз, біз дәріптейік. Қалып айтпаған халықтың «көп түкіргені – көл» болса, дәстүрлі өнер өрісі тарылмайды, қайта кеңейе түспек. Мақаланың соңын бүгінгі оқырманның сүйікті ақыны Қалқаман Сариннің өлеңімен аяқтағымыз келіп отыр.
Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Шанағыңды шаң басып, кесір қонды ма?
Есі кеткенше билейтін етегін ашып,
Эстраданы қайтейін есірген мына.
Біз естігенді емес, көзбен көріп, көңілге түйген көріністі алға тарттық, құрметті оқырман. Бағасын өздеріңізге қалдырдық.
Марат Жолдасбекұлы.