227 Views
Қайбір жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қытай еліне ресми сапармен барған сәтте қазақ тілінде сөйлеп, абыройымызды асқақтатқанын білесіздер. Не үшін? Кім үшін? Әйтпесе, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қытай тілінде аудармашысыз-ақ аспан асты елінің президенті Си Цзиньпинмен екі елдің сауда-саттық және тауар айналымы жөнінде еркін пікір алмасып, сөйлесуіне қабілет-қауқары жетпейді емес, жетеді. Бірақ Президентіміз олай еткен жоқ. Бұл дегеніңіз – ұлт ұстыны қазақ тіліне деген зор құрметтің белгісі емес пе? Ұлтқа қызмет етудің айшықты көрінісі осындай болады.
«Жүре берсең, көре бересің» деген рас сөз. Ауданымызға сонау Сарыарқаның сайын даласынан шенеуніктердің талайы келді ғой. Жиналыс өтеді. Жиынның басында сәл-пәл қазақ тілінде сөйлейді да, әрмен қарайғы ойын ормандай орыстың тілімен жалғастырып кете барады. Осындай жағдайға сан мәрте куә болдық. Бұлай біз ешқашан дамымаймыз. Мейлі Парламентте бола ма, жоқ әлде, аудан әкімдігінің мәжіліс залында өте ме, кез келген жиналыста қазақ тілі үстемдік құруы тиіс. Олай болмаса, мың жерден айт, жаз, одан түк пайда жоқ. Қазақ тілінің өркендеп, дамуы үшін алдымен биліктегі ат төбеліндей қызметі бар азаматтар мен азаматшалар өз Ана тілдеріне құрметпен қарап, мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі керек. Сонда ғана мемлекеттік тілге деген дұрыс көзқарас қалыптасады.
«Ойды – ой түртеді» ғой. Осыдан 2-3 жыл бұрын бір жиынға қатыстым. Тақырып тіл туралы. Әр түрлі этнос өкілдері де қатысты сол жиынға. Сонда ұлты неміс егделеу бір кісі:
– Сіздер қызықсыздар, біз секілді қарапайым халықты төмпештей бергенше, жоғары жақтағылар алдымен өздеріңіз сөйлесеңіздерші қазақ тілінде, – деп қойып қалғаны бар.
«Орысты ренжітсең Мәскеуге шабады, қазақты ренжітсең қайда шабады? Өзіңнің алдыңа айналып келеді, Асанбай. Орыстың артында тұрған Мәскеуі бар. Қазақтың артында Мәскеуі жоқ, қазақтың Мәскеуі – біздерміз Асанбай, қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетін иісалмас, ынжық болып кетеді. Ұлт өзінің мүддесін өзі қорғай алатын дәрежеге жетуі керек. Кезінде қазақтың жанын сақтап қалсақ дедік қой, біз ол дәуірден өттік. Енді қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек». Бұл – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың Асанбай Асқаровқа айтқан сөзі. Сүйектен өтеді, шыны керек. Билік өкілдерінің санаға бекітетін нағыз рухани сөзі ғой, шіркін. Бұл сөзді дәл осы мақалада қолдану қаншалықты орынды деп те ойлауыңыз мүмкін ғой. Бастапқы жағын айтпай-ақ қоялық. «Енді қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек» дегенде Димаш ақсақал нені меңзеді? Бізге рух, намыс беретін ол – қазақ тілі емес пе? Сондықтан қазақ жерінде әрқашан мемлекеттік тілдің мәртебесі басым болуы керек. Парламент тұтастай дерлік қазақша сөйлесе ғана, тіліміз халықтық сипатқа ие болады. Биліктің осыны ескеретін уақыты жетті.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: