Адам кітап оқуды доғарса, ойлауды да доғарады

399 Views

Кітап көп оқыған адамның білімі арта түседі. Ата-анамыз бізді қалай тәрбиелесе, кітаптағы алтыннан да қымбат, жақұттай асыл сөздер адамды дәл солай тәрбиелейді. Ол адамдарды басқа адамдардың өмірімен таныстырып, өз өмірімен салыстыруға, сонымен қатар, өмір сырын ұғынуға мүмкіндік береді. Мәселен, өз басым жазушы Оралхан Бөкейдің «Ардақ» атты әңгімесін оқу арқылы көптеген өмірлік ой түйдім. 4-5 беттік әңгімеде өмірде орын алатын ағайын арасындағы араздық, алауыздық, босаға көрмей 17 жасында гүлі солған қызғалдақтай қыз тағдыры мазмұндалады. Жазушы бұл шығармасын сонау 1968 жылы жазған екен. «Осы оқиғалар біздің заманымызда ғана емес, сол жылдардан бері етек алып келеді екен-ау» деп қынжылдым. Шыны керек, осы шығарманы оқығаннан кейін «қызға қырық үйден тыйым» деген тәмсілдің сырын терең түсінгендей болдым.
Мектептегі ұстаздарымыз айтпақ­шы, «Бұрын қолына ұялы телефон ұстаған адам көрсек, қызыға, таңдана қарайтын едік, қазір керісінше, кітап ұстаған адам көрсек, қуанамыз, оның өзі сирек кездеседі». Ащы болса да шындық бұл. Осы мақаланы жазбастан бұрын «Инстаграм» парақшамда «Cоңғы рет қандай кітап оқыдыңыз?» – деп, оқырмандарыма сауал жолдаған едім. Нәтижесінде «Есімде жоқ немесе келешекте оқырмын, терең мазмұнды шығармаларды ақыл тоқтатқаннан кейін оқуға болады» деген жауаптар қатары көп болды. Тіпті мүлде кітап оқымаған адамдар да кездесті. Ал «Кітап оқимыз» деген адамдар қатары бірен-саран ғана болды. Қазақтың бас ақыны хакім Абайдың:
«Кісімсінген, жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем, өкпелеме көп жамандап» деп жырлағанындай, бүгінгі күні ақылды болып көрінгісі келетін қуыс кеуде адамдар көптеп кездеседі . Бұл ненің белгісі дейсіз бе? Бұл – еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін күні бойы ұялы телефонға телміріп, кітап деген асыл қазынаны оқымаудың нақты дәлелі болса керек.
Белгілі журналист, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, Сауытбек Абдрахмановтың «Айқын» газетіне берген сұхбатында:
– Жақында Португалияға бардым. Порту қаласында өзіміз ұмытып кет­кен бір көрініске куә болып, қатты таңдан­дым әрі қуандым. Ол көрініс – кітап дүкенінің алдындағы кезек. Бұл біз үшін үлкен оқиға. Ұмытыла бастаған оқиға,– деп сөз өрбітіпті. Француз философы Дени Дидро «Адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қояды» деген. Мұны ғалымдардың зерттеулері де дәлелдейді. Кітап оқып отырған адам өз бетінше ойланады, шығарманың желісі бойынша кейіпкерлерді сом­дайды, көз алдына елестетеді. Ал, ұзақ уақыт бойы телефонға телміріп отыр­ған адамның миында ақыл-ойды дамытатын шығармашылық процес­тер жұмыс жасауын доғарады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім алыңдар», – дейді. Ғаламды кеңі­нен шарлауға мүмкіндік беретін құндылық, ол – қашанда кітап екенін естен шығармайық!

Дариға Құрманалы.

Поделиться ссылкой: