Тарихы терең өлкенің ертеңі жарқын

1 486 Views

Тарихы терең өлкенің ертеңі жарқын

 «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген бағзыдан жеткен тәмсіл бар. Иә, кім-кімге болса да туып-өскен өлкесі өзгеше ыстық болатыны бесенеден белгілі. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп туған жердің қадір-қасиетін ұрпағына ұлағат еткен ата-бабаларымыздың туған елге, жерге, Отанға қатысты айтқан нақыл сөздері аз емес. Соның қай-қайсысында болмасын аса бір дәлдікпен, дәйектілікпен айтылған фәлсапалық ой жатыр. Осының барлығын жиынтықтай келгенде туған жердің топырағы сені жіпсіз байлап, өзіне әлде бір тартылыс күші арқылы тартып тұратынын аңғарасыз. Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жан-жақты баяндайды. «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай- талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп толғанады.

 ЕҢБЕК ЕРЛЕРІНІҢ АЛЛЕЯСЫ МЕН АУДАННЫҢ “ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАРЫНА” АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА АШЫЛДЫ

 Өткен жексенбі күні аудан жұрты  ауданнан шыққан біртуар перзенттерінің басын қосып, өзінің арғы-бергі тарихындағы жеткен жетістіктерін саралады. Аудандық орталық алаңға жиналған көпшілік ауыл

 шаруашылығы жәрмеңкесінен арзан бағада азық-түлігін алып, М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің маңында орналасқан қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Ал, салтанатты шара ұлтымыздың біртуар перзенті, тұғыры биік тұлғамыз Тұрар Рысқұлов ескерткішіне гүл

 шоқтарын қоюдан бастау алды. Аудан әкімі Асқар Санатұлы Қырықбаев, облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Жүнісәліұлы Шүкеев бастаған зиялы топтың қатарын еліміздің түкпір-түкпірінен келген аузы дуалы ақсақалдар мен бір кезде осы ауданның өркендеуіне үлесін қосқан азаматтар толықтыра

 түсті. Олардың ішінде атағы алысқа кеткен академиктер, генералдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері де бар еді. Айтулы азаматтар жас ұрпаққа өткенді ұлықтап, өнеге тұту мақсатында аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің қасында тұрғызылған 21 Социалистік Еңбек

 ерлерінің ескерткіш-мүсіндері қойылған аллея мен ауданның «Құрметті азаматтары» ескерткіш тақтасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Аудан әкімі Асқар Қырықбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев аузы дуалы қарттарды ілестіре жүріп, әр батырға жеке-жеке тоқталып өтіп, олардың мүсіндері алдына гүл шоқтарын қойысты. Жүргізуші бұл кезде Еңбек Ерлерінің өмірбаянын, не үшін батыр атанғанын нақпа нақ айтып тұрды.

Енді 21 Социалистік Еңбек Ерінің атын атап, түсін түстеп өтсек те болады. Мәселен, Ақбұлақ ауылдық аймағынан бес бірдей Еңбек Ері шығыпты. Олардың екеуі шаруашылықты басқарған. Александр Яковлевич Филиков асыл тұқымды қой зауытын он жыл басқарса, Рахым Сәбденов жиырма бір жыл басқарыпты. Екеуі де асыл тұқымды Оңтүстік Қазақстан мериносы қойларының тұқымын көбейтіп, одан алынатын төл мен жүн көрсеткіштерін бұрын болып көрмеген деңгейге жеткізгені үшін Үкіметтің ең жоғарғы наградасы – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған. Ал, қызылшаруалық Қойбай Қайыпов ақ егіс бригадирі, қатардағы агроном болып жүріп, астықтан мол түсім бергені үшін, ал, оның ауылдастары Бекбай Байқонысов пен Уәли Мырзалиев 54 биеден 54 құлын алғаны үшін омырауларына Алтын Жұлдыз таққан. Жалпақсаздық Сарқұл Құланов та, Әлмұқан Әбдіманапов та, көкдөнендік Кәрібай Абақов, Жақсылық Қапалбаев, Бәйтік Зәуірбековтер де егіншілік пен мал шаруашылығында қол жеткен жетістіктері үшін 1948 жылы Кеңестер Одағының ең жоғарғы наградасын иеленген.

Сол жылдары Сталин колхозында тракторист, машина-трактор шеберханасының меңгерушісі бола жүріп, өзіне бекітіліп берілген 66 гектар қызылшалықтың әр гектарынан 412 центнерден, дәнді дақылдың әр гектарынан 21,9 центнерден түсім алып берген Степан Петрович Рябинский де, бұрынғы «Восток» колхозында істеген Петр Степанович Хорешков, Дарья Никоноровна Еволенко, Андрей Степанович Пуколовтар, Сұрапбай Жамбылов, қорағатылық Телтай Дәуітов, «Бірлес» колхозының аға шопаны Тәшмет Сабазбеков, көгершіндік Нәдір Биғазиевтер де осындай ерен еңбегі үшін абыройлы атаққа ие болып отыр. Ал, Аркадий Викентьевич Гаурлик пен Николай Иванович Голик бірі Луговой МТС-ін, ал, екіншісі «Подгорный» астық кеңшарын басқарып, халықтың ғана емес үкіметтің де үлкен алғысына ие болды.

Бір кезде балаларымыз: «Күн көсем» деп Лениннің мүсініне сұқтанушы еді. Енді міне, қатардағы еңбек адамына да сондай құрмет көрсетілуде. Еңбек Ерлерінің аллеясының ашылу салтанатына жиналған жұрт аудан басшыларына өздерінің іштей ризашылығын білдіріп жатты. Құландықтар мен торқалы тойға келген қонақтар мүсіндер аллеясын аралап көріп, батырларға тағзым етті.

Осыдан соң жиналған жұрттың алдында академик Сейітхан Жошыбаев пен партия және кеңес ардагері Нәрезім Сейдуалиев ауданның Құрметті азаматтарының есімі жазылған ескерткіш тақта мен аллеяны ашып, оның лентасын қиды.

ӘҢГІМЕНІҢ АРҚАУЫ – АУДАН ТАРИХЫ

Осыдан соң аудандық мәдениет үйінде «Тұғыры биік туған ел» атты салтанатты жиын өтті. Елімізге белгілі кино, театр және дубляж актеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Әлпейісов пен педагогика ғылымдарының кандидаты, әнші, сазгер Гүлнұр Өмірбаева жүргізген шарада жергілікті жұртшылық аудан әкімі Асқар Санатұлының ауданның арғы-бергі тарихын, жеткен жетістіктері мен алар асулары жөніндегі баяндамасын тыңдап, тағылым алды.

– Тарих қойнауынан ойып алар орны бар біздің туған өлкеміз – Құлан өңірі тарихы тым әріден бастау алатыны мәлім. Тарихи деректерге сүйенсек, Құлан – Ұлы Жібек жолы бойында сонау VІІ-VІІІ ғасырда салынған қала. Сонан бері талай басқыншылықты басынан өткізген Құлан өңірі-көне заманнан сыр шертетін тарихи-мәдени жәдігерлерге толы өңір.

Құлан даласы -елінің бірлігі мен тұтастығын ойлаған, жау жағадан алғанда қанды шайқасқа тайсалмай кірген батырлар мен билерді өмірге келтірген өлке. Болтай мен Танабай батырлар, Есім, Тантай, Тортай, Тоқсаба билер, Құдайберген Бәйетұлы сынды ел бастаған бабаларымыз-халықтың тыныштығы мен тұтастығын сақтап қалған ірі тұлғалар.

Өткен ғасырдың басында Қазан төңкерісінен соң өңірде Қазбек Асылов, Шынқожа Омаров, Иса Сұлтанбеков, Әшімжан Нұршанов және басқалары Кеңес өкіметін орнатуға белсене араласты. Қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов 1927 жылдың қараша айында Түркістан-Сібір жолының алғашқы қазығын Луговой стансасында қағып, митинг өткізді. Осы ғасыр құрылысымен қатар Луговой кенті де жылдам дамып, тұрғын үйлер салынып, халық саны артты. 1930 жылдары Луговой аумағы Меркі ауданының құрамында Оңтүстік Қазақстан облысына қараған еді.

Бүгінгі Тұрар Рысқұлов, кешегі Луговой ауданы 1938 жылы 4 наурызда Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен өз алдына бөлек шаңырақ көтерді. Аудан құрылғанда оның құрамында 27 ұжымшар, 2 кеңшар, 10 ауылдық кеңес болған. Алғашқы аудандық партия комитетінің хатшысы болып Саудырбаев, алғашқы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып Сәрсенбай Мүсеров сайланды.

1988 жылы аудан ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруде облыс бойынша алдыңғы қатарға шығып, аудан егіншілері мемлекетке миллион пұттан астам астық тапсырды.

Партия, кеңес жұмыстарында, ауданның әл-ауқатының артуы жолында Алексей Ильич Кулешов, Самуил Наумович Иткин, Дәуренбек Әубәкіров, Мәмбет Смағұлов, Екейбай Қашағанов, Оран Болысұлы, Әзімбек Исмаилов, Әміре Тлепов, Рахман Медеулов, Кемелтай Жүндібаев, Сейілхан Аққозиев, Смат Есімов, Василий Гордеевич Кравчук, Борис Тимофеевич Стародубцев, Ташболат Байталиев, Әлмұқан Исақ, Тұрсынхан Мүсірәлиев, Мұсақұл Тәтібеков, Халил Бейсеев, Сағынхан Әміреқұлов, Махмедун Қосыбаев, Салиха Гайдулина, Кеңесбай Исмаилов, Ілес Бекебаев, Қамбар Иманалиев, Юрий Ильич Щукин, Александр Сергеевич Шапавалов, Сырғатай Махамбетов сынды өз ісінің білгір мамандары, белсенді басшылар аянбай еңбек етті.

Социалистік Еңбек Ері Рахым Сәбденов, Ленин орденінің иегерлері, іскер ұйымдастырушылар Бектенбай Қойшыманов, Төлеген Ахтанбердиев, Шәуе Сәлімбаев, Сәлімбай Парманов, Әбіт Асылов, білікті басшылар Әуезхан Әміреқұлов, Иван Афанасьевич Финько, Артур Кондратьевич Роккель, Кершайыз Мырзалиев, Нәрезім Даубаев, Тілеулес Балпанов, Санат Қырықбаев, Төлеген Маренов, Таматьай Сембиев, Есберген Мешітбаев, Келгенбай Баймолдаев, Әшен Бәйтіков, Бейсенбай Таңбаев, Әбіш Базарқұлов, Ерлік Омаров, Қожайхан Бижанов, Шорабек Атабаев, Рахманәлі Әбдіқадыровтар ауданның өркендеуіне зор үлес қосты,-дей  келе өзге де салалар бойынша аудан әлеуетін арттыру жолында еселі еңбек еткен азаматтардың есімдерін атап өтті.

Өз кезегінде археолог-ғалым Арнабай Нұржанов, облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, ауданның «Құрметті азаматтары» Сағынхан Әміреқұлов, Қасымхан Төлендиев, Тәуелсіздік алған жылы ауданның тұңғыш әкімі болған Сәбит Садықовтар аудан тарихынан сыр шертіп, бүгінгі тыныс-тіршілігін сөз етіп, келешегіне сеніммен қарайтындарын жеткізді. Сол секілді аудан өмірінде із қалдырған бірқатар айтулы азаматтарға аудан әкімі Асқар Қырықбаев ауданның 80 жылдық мерекелік медалін табыс етті. Салтанатты кеш эстрада жұлдыздары Гүлмира Ақүрпекова, Тахмина Әшімбекова бастаған әншілердің концерттік бағдарламасына ұласты.

БӘЙГЕДЕ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАҒЫ ЖАНДЫ

Бұл күні ұлттық ат спорты да дәріптелді. Нақты айтқанда, жылқыдан жүйрік жаратып, ат қосқандар бәйгенің көрігін қыздырды. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 1 “Нива”, 2 «LADA Granta» су жаңа автокөлігі тігілген аламанға арысы Орал, Қарағанды, Қызылорда облыстары, берісі Түркістан, Алматы облыстарынан ат баптаған атбегілер ағылса, Жамбыл облысының барлық аудандары мен көрші Қырғыз елінен де аламанға ат қосқандар табылды. Алдымен тай және құнан бәйгесі өтіп, жүйрік қосқандар үміттерін үкіледі. Екі бәйгенің де негізгі жүлдесін Алматы облысы, Талғар ауданының тұрғыны Ерхат есімді азаматтың жүйріктері еншіледі. Ол тай жарыстан 300 мың, құнаннан «LADA Granta» автокөлігін ұтып алды. Топ бәйгеге тігілген тағы бір «LADA Granta» автокөлігі қордайлықтарға бұйырса, сәйгүліктер 33 шақырымға шапқан аламан бәйгенің бас жүлдесіне тігілген “Нива” автокөлігі Алматы облысына бұйырды.

Ат спортын серік еткендер жүйрік жарыстырып жатқанда аудан орталығынан ашылған спорт кешенінде волейболдан жарыс өтті. Меркі, Байзақ аудандары мен жергілікті командалар бақ сынаған жарыста бірінші орынды көкдөнендіктер еншілесе, екінші орынға Жаңатұрмыстың жігіттері табан тіреді. Үздік үштікті Байзақ ауданынан келген команда қорытындылады.

ЭСТРАДА ЖҰЛДЫЗДАРЫ ӘН ШЫРҚАДЫ

Кешкілік аудан орталығында көпшілік көптен күткен гала-концерт ұйымдастырылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Досымжан Таңатаров, әнші Руслан Мамыт, Мейіржан Самылтыровтар мен аудан көркемөнерпаздары ән шырқап, жергілікті жұртшылықтың құлақ құрышын қандырды.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ,

Сейсен ҚОЖЕКЕ.

Поделиться ссылкой: