Бір кем дүние

296 Views

Багира — қара қабылан

Астанаға көшетін болып, Алматының вокзалында пойыз күтіп тұрмыз.
Көп күттірмей, көгілдір вагондар тізіліп келіп тұра қалды. №7 вагон. Купесі екі кісілік.
Асығып-үсігіп, Жеңіс бажа мен қайынбикем Ақтамақ жетті. Бажаның қолында қатырма қағаз қорап бар. Торт екен деп қалдым.
Сөйтсем, мысықтың мәулені – жұдырықтай ғана балақай. Қап-қара. Көзі моншақтай жасыл-сары.
– Атын не деп қойдыңдар? – деймін бажама.
– Аты жоқ, – деп күлді Жеңіс бажа. Жақсы ырымға баладым да:
– Мұның аты Багира болады, – дедім
– Сол Багира сегіз жыл жасады. Үш рет балалады.
Багира – ағылшын жазушысы Редьярд Киплингтің «Маугли» деген романындағы қара қабыланның аты.
Көне Египеттегі перғауындар пирамидасындағы суреті салынған мысық.
Хазреті Мұхаммед пайғамбар алдына алып, арқасынан сипаған мысық.
Мұхаммед пайғамбардың шекпенінің етегіне мысығы жатып ұйықтап қалыпты. Хазреті пайғамбар намазға тұрайын десе, мысықты оятуға қимай, шекпенінің етегін қайшымен қиып тастап, түрегеліпті. Аса қадірлегені ғой.
* * *
Түсімде вокзал басы екен деймін. Жүк пойызы кетіп барады. Соңғы ашық вагонда – Багира! Шақырсам, қарамайды. Жүгірсем, жете алмаймын. Багира неге қарамайды? Өкпелі ме деп ойлаймын.
Бұл түсім еді.
Біраз күн өткенде Багира қатты ауырып өлді.
Ақылды мысық еді. Менің ауру жүрегімді жазбақшы болып кеудеме жатып алушы еді. Алдыңғы екі аяғымен ішіме массаж жасауды оған кім үйретті?! Өзіне туасы біткен қасиет.
Қайдағы бір мысықты жазғаны несі деп қалмаңдар.
Ол – Пайғамбардың сүйіктісі.
Қабылан әулетінің жұрнағы.
Бар еді – жоқ болды.
Бір кем дүние.
Ауылды аңсау
Бір жол бар – жақын,
Жақын да болса – алыс.
Бір жол бар – алыс,
Алыс та болса – жақын.
(Халық айтқан)
Тараздан шыққан жолаушы пойызы Борандыға бір сағатта жетіп қалады. Оған жеткенше жолда Тескентаудан өтеді. Тескентаудың түнелінен шыға бере сол жағыңнан Тәңіртау жарқ ете қалады. Түтін сасыған қараңғы түнектен шығып, жәннаттың жарық әлеміне шыға келгендей боласың.
Пойыз да осы пейіш келбетін кие тұтқандай кісінеп-кісінеп алып, жүйтки түседі. Әне-міне дегенше, Күркіреусудан өтіп, Сұрым станциясына жетіп, 111-бекетке бет алады.
Енді мен тамборға шығып, тәуекелге бел байлаймын. 111-бекеттің бұрынғы аты — Қазбастау. Ар жағы – тауға қарай біздің ауыл жап-жақын.
Егер Борандыдан түсіп қалсам, ауыл алыс. 111-жап-жақын. Жексенбі – бір-ақ күн демалыс, ертең кері қайтуым керек.
Пойыз 111-ге тоқтамас. Сондықтан тамбордан секіруге тура келеді. Есіктен тура секірсең, екпін пойыздың астына тартып кетуі мүмкін. Сондықтан пойызбен жарыса алға қарай секіру керек.
Жол жағасы шағыл тас. Өткір пышақ сияқты.
Жүрексінемін. Пойыз 111-ге таяп қалды. Тәуекел деймін. Жүрек сорлы атқақтайды. Тіпті пойыздың дүрсілінен де қатты. Бірақ 111-ден өтіп кететін болды ғой! Секір!
Шекем тыз етіп ауырғандай болды. Сипап едім, алақаным қан-қан. Үсті-басымды қаққылап қарасам, сау сияқты. Тек сол жақ шекем қанапты.
Бастан құлақ садақа!
Ауылға қарай тіке тарттым. Жолсыз. Былай шыға бере аяққа оралып, шөп қалыңдай берді. Изен, жусан, алабота, шошқа тікен, кәріқыз, әсіресе, шырмауық жаман. Сиырқұйрық гүлдеген екен, соған сары торғай қонып алып, құйқылжыта сайрап отыр. Маған сәлемдескендей, бірақ мен жақындасам ұшып кетеді.
Енді бірде соқамен айғыздап тастаған күздікке тап болдым. Айдауға аяғым тобығыма дейін батып кетеді.
Сөйте-сөйте Жайсаңға да жеттім-ау. Айналасын жалбыз көмкерген қайнар көз бұрқ-бұрқ етіп, құм атқылап жатыр екен, жарықтық. Етпетімнен жата кетіп, тастай бұлақтан сімірдім-ай, дәурен!
Содан, не керек, қалың шырмауық, сүдігірлік айдау, шошқа тікен әбден діңкелетті ме, жоқ әлде мына нәрлі су буын-буыныма түсіп кетті ме, әйтеуір, сол бұлақтың басында, жұпар иісі аңқыған жалбыздың арасында балбырап ұйықтап кетіппін…
Тұр! Тұр! деп әлде бір самал ұйытқып өткендей болды ма, көзімді ашып, жан-жағыма қарасам, күн сәскеге көтеріліп қалыпты. Атып тұрсам, Тәңіртау аспандап тұр екен. Жап-жақын жерден иттер шәуілдейді. Әңгі есектер ақырады.
Ауылдың іргесінде екенмін.
Сонда «тұр-тұрлаған» кім? Әлі күнге дейін білмеймін.
Әлде Домалақ-Ана?
Әлде Күнікей-Бәйбіше?
Әйтеуір, Ана дауысы құлағымнан кетпейді.
Кім екенін айта алмаймын. Енді бір сәт үсті-басыма зер салсам, интернат жаңа берген шалбардың балағы батпақ, кәріқыз тікен тұтасып қалыпты. Аяқтағы туфли… өкшесі қисайып кетіпті…
Бір кем дүние.

Поделиться ссылкой: