Таңсық атам нағыз теміржолшы еді

363 Views

Тамыз айының алғашқы жексенбісінде тойланатын – Теміржолшылар күнінде атам Таңсықты міндетті түрде еске аламын.Ол мен үшін нағыз еңбектің адамы. Тағдыр да аз сынамады, әкесінен ерте айырылды. Бірақ, атам жабырқамады, жігерленді, құламады, қайраттанды. Еңбекпен есейіп, халқына қызмет етумен елінің құрметіне бөленген.
Арғы атам Сыбан мен Бибігүл әжемнің жалғыз баласы Таңсық атам Жаратқанның қалауымен шаңы­рақ­тарының шаттығын келтірген қуаныш­тары болыпты. Бірақ, өмір әркімге де өз сынағын ұсынады емес пе? Атам бала­лықтың бал күндерінде әкенің мейі­ріміне қанбай тұрып, тым ерте ажырап қалыпты. Меркінің Қазақдихан ауылындағы шат-шадыман күндерінің бірінде асқар таудай тірегі болған әке­сінен қапияда айырылып бір күнде есейеді. Анасы Бибігүл әжем әкенің жоқ­тығын байқатпауға тырысып, еш­теңе­ден тарықтырмай өсірген.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылда­рында мамыражай жатқан қа­зақ­тың ауылына да «қызыл өкімет құры­­лады, бәрі ортақтастырылады» де­ген әңгіме жетіп, береке қашады. Бірақ сәтте ауыл іші абыр-сабыр күйге түсіп, ағайындар қыр асып, қыр­ғыз еліне қоныс аударыпты. Біздің ағайындар қырғыздың Ташкөмір деген же­ріне тұрақтаған. Алайда, әжем жалғыз ұлымен елде қалған.
Сырғыған уақытпен небір өзгерістер орын алды. Сондайда Меркіге көршілес жатқан аймақтан темір жол салынып, Луговой станциясы құрылатыны туралы жаңалық тарайды. Әжем жалғыз баласын ертіп, Меркіден қазіргі Луговой станциясына көшіп келіп, тұрақтайды. Ержеткен ұлын Мейманханның Шәмшегүл есімді қызына үйлендіреді. Бұлар көшіп келіп жатқан 1927 жылы қазақ даласына алғашқы рельс төселу ісі қолға алынған кез екен. Белгілі қайраткер Тұрар Рысқұлов бастап, Луговой станциясынан «Түркістан-Сібір» темір жолын салу жұмыстары қарқын алыпты. Қалың ел бірігіп атсалысып жатқан үлкен іске атам Таңсық та келіп қосылған.
Міне, елімізге ең алғаш рет темір жол салынғанда жұмысқа келген атам айшылық алыс аймақтарды байла­ныс­тырған болат жолдың бабына өмірінің санаулы жылдарын арнап, табаны күректей қырық жыл абыроймен еңбек етіп, зейнеткерлікке осы мекемеден шы­ғады. Жаздың апшыны қуырған апта­бында да, қыстың қаһарлы аязында да қос рельспен жүйткіген пойыздардың дамылсыз жұмыс істеуіне, болат жол­дың тоқтаусыз қызмет етуіне аянбай тер төккен.
«Ел үшін еткен еңбек еш кетпейтіні» рас. Атамның өз ісіне тиянақтылығы, жүктел­ген міндетке адалдығы ескеріліп, 1940 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медаліне ие болған. Сол кездегі ең озат жұ­мысшыларға берілетін «Еңбек Қызыл Ту» орденін де атам 1944 жылы кеудесіне таққан.
Қаншама уақыт өтсе де халықтың жүрегі­нен өшпейтін 1941-1945 жыл­дар­дағы Ұлы Отан соғысына атам Таңсық темір­жолшы болғандықтан жіберілмей, елде қалыпты. Майдан шебінде жүр­месе де ел ішінде жүріп, Жеңісті жа­қын­­датуға ерен еңбегімен орасан үлес қосқан екен. Сол жанкештілігі баға­­ланып, 1946 жылы «Қажырлы ең­бегі үшін» медалімен марапатталған. Қыз­­меттегі әр жылдарында түрлі дең­гей­дегі мадақтама грамоталарын алып, халқының құрметіне бөленген атам өнегелі өмірімен артында осылай із қалдырды.
Ел алдындағы перзенттік парызын адал қызметімен өтей жүріп, Шәмшегүл анамыз­бен бірге екі ұл, қос қыз өсіріп, тәрбие­леп, ата-аналық міндеттерін өтеді. Әкеден қалған жалғыз тұяқ осылай жапырағын жайып, өрісін кеңей­тіп, бүгінде ұрпағы өсіп-өнген әулет­ке айналды.

Сванов Мұратбек Әйтімбетұлы,
Луговой ауылдық
округінің әкімі.

Поделиться ссылкой: