Шоқ тілді Шона
20 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Бала өмірге шыр етіп келген күннен бастап оны жан-жақты дамыту мәселесі бірінші орынға қойылады. Ал, оның тұлғалық келбетін, тәрбиелік тәлімін, болмыс-бітімін қалыптастыруда тәрбиенің алар орны ерекше. Сол себепті де халқымыз тал бесіктен баланың бойына небір үлгілі, көрнекі мінездерді, жақсы қасиеттерді сіңіруге тырысқан. Тіпті, бұл мәселе халықтың тірегін түзеуге, ұстынын мығымдауға әсер еткен.
Ата-бабаларымыз «Адамның бақыты – балада!» деген екен. Міне, осы нақыл сөзді түйсінген халқымыз бала тәрбиесін басты орынға қойған.
Ата-ана – баланың алғашқы ұстазы. Бала тәрбиесінде ең алғашқы жұмысты атқаратын да осы кісілер. Ата-ана балаға бағыт-бағдар беру арқылы бүтін бір ұлттың іргесін көтеріп, болашағын қалыптастырады. Сондықтан ата-ананың басты міндеті – баланың бойына барынша өнегелі, өсиетке толы қасиеттерді дарыту.
Тіпті, бұл турасында ұлт руханиятының жарық жұлдыздары да айтып өткен еді. Олар да бала тәрбиесінің аса маңызды екенін ескеріп, өздерінің еңбектеріне осы мәселені арқау еткен. Мәселен, Абай атамыз өзінің жетінші қарасөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, hәм өзі өспейді, қуат таппайды. Екіншісі – білсем екен деп ұмтылып, одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?» «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» «бұл неге бүйтеді ?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі «жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деп өзінше ой толғайды, тұжырым жасайды. Яғни, балаға жас күнінен бастап тамақ, азық қалай керек болса, оған жан азығы соншалықты деңгейде қажет болады. Себебі, адамның тәні мен жаны ортақ үйлесім ұстағаны жөн.
Бағзы заманнан бері ата-аналар балаларына жыр, өлең, дастан, ертегі, аңыз-әңгіме айтып, немере-шөберелерін тағылыммен байытып, тәрбиемен сусындатып отырған. Міне, бұл этнопедагогиканың негізгі іргесі болып саналады. Себебі, жас күнінен қазақтың халық байлығын, рухани өсиетін бойына жиып өскен бала тұлға болып қалыптасқан соң, сол ұлттың болашағын ойлайды, елдігін мұрат етеді.
Енді бір сөзінде хакім Абай: «Балаға үш мінезі алуан адамнан жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбыдан» – деген екен. Қай бала болса да, құрбысы мен ұстазынан гөрі отбасында көбірек болғандықтан, ата-анасының үйдегі өнегесі, мәдениеті мен ішкі жан дүниесі балаға айтарлықтай ықпал етеді.
Бірақ, қазіргі уақытта ата-аналардың басым бөлігінен баланы тәрбиелеуге және баланы дамытуға қатысты жауапкершіліктің төмендігі байқалады. Тіпті, баланың даму кезеңдерінде жас шамасы мен жеке дара ерекшеліктері жайлы білімдерінің жеткіліксіздігінен, кейде соқыр түйсікке сүйеніп тәрбиелеу үдерісін жүргізеді.
Психологтардың ойынша, әрбір жеке тұлғаның қажеттіліктерін отбасындағы жайлы ахуал толық қанағаттандырады екен. Яғни, отбасы тек баланың тұлғасының қалыптасуына ғана көмектесіп қоймай, оның үнемі кеңіп отыратын қоғамдық қатынастарына, әлеуметтенуіне жағдай жасап отырады. Сол арқылы бала әлеуметтік ортада үнемі болып отыратын өзгерістерге жауап беріп үйренеді. Арқа сүйейтін ата-анасының арқасында жаңа қарым-қатынастар орнатады, нақты рөлдер мен орындарды иеленеді. Баланың өзіне деген сенімділігі қалыптасып, әлеуметтік ортаға бейімделе бастайды.
Тағы айта кететін мәселе, психологтардың көпшілігі бала өзін қауіпсіз әрі алаңсыз сезінуі үшін анамен байланыс орнатуы қажет деп біледі. Бірақ та, ананың махаббаты баланың тұлғалық кеңістігін тарылтпай, оның есеюіне кедергі келтірмеуі қажет. Ананың бала жанынан табылуы, онымен сөйлесуі, эмоционалды қарым-қатынасқа түсуі – осының бәрі баланың әрі қарай өсуі мен денсаулығына және оның өмірлік жолына тікелей әсер етеді.
Дербес Қазақстан мемлекетінің ертеңгі болашағы – бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне тікелей тәуелді. Өскелең ұрпақтың рухани жан-дүниесін білім нәрімен сусындатып, халықтың ерте заманнан жинақталған асыл мұрасымен байытып, ұлттық дәстүрлердің озық үлгілерін санасына сіңіріп, Абайша сөйлесек: «Көкірек көзін оята тәрбиелеу» – ата-ана жауапкершілігінен басталып, мектепте жалғасып, бүкіл қоғам болып көтеретін жауапты міндеттердің бірі болып табылады. Осы міндеттерді шешу жолында дұрыс тәлім-тәрбие беру нәтижесінде тәрбиелі бала, мейірімді ана, ұлтжанды, инабатты тұлға тәрбиелеп шығарсақ, қазақ елінің дамуы ғасырлар бойы жалғасын табатынын сөзсіз.
Дариға Құрманалы.