Көкбазар

254 Views

Бүгінгінің жәрмеңкесі де, көрмеңкесі де көкбазар болып тұр ғой. Көк базарсыз көзіңіз көк, сөзіңіз сөк, өзіңіз жоқ деген сөз.
Сонымен сіз боп, біз боп көкбазарға барып қайтсақ қайтеді. Базарға бару үшін көди-сөди алып қалу үшін де, бағасын естіп талып қалу үшін де, әзірленіп бару керек.
Одан кейінгі керегі – ақша. «Ағаш» та болса. Ақша деген айналып келіп түпкі «ата-бабасын» тапты ғой ақыры. Қағаз атаулы ағаштан жасалады емес пе?
Ал ақша қайда? Банкте. Банк деген банк емес – құдды бір танк. Тас қорған. Бронынан бір сөзің өтпейді. Жинақ банкісіне жиналып кіріп, шашылып шығасың. Адам құсап күліп кіріп, ит құсап ұлып шығып жатқандар да бар. Әрине, содан кейін «шөлкей» жақсы. Тышқан тессе де үйіңде, әйтеуір. Ақша ауысады екен деген сыбыс шыққалы қашан? Одан бері де талай таныс әйелін ауыстырып үлгерді, ал ақшаның ауысатын түрі жоқ.
Қойшы, сонымен қолдағы барды жиып көкбазарға барайық.
Ой-хо-ой, көкбазар дегеніңіз – отбазар боп жанып жатыр. Алушыдан сатушы көп. Қазір кемпір-сампырың да, шал-шауқаның да коммерсант боп кетті ғой. Бірінікін алып, біріне сатады. Өзді-өзін алдап жүрген жұрт, әйтеуір. Базардың мына басын берген жыртық бес сомыңды ана басына барғанда «сдашқа» аласың.
Міне, мына бір кемпір жалғыз-сыңар етік сатып түр.
– Апа, бұл етік қай аяқтың етігі? – деп сұрамаймыз ба?
– Қарағым, бұл етік оң аяққа да, сол аяққа да жарай береді…
Ал әйтпесе!
Мына бір екі кемпір жұмыртқа сатып тұр екен. Біреуінікінің бір данасы – 5 сом, екіншісінікі – 8 сом.
– Ім… кешіріңіз, сіздің жұмыртқаңыз неге қымбатырақ?
– Өйткені, бұл қара тауықтың жұмыртқасы!..
Әнекей. Сөйтеді бұлар. Әнебір жерде «тыржалаңаш» екі тауық жатыр. Біреуі – 300 сом, екіншісі – 400 сом.
– Кешіріңіз,.. сіздің тауығыңыз неге қымбат?
– Мына кісінікі – қаланың тауығы, менікі – даланың тауығы!..
Ім-м… Әне, сөйтіп сорт-сорт бөліп қойған. Даланың тауығы – таза ауа жұтқандықтан да бағасы өскен ғой.
Міне, мына бір азаматтың қолында бір бөтелке арақ.
– Кешіріңіз… мынауыңыз арақ па әлде ацетон ба?
– Оны ішкеннен соң көресіз де…
Әне жауабы да дайын, сауабы да дайын. Мына бір қыз ұялмай-қызармай темекі сатып тұр-ей. Тесіреюін қарашы.
– Атың кім, қалқам?
– Қымбат…
– Сен ғана емес, бүгінде дүниенің бәрі қымбат. Әке-шещеңе айта бар, енді сәбилі болса атын Арзан қойсын.
Сонымен жайма базардан өттік. Енді базардың ішіне кірейік. Ет жаққа барсақ па екен. Бармай-ақ, қойсақ па екен. Сатушылардың түрі жаман, өзіңді тірсегіңнен іліп қоюдан тайынбайды.
Қой, соғым уақытысы ғой, көрсек көре салайық. Мына бір сатушының жүзі жылы екен, осыдан бірдеме-сірдеме сұрай қояйықшы!
– Кешіріңіз… сізде… ми бар ма?
– Не-ме-не? Ақымақ, өз миыңды аузыңа түсірейін бе!
— Жо-жоқ… кешіріңіз… маған сіздің емес, сиырдың миы керек еді…
— Ә-ә…онда бар.
— Бар болса маған бір уыс ми бермес пе екенсіз?
— Бізде ми деген сол ми тұрған «ыдыспен» қосып сатылады.
— Кешіріңіз… онда керегі жоқ.
Пәлесін қарашы өзінің, бір уыс миға бола маған абадай сиырдың бас сүйегін құшақтатып жібермекші ғой. Оны қайтейін, маска қылып киемін бе?!..
Қой, әрірек барайық.
– Кешіріңіз… мынаның тілі неге шығып кеткен?
– Сиырды сойғанда сүйтіп тілі шығып кетеді.
– Жоқ, кешіріңіз, мен сиырды емес, сіздің көршіңізді айтып тұрмын…
– Ә-ә… саудасы жүріп бергенде сатушы сүйтіп сүйсінетіні бар.
– Ім-м… кешіріңіз… мынаның қабырғасынан қандай қазы шығар екен?
– Кімнің? Көршімнің бе?
– Жоқ, мына жылқының…
– Табан шығады, табан! Жалтырат қане табаныңды, басты қатыра бермей!..
…Сонымен соғым жағын аралап көрдік. Пай-пай, шіркін, соғым деп біздің алғашқы қауымдық құрылыстағы ата-бабаларымыздың соғымын айтсаңшы. Балықтай бір динозаврды атып алады да қыстай шетінен кертіп жеп жатады.
Қой, былай барайық. ‘
– Ім… кешіріңіз… мынау қымыз ба?
– Да, да, кумыся, кумыся…
Ой, алла-ай, корейстердің бие байлағанын бірінші рет көріп тұрмын!
Былайырақ жүрейік. Мына бір үйіліп тұрған алма ғой деймін.
– Шырағым, мынау алма ма?
– Иә, алма, алма. Алыңыз,.. алыңыз,..
– Өзің алма деп тұрсың ғой. Дәмін көрейін енді. Ойбай, мынаның ішінде құрты бар ғой!
– Алыңыз, алыңыз. Ертең сол құртты да таппай қаласың…
Қой айналайын, кетейік бұл жерден. Әнебіреу жерде картопия сатып жатыр ғой деймін. Әй, бірақ, қай бір оңған картопия дейсің. Колорадо қоңызынан қалған құтқан бірдеңе де…
– Ім… кешіріңіз… мынау сәбіз бе?
– Иә, сәбіз, сәбіз, алыңыз…
– Қай жақтыкі?
– Сайрамдыкі…
– Ім… Бәсе, қолақпандай екен өзі… Апасы келсін де! Хи-хи-хи!..
Мына сәбіз… мына сәбіз… тап сіздің мұрңыңыз сықылды екен…
— Сіз… сәбізді емес… кәкірәз менің мұрнымды ұстап тұрсыз!..
— А?! Ойбай!..
… Қойшы, сонымен көкбазардан шығасыз. Пұлдаған көк тиыныңыз жоқ. Жер көктайғақ. Адам көп, адамнан машина көп.
Сосын ойлайсыз: қой, ырымға болса да бірдеңе алып қайтайын деп. Жан қалтаңызды қарасаңыз… кәшәлөгіңіз жоқ! Сіз анда қарап, мында қарап тамсанып жүргенде ұры-қарылар жанқалтаңызды лезвімен кесіп кәшәлөгіңізді қағып кеткен!
Енді не істеу керек? Отыра қап ойбайлағаннан түк те шықпайды. Милиция өзіңді сүйрелейді қайта. Содан кейін, амал жоқ:
Көкбазарың көк болсын,
Жеміс-жидек көп болсын.
Бәрін айт та, бірін айт,
Елім-жұртым тоқ болсын! Аумин! – деп базарға қарап бата бересіз де үйіңізге қарай сүмірейіп кете барасыз. Міне, битіп…

Поделиться ссылкой: