Ұлы халықтың – ұлы Абайы

174 Views

Қарға тамырлы қазақта ақын көп. Бірақ соның бастауында – Абай Құнанбайұлы тұр. Дана Абайды ақын ғана емес, ұлтымыздың мақтан тұтар ғұлама ойшылы деуге болады. Оның ғұламалығын өзі жазып қалдырған қара сөздері айғақтап тұр.

10 тамыз, яғни өткен аптада республика аумағында Абай күні тойланды. Барлық мерзімді ақпарат құралдары хакім Абай туралы құлаш-құлаш мақала жариялады. Аудандық газет те одан қалыс қалған жоқ. Ол дегеніңіз – ұлт ұстынына айналған ұлы Абайға деген ерекше құрметтің белгісі болса керек-ті.
Өткен жұмада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері әдеби поэзиялық кеш ұйымдастырды.
«Ұлы халықтың – ұлы Абайы» деп аталған әдеби-сазды кеш орталық алаңда өтті. Халық та бұл кешке көптеп келді. Өйткені, хакім Абайдың нақыл сөздері есті қазақтың жүрегінде деп ойлаймыз.
Аталмыш әдеби-сазды кеште Басқар Битанов атындағы халықтық театр әртістері «Абай» композициясын қойды. Бұл қойылым жұрттың көңілінен шықты. Содан соң Абай Құнанбайұлының «Сегіз аяқ» әнін дәстүрлі әнші Жансая Сәрсенбаева ұлттық аспабымыз домбырамен орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына кенелді. Жансаяның ән салған кезде арқаланып кететіні бар. Өйткені, ол – нағыз талант иесі. Бұдан бөлек Жансая Сәрсенбаева халық әні «Ақеркені» де шырқады. Содан соң Ерболат Құлышев, Тұрсын Міржақыпов, Тұңғышбай Сәдуақас үштігінен құралған «Достар» триосы Алтынбек Қоразбаевтың «Туған жер» әнін келісті орындады. Айдана Лесқұл Ұшқын Жамалбектің «Халқым-ай» әнін шырқаған сәтте халық ерекше қошемет көрсетті. Қоңыр дауысты әнші Нұрлан Әмірбетов бір емес, екі ән салды. Әуелі «Мерекем» әнін орындаса, Үсен Адалғанның «Қойлы ауыл» әнін орындаған кезде орталық алаңға жиналған көпшілік «Пах, шіркін!» десті.
Ал Айкен Асан Диана Исмаилдың «Ауылым», Ержан Серікбаевтың «Мерекем» әндерін орындаған кезде осы әндерді жұрт әншімен бірге қосыла шырқады.
Біз сөз басында ақындықтың бастауында Абайдың тұрғанын текке жазғанымыз жоқ. Мұқағали айтпақшы, «Абай – Гималай».
Біз мақаламыздың соңын Абайды құрғақ сөзбен мадақтаудан гөрі оның ойшылдығын дәлелдейтін ғибратты сөздерімен қорытындылауды жөн көрдік. Хакім Абайдың:
– Күшік асырап ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты.

Адам – бүгін адам, ертең – топырақ.

Қолдағыңды қорғап бақ, – деген сөздері қалың қазақтың жүрегінде мәңгіге қалады.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: