270 Views
Мемлекет басшысы осыдан бірнеше жыл бұрын әкімдердің есеп беру форматының ескіргенін, олардың баяндамалары жадағай цифрлардан құрылатынын, осының бәрі жергілікті жұртты әбден жалықтырғанын айтып, қатаң сынға алған еді. «Біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Сонымен бірге кері байланыс орнатудың пайдасы зор. Өкінішке қарай, халықпен төте байланыс барлық жерде бірдей емес, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар. Мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайды. Осы уақытқа дейінгі оңтайлы реформалардың бәрі жергілікті жерлерге келіп тіреледі. Егер әкімдер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, көптеген өзекті мәселелерді тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады. Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесіп, барлық елді мекенді аралауға тиіс», – деген ел Президенті жаңа Жарлыққа қол қойған болатын. Ол – 2022 жылдың 3 наурызында қабылданған Жарлық еді. Онда Президент елді мекендерден бастап, аудан, қала, облыс деңгейіндегі барлық әкімдерге халықпен тікелей қарым-қатынаста болуды, жағдайды толыққанды білуді, мәнді мәселелерді жедел шешуді басты міндет ретінде бекітіп берді.
Бүгінде осыған қатысты жаңа форматта халықпен кездесулер тәртібі бекітіліп, әкімдер бұрынғыдай жылына бір рет емес, әр тоқсан сайын ауыл тұрғындарымен кездесуде. Дәл сондай кездесулердің бірі сәрсенбі күні Абай ауылдық округінде аудан әкімі Ернар Есіркеповтің қатысуымен жалғасын тапты.
Жалпы соңғы кездері Абай ауылы ауқымды жобалар аймағына айналып келеді. Олай деуге толықтай негіз бар. Мұратбек Дәкенұлы басшылық ететін ауыл «Ауыл аманаты» жобасына енгелі бері әлеуметтік-экономикалық жағдайы біршама тұрақталған. Жаңа кәсіпорындар ашылып, ірі жобалар да іске аса бастаған. Ол туралы кейінірек баяндайық. Алдымен, ауылдық округте өткен кездесу туралы ақпар беріп өтейік.
Жиынды аудан әкімі Ернар Есіркеповтің өзі ашып, әдеттегідей аудан аумағында жүзеге асып жатқан жобалар мен жұмыстарды баяндап берді. Әсіресе, ауылшаруашылығы, білім, спорт, мәдениет саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп, құрылыс жұмыстарының қарқыны артқандығын сөз етті.
– Ауданда атқарылып жатқан жұмыс көп. Р.Сәбденов, Ақыртөбе елді мекендерінде жаңа спорт кешені салынып жатса, Көгершіндегі дәл осындай нысан аяқталуға жақын. Көгершін демекші! Аталмыш ауылда тағы да бір нысан бой көтеруде. Ол – мәдениет үйі. 90 орындықты нысанның құрылысы сәтті аяқталса, алдағы уақытта аталмыш мекеме ауыл азаматтарының рухани қажеттілігін қанағаттандыратын болады. Спорт нысаны мен мәдени ошақ алдағы уақытта Жаңатұрмыс елді мекенінде де бой көтермек. Сонымен қатар, аудан орталығында жаңа мектеп құрылысы да жүруде. Егер ол аяқталатын болса, біз 300-ге жуық баланы сапалы біліммен қамти аламыз. Күрделі жөндеуден де өтіп жатқан нысандар бар. Соның бірі – Луговой ауылындағы 150 орындықты мәдениет үйі. Бүгінде құрылыс жұмыстарына қомақты қаржы бөлініп, ғимараттың іші-сырты толықтай жөндеуден өтуде. Бұл тізімге сондай-ақ, 43 шақырымдық жолдың жөндеу жұмыстарын да қоссақ болады, – деп аудан әкімі ірі инвестициялық жобалардың бірқатарын атап, бастамалар сәтті жүзеге асып жатқандығын жеткізді.
Аудан басшысы тек жағымды жаңалықтар ғана емес, жуық арада алдынан шыққан ауқымды проблемаларды да қозғады. Ол әрине – су.
– Жаз мезгілі келе салысымен-ақ, бізде тіршілік нәрі жетіспей жататыны белгілі. Биыл біраз елді мекен осы мәнді мәселемен бетпе-бет келді. Тіпті, аудан орталығы саналатын Құлан ауылында да бұл проблема бар. Биыл оны шешу үшін шұғыл шешімдер қабылданып, тиісті жұмыстар басталды. Дәл қазіргі таңда «Арай» алқабында жаңа су имараты салынуда. Осы бағыттағы жұмыстар әрмен қарай да жалғасын таба беретін болады, – деп «Қарақат» каналын жөндеу жұмыстарына қатысты қабылданып жатқан шараларды тізбектеп берді. Аудан әкімі өз сөзінде абайлықтар үшін жасалынып жатқан жұмыстарды да атап өтті. Тұрғындардың тілегін орындау мақсатында биыл Жастар мен Самал көшелеріне жаңа жол түсетінін айтты да, кезекті сөзді тұрғындарға берді. Тұрғындар ауылға мәдениет үйі мен спорт нысанын салу, жарық орнату, жедел жәрдем көлігі мен егістік жерге арналған тыңайтқыштарды алу сынды мәселелерді көтерді. Өтініш-тілектердің барлығына заңды түрде түсініктеме берген аудан әкімі мәселелердің шешу жолы уақыт пен қаржыға келіп тірелетінін ескертіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ізінен жиынды қорытындылап, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы тұрмысын түзеген бірнеше тұрғындардың ауласын аралап көрді.
Аудан әкімі бас сұққан алғашқы шақырақ Серік Камаловқа тиесілі. Ол бүгінде жобаны жоспарлы түрде пайдаланып, екінші бағыт бойынша 5 600 000 теңге көлемінде қаржы алған. Оған 10 қой мен 10 Зеңгі баба тұқымын сатып алыпты. Қуаныштысы сол, алған малының бәрі де төлдеген. Бұл – бір. Екіншіден, Серік ағамыз тек қорадағы малды төлдетіп отырған жоқ. Қосымша үй іргесінде бос жатқан жерге қызанақ пен қияр дәнін ерте көктемде жасырыпты. Бүгінде өз өнімін беріп тұрған алқапқа қарасаңыз, көз қуантады. Қиярдың келісін 150-ден, қызанақты 250 теңгеден саудалап жатқан отбасы осы күніне қанағат ететінін жеткізіп, мемлекет саясаты дұрыс жолда өрбіп жатқанын айтты. Аудан әкімі Серік Камаловтың дәнекерлеу цехының жұмысымен де танысып, жоғары баға берді. Сондай-ақ, бақшадағы өнімдерді жәрмеңкеге шығаруға толық мүмкіндіктері бар екенін айтты. Мемлекеттік бағдарламаның шапағатына Серік ағамыздың көршісі Арыстан Айдарбеков те бөленген екен. 5 700 000 теңге көлемінде қаржы алған ол оған 67 қой, 2 сиыр, 2 жылқы алған. Сиырлары биыл төлдепті. Арыстан ағамызда көршісі секілді шарбағына қызанақ пен қияр еккен. Алдағы уақытта Арыстан мырза да өнімді өткерудің жолын қарастырып жүргенін айтты.
Абай ауылында бөлінген қаржысы қомақты ірі жобалар да бар. Соның бірі – макарон цехы. Эльвира Атханова жүзеге асыратын жобаның ауқымы да кең. Бүгінде цехтың құрылысымен айналысып жатқан кәсіпкер алдағы уақытта жоба жүзеге асса, 7-8 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтуға мүмкіндігі барын айтып, 7 түрлі макарон түрін шығаруға қауқарлы екендігін алға тартты. Айта кетейік, тәулігіне 3 тонна өнім шығаратын цехқа жоба аясында 17 млн. теңге бөлінген. Абайда дәл осындай қаржыға ауыл тұрғыны Ғани Шұлғаубай да құрылысқа қажетті профнастил даярлайтын цех ашқан. Жұмысын бастап кеткен кәсіпкер аталмыш өнімді тапсырыс берушінің қалауынша шығара алатынын айтады. Кәсіпкердің жұмысымен жақын танысып, риза болған аудан әкімі жас жігіттің баянды бастамасына сәттілік тіледі.
Тілші түйіні: Бәрін айт та, бірін айт бүгінде абайлықтардың айы оңынан туып тұр. Кезінде «Үлгілі ауыл» атанған елді мекеннің жағдайы қазіргі таңда біршама жақсарған. Ауылда жоба арқылы мал басының саны артып, тұрғындардың тұрмысы түзелген. Бұл – береке мен бірліктің, ынтымақтастық пен ұйымшылдықтың арқасында жүзеге асып жатқан жақсылықтар.
Жәнібек СҰЛТАН.
Поделиться ссылкой: