Медициналық сақтандырудың маңызы зор
Медициналық сақтандырудың маңызы зор
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің әр жылдардағы халыққа арнаған Жолдауларында медицина саласына айрықша көңіл бөліп жүр. Әсіресе, бұл салада халықаралық тәжірибелерге иек артып, дамыған мемлекеттердің озық стандарттарын отандық медицинада қолдану қажеттігін үнемі айтып келеді. Соның бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Әлемде мойындалған медициналық сақтандыруды елімізде жүзеге асыру идеясын Елбасы 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында атап өтті. «Саламатты өмір салтының орнығуы, медицинаның дамуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттырады» дей келе «Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Міндетті медициналық сақтандыру енгізу мәселесін зерттеген жөн. Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі – медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі» деген еді. Ал, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек» деп Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі күн тәртібінен түспей, оның артықшылықтары халық арасында кеңінен түсіндірілуде. Ауданымызда да медициналық сақтандыру аясында көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен, тұрғындар, жұмыс берушілер мен медициналық қызметтерді берушілер арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты өткізіліп тұрады. Нақты айтқанда, медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша аудандық штаб құрылып, іс-шаралар жоспары мен елді мекендерге шығу кестесі жасалды. Осы кестеге сәйкес, аудандық Қоғамдық кеңес және штаб мүшелері 2018 жылдың 26 қазанына дейін 728 жиналыс-семинарлар өткізіп оған 30602 адам қатысты. Тұрғындарға 8660 дана парақша, 230 буклет таратылды. Бұдан бөлек, 21 ашық есік күні өткізілді. Аудандық аурухана мен емханада, сондай-ақ, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында міндетті сақтандыру жүйесі бойынша бейнероликтер көрсетіледі. Аталған жүйе туралы әлеуметтік желілерге, аурухана сайтына ақпараттар орналастырылды. Сонымен қатар, облыстық еңбек испекциясының басшысы С.Айдапкеловтың төрағалығымен ауыл әкімдері, жұмыспен қамту, салық органдары мамандарының қатысуымен еңбекке қабілетті жастағы адамдардың әлеуметтік статусын анықтау, заңды түрде салық орындарында тіркеу туралы 2 семинар тренинг өткізілді.
Бастапқыда жұрт аталған жүйеге сақтықпен, күмәнмен қарағанымен қазіргі кезде бұл құрылымның тиімділігіне көз жеткізіп келеді. Әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы медициналық көмектің қол жетімді бола түсетінін түсінді. Десек те, бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын тоқтатпау қажет. Өйткені, халық арасында әлі де болса сақтандыру жүйесінің маңызын толық түсіне бермейтіндер табылады. Олар аталған медициналық сақтандырудың маңызын жете түсінуі тиіс. Сонда ғана денсаулық сақтау жүйесіне әркімнің қатысу деңгейі мен жауапкершілігі нақты айқындалатын болады.
Бейсен ӘЛПЕЙІСОВ,
аудан әкімінің орынбасары.