Қарақаттың қазыналы қарттары
«Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек». Бұл – біз айтқан сөз емес. Ол – «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында айтылған орамды ой ғана. Оймақтай ғана болса да, түйсігі бар адамға терең ой салары хақ.
Жалпы «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы мен үшін сәтті жүзеге асқан жобалардың бірі әрі бірегейі. Сананың ашықтығын, қайта жаңғыруын, бәсекеге қабілеттілік пен адами капиталдың дамуын, ұлттық бірегейліктің сақталуын үндейтін мақалада көптеген көңілге һәм ойға қонымды дүниелер айтылған. Солардың бірін жоғарыда мысал ретінде келтірдік… Айттық… Енді орындауға көшейік…
Қарақат – Құлан ауылдық округіне қарасты елді мекен. 150-ге жуық түтіні, 1000-нан астам тұрғыны бар шағын ғана ауыл. Ынтымағы мен берекесі жарасқан, біршама инфрақұрылымы қалыптасқан елді мекен. Өз алдына мәдениет үйі, кітапханасы, білім ордасы бар. Ауыл аумағында көгілдір отынның да, ауыз судың да жүйесі толықтай жүргізілген. Мектеп маңында шағын футбол және балаларға арналған ойын алаңы да бар. Барлығы да ауыл тұрғындарына жайлы жағдай жасау үшін істелген дүниелер. «Бұл күнге қарақаттықтар қалай жетті?» деген заңды сауал санаңызда тұрған болар. Жауабымыз – нақты болсын. Әрине еңбекпен. Кеңес Одағы дәуірінде ауылшаруашылығы мықтап дамып, тәтті түбірді көптеп өндірумен айналысқан шағын кеңшар бүгінде сол қалыптасқан үрдісін жоймаған. Ауыл халқы әлі күнге дейін диханшылықпен, төрт түліктің басын көбейтумен айналысып келеді.
Өткен аптада аудандық газеттің редакциялық тобы аталмыш ауылға барып, қазыналы қартқа айналған, «Дәулетбай» шаруа қожалығының жетекшісі Үмбет Жанаділовтің шаңырағында болды. Ондағы басты мақсат – жоғарыда аталған мақаладағы тапсырманы тиянақты орындау. Яғни, өмірі үлгі-өнегеге толы қарттармен тілдесіп, олардың жүріп өткен жолын жас ұрпаққа үлгі етіп көрсету.
Үмбет ақсақал ауыл ағасы әрі белсендісі ғой. Біз барғанша ауылдың ақ жаулықты аналарын бір жерге топтастырып қойыпты. Соның бірі – Рәткүл Ниязбаева. 1946 жылы Құмарық ауылында дүниеге келген анамыз 1965 жылдың наурызында ауылдағы Наурызбай ақсақалдың келіні атанған. Содан бері Жайлау жолдасы екеуі ғибратты ғұмыр кешіп, бес қыз, екі ұл тәрбиелеп, көкжиегін кеңейткен. Рәткүл апамызбен тілдесу барысында оның бойынан еңбекқорлық пен қарапайымдылықты аңғардық. Сөзінен, мінезінен қара жұмысты көп істегені байқалады. Дәл осындай адам бойындағы жеке қасиеттерді Рәткүл апамыздың жанында тұрған Бейсекүл Шарғынқызының тұлғасынан да байқадық. Үмбет атамыздың аяулы жары атанған апамызда қара жұмыстың арқасында әбден ысылғаны көрініп тұр. Қателеспеген екенбіз… Әңгіме барысында апамыз қант қызылшасы алқабында ұзақ жылдар бойы еңбек еткенін жасырмады.
– 1949 жылы 1 қыркүйекте Көкдөнен ауылында дүниеге келдім. 1966 жылы қойнауы қазынаға толы Қарақат жеріне келін атандым. Талай жылдар бойы қызылша алқабында еңбек еттім. Ешнәрсеге өкінбеймін. Еңбекпен өстік. Нанымызды таптық. Соның арқасында 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде 24 немеренің, 25 шөберенің ардақты әжесіне айналып отырмыз. Шүкір… Тек көңілге қаяу салатын бір жайт бар. Ол – батыр ұлым Жеңістің арамызда жоқтығы, – деп, қарақшыларды құрықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан Жеңіс Үмбетұлы жайында кеңінен ой қозғады.
Құқық қорғау саласында еңбек етіп, 1996 жылы батыр ұл атанған Жеңістің бойында ерекше қырлардың барын талай жылдар бойы білім саласында еңбек еткен ұстаздар Алшакүл Жанасова мен Бейсекүл Төлеуішова да растады. Ұлағатты ұстаздар Жеңістің батыр боларын бала кезінен-ақ байқағандарын айтады.
Алшакүл Жанасова аталмыш ауылда 1948 жылы дүниеге келген. Орта мектепті 1966 жылы аяқтап, Алматы қаласындағы мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының білімгері атанған. Жоғары білім ордасын аяқтай салысымен-ақ, еңбек жолын 1970 жылы Қарақат ауылында бастаған. Еңселі еңбегі үшін 1986 жылы «Қақақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталған. Алшакүл апай тәрбие мен білім берген шәкірттер бүгінде түрлі салаларда еңбек етіп, ел дамуына сүбелі үлес қосып жүр. Бүгінде Алшакүл апамыз тек қана ұлағатты ұстаз ғана емес, сондай-ақ, аяулы ана, ардақты әже. 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген ұстаз дәл қазіргі таңда 16 немере мен 7 шөберенің әжесі.
Алшакүл апамыздай білім саласында еңбек етіп, бүгінде сол бейнеттің зейнетін көріп отырған жандардың бірі – Бейсекүл Төлеуішова. Бейсекүл әже бүгінде 6 ұл-қыз өсіріп, 18 немересінің қызығын көріп отырған бақытты әже. 1949 жылы Жуалы ауданына қарасты Шақпақ ата ауылында дүниеге келген Бейсекүл апа да жастарға сапалы білім мен тәрбие бергені үшін талай рет облыс, аудан басшыларының қолынан марапатталған. Еңбек жолын 1966 жылы бастаған ұстаз Ш.Уәлиханов, «Октябрьшаруа» орта мектептерінде 40 жыл бойы бастауыш сынып мұғалімі болған. Ол бүгінде еліне сыйлы, ауылдастарына қадірлі де құрметті адам. Құрметті демекші! Тілге тиек ете кетейік… Біз бүгінгі мақалада атын атап, өмір жолын жіктеп жазып шыққан барлық кейіпкерлеріміз Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаровтың қолынан «Құлан ауылының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталған жандар.
Қалай десек те, қарттар – біздің қазынамыз. Олардың жүріп өткен жолын, еңселі еңбегін дәріптеу – ортақ ісіміз. Сондықтан да бүгінгі мақала басылым бетіне жарияланып отыр, алдияр оқырман. Бұл – бір. Екіншіден, сіздерге алақандай ауылда жүріп-ақ, еңбек етіп, өздерінің өмірлік миссиясын орындап жүрген жандар жайлы сыр шерткіміз келді. Ал үшіншіден «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында тілшілерге тапсырылған міндетті қолдан келгенше орындадық. Қазыналы қарттарымыз аман болсын! Барымызды бағалай білейік, ағайын!
Ж.КЕҢЕС.