Тілтану ғылымының атасы

263 Views

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ ғылымында да, әдебиетінде де, әдеби теориясында да, қазақ тарихында да өзіндік қолтаңбасы бар.
Жастайынан зерек болып өскен Ахмет білім үйренуге зор ықыласпен ұмтылған. Өзі оқуын бітірген соң, орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, меңгеруші қызметін атқарған. Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлы алдына келген шәкірттің жүрегіне ілім сәулесін құюмен шектелмеді. Ахмет Байтұрсынұлы өз заманында қатарластарынан оқ бойы оза шауып, ел ертеңін бағдарлай білген. Ол туған халқын бодандық шырмауынан шығаруды ойлап, көпшілік дәрменсіздік танытатын басшыларға ойын ашық айтты. Жаңа оқулықтар жазуға басшылық етіп, газет шығарды. Ұрпақ санасын оятар өлеңдер жазып, күллі халықты оқу-білімге ұмтылдырды. Әдебиеттану мен әдебиет теориясының негізін қалап, қазақ тіл біліміне арнап «Тіл – құралды» тудырған, түрлі әдістемелік мақалаларды жазып, өз тәжірибесі арқылы алғаш оқыту әдістерін ұсынған да Ахмет Байтұрсынұлы болды.
«Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» деген нақыл қазақта тек­тен-текке айтылмаса керек. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілтану ғылымының қалыптасу, даму кезеңіне де бей-жай қарамады. Тілтану ғылымының әр саласын жеке қарастырып, өзге тілдермен салыстыра, байланыстыра зерттеді. Шетел ғалымдары ұсынған терминдерге өзгеріс енгізіп, қазақ тілін­дегі баламаларды ойлап тапты. Дыбыстардың айтылу ерекшелігі, тілдегі әр сөздің өзіндік қызметі мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Қазіргі лингвист ғалымдар еңбегінің сүрлеу жолын өзі салып беріп, көктегі «Темірқазықтай» қызмет атқарып тұрғаны жасырын емес.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәкен Сейфуллин: «Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды. Халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті», – деп Ахметтің адамдығына өз бағасын берген. Ұлты үшін жанын аямай іс жасау – тек «нағыз адамның» қолынан келер іс. Дүрбелең кезеңде саяси мәселелердің түйінін шешумен ғана емес, елдің білімі мен ғылымының дамуына аса ұқыптылықпен атсалысуы ерен еңбек деп білемін.
Ахмет Байтұрсынұлының есімін ұлықтау, еңбектерін насихаттау, оның ізінен еріп, ілім-ғылымға көңіл бөлу – бүгінгі ұрпаққа парыз. Оның бар еңбегі ешқашан маңызын жоймайтын құнды қазына.

Балауса Мақсатқызы,
Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: