Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілесің…

1 543 Views

Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілесің…

Бала – өмірдің жалғасы, шырағы, тіпті, ол – сіздің өміріңіздің бар мәні десек те болғандай. Өз болашағын ұрпағымен елестететін халқымыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген.

Қазақтың байырғы өткеніне үңілсек, халқымыз перзентін тал бесіктен тәрбиелеген. Бесікке бөлеудің өзі – оның дене мүшелерінің түзу өсуі үшін қажет болған, ал ананың әлдиі – баланы мейірімділікке баулыса, әкесінің қаталдығы темірдей тәртіпке үйреткен. О баста аналар баланы үш жасқа дейін, ең болмағанда бір жасқа дейін емізетін болған. Тіпті, һәкім Абайдың анасы Ұлжан оны дәретсіз емізбеген деп те айтып жатамыз. Бәлкім, қазақтың ұлы ақыны Абайдың мінез-құлқындағы тазалық пен шынайылық содан да шығар? Ал қазір ше? Қазіргі аналарымыз өз баласын солай тәрбиелей алады ма? Бесікке бөлеп, бесік жырын айту, әжелеріміздің батырлық пен қайсарлыққа тәрбиелейтін ертегілері, әкелеріміздің еңбекке үйретуі мен салт-дәстүрлеріміздің орындалуы сияқты дүниелерді қазіргі таңда көре бермейміз.

Бала тәрбиесі айтарлықтай, оңай дүние емес. Себебі, оны тәрбиелеу үшін бірінші өзіңізді тәрбиелеу керек. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керектігін балаға ауызбен айтып емес, ісіңізбен дәлелдеген жөн. Бала ең алдымен ата-анасына қарап өседі. Сондықтан да, ешқашан баланың алдында өтірік айтпай, уәде берсеңіз міндетті түрде орындаған жөн. Баланың сұрақтарына да ойлана отырып жауап беру керек. Ұрпағыңыздың алдында өзіңізді барынша мәдениетті және сыпайы ұстағаныңыз абзал. «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейтін ата-бабамыз перзентінің алдында кері қылық жасамаған және өзін мінсіз етіп көрсетуге тырысқан. Өйткені, олар қызы қияға, ұлы ұяға қонғанда өз ұясынан алған тәлім-тәрбиесімен өмір сүрерін білген.

Жазира БЕКАЙДАРОВА,

«Балбөбек» бөбекжай

бақшасының музыка жетекшісі.

Поделиться ссылкой: