Сіз Мәулітті білесіз бе?

260 Views

Мақала жазу ниетінде қолыма қалам алып, тақырып атын «Сіз Мәулітті білесіз бе?» деп қойғанды жөн санадық. Неге десеңіз, бұл тақырып арқылы екі ғаламның сәруары болған Ардақты елші Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайында көпшілік тереңірек біле жүрсін деген ойға келдік.
Дінімізде Мұхаррам, Сафар айынан кейін Рәбиғул Әууал айы келеді. Рәбиғул Әууал айын қазақшаға аударатын болсақ «алғашқы көктем, әуелгі ай, көктемнің басы» деген мағыналарды білдіреді.
Халқымызда Рәбиғул Әууал айын «Мәуліт айы» деп те атайды.
Мәуліт айы дегеніміз – бұл айда Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылған айына байланысты Оған (с.ғ.с.) көбірек салауаттар айтып, өмір тарихына зер салып, шолу жасап, өнегелі де ғибратты жолдарынан үлгі алуға әрекеттену.
Мәуліт дегеніміз – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылған кезеңін, туылған жерін, заманын еске түсіріп, өмір жолына түрлі шолулар жасауды айтады. Осындай керемет діни мерекеге арналып бағышталған әрбір садақалар, кембағалдарға көрсетілген қайырымдылықтар, діни кештердің баршасы Аллаға және Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббаттың белгісінен туындайды.
Рәбиғул Әууал (мәуліт) айында мұсылмандар қауымы өзара бірігіп, жақсылықты қолға алу мақсатында діни жиындар өткізіп, құран оқып, салауаттар айтып, дастархан жайып діни-дәстүрлік рәсімдерді өткізгенді кеңінен қолға алған. Мақсаттары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірге келген айын паш ету болып саналады. Нақтырақ айтар болсақ, Пайғамбар (с.ғ.с.) өмір жолына саяхат шегеді. Кезінде кейбір дұрыс емес ағымдардың бұл істерді құптамағанына тарих куә. Дегенмен, олардың мұндай таяз түсініктеріне дін исламның түрлі ғалымдары, мәшһүр ғұламалары тереңінен ойлы да жүйелі мағыналарымен өз жауаптарын беріп отырған. Солардың ішінде Хасан Басри, Имам Суюти, Имам Хәйсами, Имам Нәуаи сынды дана ғалымдарымыздың Мәуліт айын діни нақышта мереке етіп өткізу өте сауапты амалдардан болып саналатынын айтып өткен. Тіпті, адасушы ағымдарға жауап ретінде Сайфиддин әл-Хилидің «Сіздің (Уа, Алланың Елшісі! с.ғ.с.)’ бұл әлемге келуіңіздің нәтижесінде түрлі пұттардың оттары сөнді» деп басталатын діни дастаны да осылардың айғағы болса керек. Абдуррахман Шәләби: «Мәуліт дегеніміз – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолын үйрететін тарих пәнінің бір бөлігі», – деген екен.
Кезінде әке-шешенің мейіріміне зар болып өскен кейбір бауырларымыз біле жүрсін, Алла Елшісі болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да ата-анаға еркелеу, олардың қолдарынан ұстау, өз құрметін жасау секілді амалдарды жасай алмай, армандап өскендердің бірі болған еді. Амал нешік, жетім өсті, ұлғайды.
Арзымас кейбір қиыншылықтарға шыдай алмай жүргендер біле жүрсін, бір замандары Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да аштықтан ішіне тас байлап жүретін болған екен.
Өзін жалғыз өстім деп сезінетін­дер, санайтындар біле жүрсін, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да бір әке-шешеден жалғыз өзі ғана туылғандардың қатарынан еді.
Перзент сүю жолында өмірі қазан болып, сыналғандар біле жүрсін, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арғы өмірге өзінің 3 перзентін өз қолы­мен тапсырған.
Бір сөзбен айтқанда, Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) әр адам баласының басына түсуі мүмкін болған түрлі қиыншылықтар мен сынақтарды өз басынан өткерген.
Алла Тағала Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сіздер үшін Алла және ақырет күнінен үміті бар болғандар үшін Алланың Пайғамбарында көркем өнегелер бар» – делінеді. (Ахзап сүресі, 21 аят).
Әңгімемізді түйіндей келе айтарымыз, ерте заманда бір жұмыс беруші кісі өзінің 3 жұмысшысына өз қызметтерін (тапсырмаларын) бөліп беріпті. Біріншісіне арық қазуды, екіншісіне әлгі арықтың ішіне дән себуді, үшіншісіне әлгі себілген дәнді көмуді (бетін жабуды) тапсырған екен. Арада белгілі бір уақыт өткен кезде, қызметшілерінен хабар алуға келсе, бірі арықты қазып, екіншісі оның үстін жәй ғана жауып кетіпті. Жұмыс тапсырған кісі ашуланған халде себебін сұраса, әлгі екі кісі: «Біздер өз ісімізді орындадық, үшінші адамымыз келмеді» деп жауап беріпті.
Негізін­де бұл кісілер өз шаруа­ларының мамандары болмаған. Қайсыбір салада дәл осындай шалалық болатын болса, олқылыққа апарары сөзсіз. Нәтижесі дұрыс болмайды. Сол үшін де сол сияқты осындай діни мерекені (мәуліт) дін жолындағылар амалға асыратын болса, өз нәтижесі болары анық. Сондықтан әр адам мен дін жанашырлары өзара бірігіп айтулы мерекені өз уақыты мен кезеңінде жұмыла өткізуге атсалысатын болса, нұр үстіне нұр болары ақиқат.
Сөзіміздің соңында айтарымыз, Мәуліт айы мүбәрак болсын!

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой: