Айтайын дегенім…

726 Views

КАРЛ МАРКСТІҢ ТАС МҮСІНІ ҚАЖЕТ ПЕ?

немесе батыр бабамызға еңселі ескерткіш орнатсақ…

«Құлан таңы» газетінің тұрақты оқырманымын. Газет бетіндегі жаңалықтарды үзбей оқып, аудан өмірінің даму динамикасын бағамдап отырамын. Соңғы кездері газеттің бет-бейнесі өзгеріп келеді. Жақсы дүниелер жазылуда. Жақсы бастамалар бар. Әсіресе, «Оқырман хаттары» айдары газет оқырмандарының талап-тілегін, ішкі толқынысын, ой-арманын ортаға салар таптырмас отауы болды. Оқырман хаттарын оқып отырып, менің де көптен ойда жүрген келелі мәселені көтергім келіп тұр.

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын  ұ л а н -ғ а й ы р аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан с ұ қ т а н ғ а н жат жұртқа А т а м е к е н н і ң қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.

Әр бір өлкенің  халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген еді. Ендеше, жоңғарлармен шайқаста ерлігімен көзге түсіп, Елбасы айтқандай елін, жерін, келер ұрпағы мына біздерді қорғаған батыр бабаларымыздың бірі – Болтай батырдың өмір жолын, оның ерлік істері мен тарихи тұлғасын бүгінгі ұрпақтың білгені жөн деп есептеймін. Қазіргі таңда Құмарық ауылындағы орта мектеп батырдың есімімен аталады. Ауыл адамдарының дені батырдың тікелей ұрпақтары. Осыны ескеріп, ауыл орталығындағы әбден тозып, ескірген Карл Маркстің тас мүсінінің орнына батыр бабамыздың еңселі ескерткішін орнатсақ деген ұсыныс айтқым келеді. Себебі, немістің саяси экономисті Карл Маркстің ауылға ешқандай да қатысы жоқ. Кезінде ауыл Карл Маркс колхозы атанып, атағы біраз шарықтағаны рас, алайда Тәуелсіздік алғалы да ширек ғасырдан асты. Ауыл өзінің тарихи атауын алды. Оның үстіне бұрын біз коммунизм теориясының іргетасын қалаушы тұлға ретінде оқып келген Карл Марксті қазіргі жас буын біле бермейді. Сұрасаңыз айта алмасы анық. Жаңылыспасам, қазіргі оқулықтарға да енгізілмеген.

Ал, батырға ескерткіш орнату үшін мемлекеттік бюджеттен ақша шығындаудың қажеті бола қоймас. Ел болып ептесіп-септесіп атқарылатын шаруа деп білемін. Бұл бір жағы, ауыл жастарының рухын көтеріп, бойларына патриоттық сезімді ұялатса, бір жағы, рухани жаңғыру аясындағы ауқымды шаралардың бірі болары сөзсіз. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

Шәкен ЖАПАРАЛИЕВ, Құмарық

ауылының тұрғыны, зейнеткер. 

Поделиться ссылкой: