Өрнек қалашығы – киелі мекен

201 Views

«Ұлы Дала» деп аталатын алып кеңістік қазақ халқы үшін қашанда киелі мекен, құтты қоныс саналады. Осынау сайын дала төсінде дүрмекті тірлік кешіп, тұрақты мекен еткен халықтың баршаға ортақ қасиетті жерлерінің бірі – «Өрнек қалашығы».
«Өрнек қалашығы» Т. Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылының оңтүстігінде 7,7 шақырым қашықтықта, Алтын су өзенінің жағалауында, Сұлутөр шатқалында орналасқан. Қалашық VIII-XII ғасырларға жататын архео­логиялық ескерткіш. 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени Мұралар тізіміне және 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген. Қалашықтың орналасқан жері мен ескі атауына қатысты там-тұм мәліметтер орта ғасырлық жазба деректерде кездеседі. Араб деректерінде аты кездесетін «Құлшұб» қаласы осы Өрнек қалашығы болуы ықтимал деген жорамал бар. Олай болса, Өрнек қарлұқтардың қарауындағы саяси-стратегиялық орталықтардың бірі болғандығы айқын. Қалашықтың топографиялық құрылымы мен ішкі құрылымдарында жүргізілген қазба жұмыстары отырықшылық пен қолөнердің барынша жоғары деңгейде қалыптасқандығын көрсетеді. Сонымен қатар мықты бекіністердің, мешіттің, бай мазарлардың болуы, бұл ескерткіш ірі қалалық орталықтың болғандығын дәлелдейді. Әлбетте, қалашықтың қа­лыптасуы мен даму тарихында, Ұлы жібек жолының маңызы жоғары екендігі даусыз. Күре жолдың бойында орналасқан Өрнек қалашығы да заманда ерсілі-қарсылы ағылған жиһанкездер мен саудагерлердің ат басын тірейтін тұрақты мекені болған. Талай тарихи оқиғалар мен тақ таласының, жойқын соғыстардың куәгері болған ескерткіш тарихымыздың баға жетпес қазынасы болып табылады.

Зәуре Сарманбетова,
тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы.

Поделиться ссылкой: