Ғылымға құштарлық

236 Views

Ернар бала кезден кітапқұмар болып өсті. Тіпті, бастауыш сыныпта оқып жүрген кездерінің өзінде қолтығынан әр саланы қамтитын түрлі тақырыптардағы әдебиеттер түспеуші еді. Әсіресе, та­рихи тақырыптағы шығармалар ерекше қызықтыратын. Оларды оқыған кезде мөлдір бұлақтан сусындағандай тойаттанып, ерекше әсерге бөленуші еді. Тіпті, кей кездері қиял құсын қанат қылып байлап, ғасырлар қойнауын шарлап, саяхаттағандай болушы еді. Адамзат баласы туғаннан бері жа­ңа­лық жасап, ғылымға бет бұруы, тал­пынысының сыры мен мәнін ашу ерекше қызықтыратын. Құпия сы­рын ақтаруға құштар еді. Осы құш­тарлық жасөспірім баланы тарихи әде­биеттерді тереңдеп оқуға, оны зер­делеп саралауға талпындыра түсті. Ендігі жерде өзінің жастығына қарамай тарихшы ғалымдардың еңбектерін оқу­ға, соны зерделеп зерттеуге ден қоя бастады. Осылайша, жас жеткіншектің санасында ғылымға деген құштарлық сезімі ояна бастағандай еді.
Әсіресе, жасөспірім баланы ұшқан құстың қанаты талатын, жортқан тұлпар­дың тұяғы мұқалатын ұлан-ғайыр Ұлы даланы мекен еткен ата-бабала­рымыздың жүріп өткен жолы, арғы тарихы бөлекше қызықтыратын. Соның сырын ашуға құштар болды. Тіпті, кей кездері ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізіліп, мемлекеттік қорғауға алынған ежелгі Құлан төбеге шығып, көне қаланың тереңіне көкірек көзімен ой жіберіп, сол заманның тұрмыс-тіршілігін сана сәулесімен пайымдағандай болушы еді. Оның бала қиялында әр төбешіктің қатпар-қатпар тереңінде тарих шежіресі жазылып қойғандай көрінетін де тұратын.
Осындай тарих құпияларын білсем деген құштарлық Ернарды осы пәнді тереңдеп оқуға жетеледі. Оның бұл ізденісі жеміссіз болған жоқ. 9 сыныпта тарих пәнінен облыстық олимпиадаға қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Ал, 11 сыныпта оқып жүрген кезінде «Дарын» республикалық ғылыми жоба бәсекесінде облыста жеңімпаз атанып, республикалық жарыста тағы да жүлделі орынды иеленді. 2001 жылы бала кезінен қиял түкпірінде жатталып қалған өзінің туылып өскен жері Құлан қалашығын зерттеп, «Құлан – орта ғасырлық қала» тақырыбында ғылыми жобаны үлкен сәттілікпен қорғап шықты. Бұл оқушылар арасында тұңғыш рет қорғалған ғылыми жоба болатын. Мектепті үздік бітірген Ернар республикалық ғылыми жоба­ның жеңімпазы ретінде Алматы қала­сындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факуль­тетіне емтихансыз қабылданды.
– Менің мектеп қабырғасында жүріп ғылыми жобаларға бетбұрыс жасауыма ұйытқы болған, ғылымға деген құштарлығымды оятқан Алтын Төреқұлқызы Байғабылова, Гүльмира Сырғатайқызы Махамбетова және Люд­мила Филиповна Кулыгина секілді ұстаздарыма алғысым шексіз, – дейді жас ғалым ұстаздары жайлы ерекше жылы лебіз білдіріп, – Осы ұстаздарым менің қиялыма қанат бітіріп, ғылыми зерттеу жасауыма көп көмектерін тигізіп, қолдау көрсеткенін ешқашан ұмытпаймын. Егер мен бүгінде ғылым саласында белгілі бір нәтижеге қол жеткізген болсам, бұл жетістікте ұстаз­дарымның да үлесі бар деп ойлаймын.
Иә, жас ғалым ұстаздары жайлы осылай толғанады. Өзім болдым, өзім толдым демейді. Бұл оның адамгершілік, имани қасиетінің ең биік шыңы болса керек.
Университетті үздік бітірген талапты жас сол өзі оқыған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқытушылық қызметте қалдырылды. Бұл оның педагогикалық кәсіппен және тарих ғылымымен түбегейлі айналысуына жол ашты. Студенттерге дәріс бере жүріп, өзі де білімін көтеруді бір сәтке ұмытқан жоқ. Ғылыми салада үлкен ізденумен жүрді. 2006-2009 жылдары жалпы этникалық педагогика кафедрасының аспиранты болды. 2010 жылы «Кәсіптік білім беруде университет пен жалпы білім беретін мектеп арасындағы байланыс» тақырыбында диссертация қорғап, педагогика ғылымының кандидаты атанды. 50 шақты мақалалары әр түрлі журналдарда, SCOPUS базасында жарияланды. 2013 жылы халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияның Рединг қаласында 1 жыл ғылыми тәжірибеден өтті.
Жас ғалым Ернар Сейткерімұлы Оңалбеков қандай да бір жаңалық ашудан, жалықпай ізденуден, өзіне- өзі талап қоя білуден жалыққан емес. Шетелдік ғалымдармен байланыста болып, олармен тәжірибе алмасу оның күнделікті жұмыс тәртібі десе де болады. Осының нәтижесінде жас ғалым Урал Федералды университетінің профессоры Богдановпен бірігіп, доктаранттарға және магистранттарға онлайн курс бағдарламасын жасады. Бірнеше еңбектері педагогика және психология мәселелері бойынша ағылшын тілінде жарық көрді. Жас ғалым инженерлік білім беру саласы бойынша Қазақстан ассоциациясының халықаралық эксперті. 2020 жылы жоғары білім беру педагогтарының «Үздік педагог» республикалық байқауына қатысып, жеңімпаз атанды.
– Ернар Сейткерімұлы Оңалбеков біздің университетке республикалық ғылыми жобаның жеңімпазы ретінде емтихансыз қабылданған болатын, – деді әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті білім беру үдерісін ұйымдастыру кеңсесінің жетекшісі Жазира Бекенқызы Қожабергенова бізбен әңгімесінде, – Ізденімпаз студент алғашқы күннен-ақ өте жақсы оқыды. Біздер, оқытушылар құрамы оның болашақ талантты әрі ізденімпаз ғалым болатынын сол кездің өзінде-ақ мойындаған болатынбыз. Ол – өте білікті педагог. Өз мамандығын жан-тәнімен сүйеді.
– Иә, айтса айтқандай, Ернар нағыз білікті педагог. Мұндай қасиет оған қайдан келді деген ой мазалайды, кейде. Ұлы халқымызда біреуге баға бергенде «Тегіне тартқан екен» деген философиялы ойға толы тұжырым бар. Солай да шығар, мүмкін. Ернардың үлкен атасы Оңалбек қария оңтүстік өлкеге болат жол тартылғанда тілмәштік қызмет атқарған, халқымыздың біртуар перзенті Тұрар Рысқұловпен кездесіп, сөйлескен көзі ашық, көкірегі ояу жан болған деседі. Ал, атасы Сәрмеш Ұлы Отан соғысынан оралған соң, ғұмыр бойы 8 жылдық мектепте ұстаздық еткен білікті педагог.
Одан бөлек «Талаптанған баланың бетін қақпа, белін бу» деген ұлағатты сөзді өздерінің бұлтартпас қағидасы етіп алған әкесі, кеден қызметінің ардагері Сейткерім мен анасы Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» Тұрсынай да, Ернардың жас кездегі талпыныстарын әрқашан қолдап, демеу болып, қанаттандырып отырды.
Бүгінде Ернар көптеген ғылыми еңбектердің, үлкен бір монографияның авторы. 2016 жылдан бері университеттік білім беру жүйесінің мониторинг қызметін басқарады. Осы орталықтың басқарма басшысының орынбасары. 3 баланың әкесі. Оңалбековтар әулетінің көз қуанышы.

Тұрсынхан Жаманбаев,
Қазақстан журналистер
одағының мүшесі.

Поделиться ссылкой: