Баба рухына құран бағышталып, ас берілді
Қазақ қашанда өткенін ұмытпай, оны санасында сары майдай сақтай алатын халықтың бірі. Жеті атасын жаттап, керек сәтте бір үйдің баласындай ұйыса алатын қасиеті тағы бар. Оны біз өткен аптада аудан аумағында республикалық деңгейде өткен шарапаты мол іс-шарадан анық аңғардық. Өткен аптаның сенбісінде қасиетті Құлан жұртшылығы «Дулат баба» кесенесіне жиналып, баба рухына арнап, құран бағыштады. Оған арысы Алматыдан, берісі Шымкенттен көптеген қонақтар келіп қатысты. Айта кетейік, аталмыш шара «Аққойлы» қорының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті. Бәйдібек ата мен Домалақ ананың немересі, Жарғышақ (Тілеуберді) пен Бибіпәтима ананың ұлы Дулаттың киелі Құланда жерленгендігі жайлы 2000 жылдан бері аңыз болып жеткен деректер ғылыми тұрғыдан сәйкестік тапқан болатын. Сөйтіп, 2015 жылы Алматыдағы Ә.Марғұлан атындағы, Мәскеудегі Миклух Маклай атындағы, Венгриядағы археология, антропология ғылыми зерттеу институттары берген экспертиза қорытындыларының нәтижесінде зерттелген сүйектің Дулат баба өмір сүрген уақытқа сәйкес келетіні дәлелденді. Мәйіттің сүйегі ХІІІ-ХІV ғасырда өмір сүріп өткен орта жастан жоғары ер адамға тән екені анықталды. Осылайша арнайы есепшоттар ашылып, «Қайқы» шаруа қожалығының иелігіндегі жерде кесене құрылысы басталған болатын. Кесененің салтанатты ашылуы 2018 жылы өтіп, оған көптеген құрметті қонақтар келгені, ат шаптырылып, бәйге өткені, жергілікті жұрт танымал ақындардың айтысын көргені бәрі де есімізде.
Дулат баба есімін ұлықтау, оны өскелең ұрпаққа танымал ету бағытындағы жұмыстар араға бес жылды салып, тағы да кең көлемде ұйымдастырылды. Құланның орталық атшабарында меймандар ой бөлісіп, бір атаның балалары ұзақ пікір алмасты. Ізінше құран оқылып, арнайы тігілген киіз үйлерде үлкен ас берілді.
Шара соңында жиылған жұрт қазақтың ұлттық ойыны көкпарды тамашалап, мәз-мейрам болысып, тарқады. Тілге тиек ете кетейік, ілкімді іс-шара барысында қайырымдылық жұмыстары да жүргізілді.
«Құлан таңы» ақпарат.