ХАЛҚЫ – САБЫРЛЫ, БАСШЫСЫ – ДАНА ЕЛ КӨРКЕЙЕДІ

139 Views

Сәрсенбінің сәтті күнінде таң атысымен-ақ жолға шықтық. Бұл жолғы жорығымыз Ақниет ауылдық округіне қарай бағытталды. Өзгеге қайдам, шалғайда орналасқан бұл ауыл өзіме осы жолы жақындай түскендей көрінді. Бәлкім, ондай ойға келуімнің бірден-бір себебі – ауылға апаратын жолдың толықтай жөндеуден өткені болар. Тақтадай тегіс жолда көлігіміз еш қиналған жоқ. «Көкшолағымыз» керісінше, «тізгінді тартпа!» дегендей, кәдімгі бәйгеге қосылған жүйріктерше жүйткіп келеді. Жүйткімегенде қайтсін енді… Облыстық мәндегі автожолға бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, жуырда ғана жөндеуден өтті емес пе?! Орайы келгенде айта кетейік, мердігер де өз ісін адал атқаруға тырысыпты. Оны қайдан шығардың десеңіз… Жолдың жайлылығы мен сапасы еріксіз сол ойға жетеледі де тұрды. Осы үшін де жергілікті атқарушы билікке һәм үлесін қосқан әрбір жанға алғысымыз шексіз. Хош...

Сағат тілі 9-ға тақалғанда ауылдық мәдениет үйіне жеттік. Алдымен сыртта тұрған бөлім және мекеме басшыларымен хал сұрасып, амандасып алдық. Дәл сағат тоғызда аудан әкімі Ернар Есіркеповтің де қызметтік қара көлігі мәдениет үйінің алдына тоқтады. Көліктен түсе сала, ауыл ақсақалдарымен, тұрғындарымен, әріптестерімен амандасып алған аудан басшысы ауыл әкімі Нұрдос Тұрабаевқа жиынды ерте бастауға ұсыныс білдірді. Айтпақшы, айтуды ұмытып кетіппіз ғой!  Бұл жолғы жиын бұрынғы­сынан өзгерек емес, бұрынғыдай. Дәлірек айтар болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 3 наурызында қолы қойылған №826 Жарлығы аясында өткізіл­ген жиын.
Уақытты үнемдеуді көздеген бо­лар, аудан әкімі жергілікті жұртқа бекітілген кестеге сәй­кес келгенін айтып, бірден қор­да­ланған мәселелерге қозғау салып, «сұрақ-жауап» кезеңіне көшуді ұсынды. Дейтұрғанмен, көп ұлтты елді мекеннің тұр­ғындары сауал қоюға еш асыққан жоқ. Тыныш залдағы жағдайды бағамдап отырған аудан басшысы тағы да сөз алып, ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды жіпке тізді.
– Сіздерде әзірге сауал бол­маса, ендеше аудан көле­мін­де жүзеге асып жатқан жұмыс­тарға тоқталайын. Құр­метті, жерлестер! Аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыс өте көп. Соның бірі – ауылшаруашылығы саласы. Агро­сала алшаң басу үшін қол­дан келгеннің бәрін жасау­да­мыз. «Ауыл аманаты» жобасын баршаңыз білетін шығарсыздар! Алғаш рет ауданда Құмарықтан бастау алған қанатқақты жоба Абайда жалғасса, бүгінде Көгершін мен Көкдөненде жүзеге асуда. Міне, он күннің жүзі болған шығар, артылған ақшаны несие ретінде жаңатұрмыстықтарға да үлестіруді көздеп отырмыз. Жалпы, алдағы екі жылда жоба шапағатымен біз ауданды то­лық қамтуға мүдделіміз. Сон­дықтан аталмыш жоба Ақниетте де жуық арада жүзеге асуы бек мүмкін. Айту ләзім, жоба ауылға аяқ баспай тұрып, Сіз­дер несие қаражатын қа­лай және қандай мақсатқа жұм­сай­тын­дарыңызды шешіп алула­рыңыз керек. Екіншіден, не­сиеге үй кепілге қойылады. Ша­ңырақтарыңыздың барлық құжатын тиісті деңгейде дайын­дап қоюларыңызды өтінеміз. Шыны керек, дәл қазір біз осы мәселелермен жиі ұшырасып жатыр­мыз, – деп өзге де сала­лар­да атқарылып жатқан жұмыс­тарға шолу жасады.
Көптеген ақпарат берілгеннен соң, қос тарап арасында ашық әң­гіме өрби бастады. Аудан бас­шы­сының осы «Ауыл аманаты» жо­басы туралы айтылған ақпа­раттарынан кейін тұрғындар үй құжат­тарын реттеп беруді өтінді.
– Әр шаңырақтың өз иесі бар. Үй иесі ондағы барлық жағ­дайға жауапты. Оның үстіне жеке тұрғын үйлерді рәсімдеуге, қа­жетті қағаздарды заңдастыруға мемлекет қаржы бөліп бермейді. Ондай істің бәрі үй иесінің жеке қа­ражаты немесе демеушілік есе­бінен жүргізілуі тиіс, – деген аудан әкімі осылайша жауабын қысқа қайырды. Тұрғындар тарапынан бала қауіпсіздігі, учас­келік инспекторлардың жұ­мысы, қаңғыбас иттерді аулау ая­сында сауалдар қойылды. Ал­ғашқы екі сауалға аудан басшысы жауап берсе, соңғы сұраққа салаға жауапты басшы Серік Дәлібаев жауап беріп, бейсенбі күні ауылға арнайы ит аулайтын мамандар келетінін ескертті.
Жоспарға сәйкес аудан әкімі Ернар Серікәліұлының ха­лық­пен кездесу жиыны түске қа­рай Ақыртөбе ауылдық округінде жалғасты. Малдыбай мен Ақыртөбе ауылының тұр­ғындары жиынға көп­теп келіпті. Әсіресе, ауыл ақса­қалдарының қарасы қа­лың көрінді. Ауыл ағалары Малды­байға жаңа мектеп салуды, сол білім ордасына қолынан іс келетін маманды басшылыққа тағайын­дауды, теміржолға өткел салуды, ауыз су мәселесін рет­теуді өтінді. Аудан басшысы өз сөзінде:
– Ақыртөбе халқы жергілікті атқарушы билікке рақмет айтса да болатын шығар. Өйткені, аталмыш округте атқарылып жатқан толымды тірлік өте көп. Спорт кешені салынып жатыр. Мәдениет үйі де өз кезегін күтуде. Малдыбайға жаңа мектептің құрылысын салу да жоспарымызда тұр. Жуырда ғана малдыбайлықтардың өтініші бойынша шағал тасты жол салып бердік. Бұл – бір. Екіншіден, аталмыш ауылда инвесторлар да жұмыс істеуге ниетті. Себебі, мұнда көлік логистикасы мықтап дамыған. Алдағы уақытта ірі кәсіпкерлер заманауи үлгідегі құс фабрикасы мен жылыжай салуға ниет танытып отыр. Бұл ауданда өндіріс ошақтарын дамытуға, экономиканы алшаң бастыруға өз септігін тигізеді, – деп тұрғындардың сауалдарына кең көлемде жауап берді. Жиында ауыл аумағындағы жайылымдық жерді ұлғайту мәселесі де қаралды. Ернар Серікәліұлы бұл мәселені алдағы уақытта шаруалармен жасалған меморандум аясында шешуге тырысатынын айтты.
Шыны керек, Ақниет пен Ақыртөбе ауылдық округтерінде күрделі мәсе­ле­лер әлдеқашан өз шешімін тапқан. Талайдың қолы жетпей жүрген көгілдір отын Ақыртөбеде бұрыннан бар болса, екі жыл бұрын бұл шарапатқа аудан орталығынан шалғай орналасса да, ақниет­тіктер де бөленді. Жол және жарықтандыру мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Жаңа нысандар бой көтеруде. Алдағы уақытта оларды ел өз игілігіне пайдаланатын болады. Әрине мәселелер жоқ емес, бар. Бірақ олардың шешілу жолы уақытты талап етіп тұр. Сондықтан да жергілікті жұрт сәл сабырлық танытқаны абзал. Халқы – сабырлы, басшысы – дана ел болса, ол өлке міндетті түрде көркейетіні белгілі. Біздіңше, бұған қос округте әбден лайықты.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: