ЖОЛДАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫН  АТАП ӨТТІ

559 Views

ЖОЛДАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫН  АТАП ӨТТІ

 

 Сәрсенбі күні Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова ауданымызға келіп, мектеп директорлары және балабақша тәрбиешілерімен кездесті. Елбасының жуырдағы Жолдауын насихаттау мақсатында өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Бейсен Әлпейісов ашып, жүргізіп отырды.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдаудың «Тұрмыс сапасын арттыру» бөліміне айрықша тоқталған Рахия Сейтбекқызы мектепке дейінгі білім беру мен орта білім беру жүйесіне қатысты облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты атап өтті. Оның ішінде, Жолдауда айтылған балалардың қауіпсіздігі үшін мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету және мектеп психологтарының жұмысын күшейту мәселесіне тереңірек үңілді. Білім саласы бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды да сөз арасында тілге тиек еткен ол кейбір деректерді аудандық білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаровтан сұрап, нақтылап отырды.

– Елбасы Жолдауда ең бірінші балабақшадағы сапа мен тәрбиешілердің еңбекақысын көтеруді тапсырды. Жыл басындағы Жолдауда да Президент білім саласына назар аударып, жаңартылған білім мазмұны бойынша жұмыс жасап жатқан мұғалімдердің жалақысын 30 пайызға дейін арттыру керектігін айтқан еді. Облыста 16 мың педагог қазіргі таңда жаңартылған білім мазмұнымен қолында сертификаты бар болса да, жоқ болса да 30 пайыз үстемақыларын алып отыр,-деген басқарма басшысы биыл бірінші рет Ұлттық біліктілік тестілеу институты енгізілгенін айтып, осы тестілеуден өткен ұстаздар қауымына 30 бен 50 пайыздың аралығындағы үстемақы айлықтарына қосылып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту әдістерін барлық орта білім мекемелеріне енгізу қажеттігін де сөз етті.

Жолдаудың білім саласына қатысты тұстарын жеке-жеке талдаған Рахия Сейтбекқызы

 облыстың қай ауданы, қай ауылына барса да білім саласындағы жемқорлық мәселесі көтерілетінін айтып, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерін сыбайластыққа жол бермеуге шақырды. Өз кезегінде сөз алған Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Эльмира Зәкімбаева жылдан жылға бала саны артып, 360 балаға арналған мектепте 530 оқушы оқып жатқанын, соның салдарынан кабинет жетіспеушілігі орын алғанын жеткізді. Ал, аудан әкімінің орынбасары “аудан

 орталығындағы орта мектептерде бала саны артуына байланысты қосымша 300 орындық мектеп соғу қажеттілігі туындап отыр” дейді. Бейсен Әшімәліұлының айтуынша аудан орталығындағы мектептердің сыйымдылығы 2470 орындық болса, қазір ол мектептерде 4005 бала отырған көрінеді. Мәселен, бір ғана 700 орындық Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің өзінде 1600 оқушы бар екен.

–Мектеп резина емес. Артық бала отырған мектепте білім сапасы болмайды,-дей келе, Үкімет мемлекет қаражаты есебінен мектеп салып үлгермей жатқанын айтқан басқарма басшысы «Былтыр облыс бойынша 214 мың бала болатын. Биыл 222 мың бала мектепте білім алуда. Бірінші сыныптың өзіне 3 мың бала артық келді. Мектептердегі бала саны стандарттан асып кетті. Осы мәселені шешу үшін біз бизнесмендермен жұмыс жасап жатырмыз. Қазір облыста 5 жекеменшік мектеп бар. Оның төртеуі Тараз қаласында, біреуі Жамбыл ауданында орналасқан. Сіздер де кәсіпкерлермен келісіп, жекеменшік мектептерді ашу жолдарын қарастырыңыздар» деген ұсыныс берді.

Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: