Көгершін – киелі мекен

348 Views

Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы (бұрынғы Луговой ауданы) біздің алтын бесігіміз, кіндік қанымыз тамған жер. Бізге туған жер, атамекен, атажұрт, Отан – деген ұғымдар жүрегімізге жақын екені бесенеден белгілі. Атамекен – ата-бабамыздың қоныс тепкен жері. Біздің болашағымыз да, өткеніміз де туған жермен тығыз байланысты. Туған жерді қадір тұту – халқымыздың қанға сіңген мінезі.
Биыл Т.Рысқұлов ауданының құрылғанына – 85 жыл толып отыр. Балалық шақты айтпағанда, ес біліп еңбекке араласқанымызға да 50 жылдан асып, елу бесінші жылға аяқ басыпты. Осы 85 жыл ішінде талай қиындықтарды еңсерген ауданымыздың барлық елді мекендерінің бүгінде түтіні түзу шығып, өрісі кеңейіп, дамып келеді. Әр адам өз туған жерін мақтаныш етеді, қадір тұтады. Туған жерге қызмет ету – әрбір азаматтың игі арманы әрі міндеті. Еңбек жолымызды 17 жасымызда «Путь коммунизма» колхозында бастап, аудан басшылығының тапсыруымен әркезде, әр ауылда түрлі жұмыстар атқардық. Айтайын дегенім, Совет одағы кезінде ауданымыздағы 14 шаруашылық, аудандық партия және атқару комитеттері мен селолық совет атқару комитеттері, Луговая станциясы, Луговой «Жөндеу механикалық заводы», Аудандық тұтынушылар одағы, (Райпотребсоюз), Тоқыма фабрикасы, Межколхозстрой, ПМК–2005 құрылыс ұйымдары, денсаулық сақтау, білім бөлімдері, ішкі істер, құқық қорғау органдары сол кездегі талапқа сай жұмыстар атқарғанына куәміз. Сол озат шаруашылықтардың бірі – «Луговой жылқы заводы» еді. 1945 жылы 24 маусым күні Москвада Қызыл алаңда болған ең алғашқы Жеңіс парадын қабылдаған Совет Одағының төрт мәрте батыры, маршал Георгий Константинович Жуков мінген ақ боз ат – Араб әлемге әйгілі Абсенттің әкесі. Біреу білсе, біреу білмес. Әсіресе, өткенімізді жас ұрпақтарымыз біліп жүрсе деймін. Сондықтан осы шаруашылық тарихы туралы қысқаша айтайын. «Луговой жылқы заводы» 1934 жылы желтоқсан айында СССР Қорғаныс комиссариатының бұйрығымен құрылды. Осы мақаладағы мәліметтер аудандық мұрағаттан алынып, беріліп отыр. Сонымен бірге «Луговой жылқы заводында» 1939 жылдан бастап зейнетке шыққанша абыройлы еңбек еткен қазыналы қариямыз, Ұлы Отан соғысының ардагері Әлібек Баялиев атамыздың шаруашылық мұрағатынан ұсынған құжаттары бойынша жазылып отыр. Мен Әлібек атамызбен көп әңгімелестім, көп мағлұмат алдым. Ол кезде жылқы заводтары Қорғаныс комиссариатына қарасты болған. (Қазіргіше Қорғаныс министрлігі.) «Луговой жылқы заводына» тұңғыш директор болып әскери кісі Янулянцев Андрей Яковлевич тағайындалады. Ол кісі 1935 жылдың қаңтар айынан бастап қызметке кіріседі. Демек, «Лу­го­вой жылқы заводының» тарихы 1935 жылдан басталады. А.Янулянцев 1938 жылдың 31 наурызына дейін ди­ректор болды. 1938 жылдың 1-ші сәуірінен 1940 жылдың қаңтарына дейін жылқы заводының директоры қызметін Шүленбай Жанғозин деген қазақ кісі атқарды. Жылқы заводының әскери мәні болған соң жұмысшы шаруа қызыл армиясына аттар дайындады. 1940 жылдың қаңтарынан 1943 жылдың наурызына дейін Толстунов Андрей Яковлевич, 1943 жылдан Нищета Ефим Ильич уақытша 3 айдай директор міндетін атқарды. 1943 жылдан 1945 жылдың шілде айына дейін Потапов Михаил Алексеевич директор болды. Ел басына күн туғанда 1941–1945 жылдары «Луговой жылқы заводындағы» 150 жұмысшының 112-сі майданға аттанды. Оның ішінде осы Әлібек Баялиев атамыз да болды. Жап-жас қарулы жігіттердің орнына қарт кісілер, әйелдер, жасөспірімдер қалды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Совет армиясының бөлімдеріне «Луговой жылқы заводы» 1941 жылы 390 жылқы, 1942 жылы 420 бас, 1943 жылы 370 бас,1944 жылы 350 бас,1945 жылы 287 жылқы беруді қамтамасыз етті. Тұрғын үйлер, жылқы қоралары салына бастады. 1945 жылдың шілде айынан 1949 жылдың 17 қыркүйегіне дейін Жұбанышев Абдулла деген азамат «Луговой жылқы заводының» директоры қызметін атқарды. 1949-1951 жылдар аралығында Иванов Федор Федорович деген кісі директор болды. 1951 жылдан 1962 жылға дейін Иванов Вениамин Вениаминович директор болды. Осы кезең шаруашылықтың өрлеу, өркендеу кезеңінің басы десек те болады. Егістік көлемі ұлғайды, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы анағұрлым жақсара түсті. Шаруашылықтың экономикасы өрге басты. Жылқы шаруашылығында асылдандыру жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізілді. Иванов Вениа­мин Вениаминовичтің іскерлігі, зор ұйымдастырушылық қабілеті жұмысшылардың тұрмыс жағдайын жақсартуда жасаған ерекше қам­қорлығын өткен ғасырдың 80-90-шы жылдардағы ардагерлері сағынышпен еске алып, айтқан әңгімелері де есімде. Совхоз директоры Иванов Вениамин Вениаминович Москвадағы (ЦСКА) Орталық армия спорт клубынан Жам­былдағы №49 жылқы заводына әкелінген Араб айғырын «Луговой жылқы заводына» шұғыл түрде тез жет­кізілуіне тапсырма береді. Осы Араб айғыры мен асыл тұқымды Баққара атты биеден 1952 жылы әйгілі АБСЕНТ дүниеге келеді. Жылқы заводының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ата-ағаларымыз, апаларымыз аз болған жоқ. Сол еңбеккерлердің бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, «Еңбек Қызыл Ту», «Еңбек Даңқы» т.б. орден медальдар және бірнеше жауынгерлік наградалардың иегері Әміреев Молдаш атамыз Абсентті жаңа туған құлын кезінен бастап күтіп баптады. Атақты жылқышының еңбегі зая кетпеді. 1960 жылы РИМ олимпиадасында Абсент алтыннан алқа тағып, олимпиада чемпионы болды. 1964 және 1968 жылдары өткен Токио, Мехико олимпиадаларында жүлделі үштіктен көрінді. Иә, Абсент туралы көп айтуға болады. Ол туралы деректі фильм түсірілді, көптеген мақалалар жарияланды. Жазушы ініміз Абай Ескендіров Абсент туралы кітап жазып жатыр. Жылқы шаруашылығы, егін шаруашылығымен қатар қой өсіру жоғары қарқынмен дамыды. Озат шопандар Еңбек Ері Нәдір Биғазиев, «Ленин» орденді Сүйінтбек Тәуірқұлов, Сопы Есенов, механизаторлар Шмат­ко Михаил, Зауірбеков Мырзахан, жылқышылар: Октябрь революциясы, 1-ші,2-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Таңат Құдайбергенов, ағайынды Оразалиев Әбітхан, Оразалиев Планбек, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Ақтоқалов Айтбай, Зауірбеков Сейтқазы, Рысқұлов Шығанбай, Батырбасов Әсем, Оралбаев Дүйсен, Орынтай Ертаев, Петр Батаев, Иван Бондаренко, Михаил Васильцов, Петр Грицук, Орынбек Қуатбеков, Григорий Славский, Шәріпхан Жаппасов, Өмірзақ Еселбаев, Жұмантай Сатыбалдиев, Берден аталарымыз шаруашылық мамандары Макишев Нұрқасым, Роккель Артур Кондратьевич, Алибеков Зауірбек, Даубаев Накен, Ахметов Молдахан, Хан Герасим, Садықов Сәбит, Акимов Абжапар, Қалиакпаров Қинаят, Кесікбаев Қапар және Софья Егоровна «Луговой жылқы заводының» өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.1962 жылдан 1988 жылдың қазан айына дейін абыройлы еңбек еткен совхоз директоры Финько Иван Афанасьевичтің ерен еңбегін атап өткеніміз жөн. Ол кісі білікті маман, іскер басшы, дана ұйымдастырушы болды. Шаруашылықтың экономикасы өрге басты. Автогараж, МТМ, Құрылыс бөлімі, барлық бөлімшелер жоғары қарқынмен еңбек етіп, ел байлығын еселеді. Тұрғындардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жоғары деңгейге көтерді. Облыс, аудан көлемінде ең алғаш табиғи газ берілген ауыл «Луговой жылқы заводы» болды. Финько Иван Афанасьевич ауыл және аудан халқының құрметіне бөленді. Екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды. Жаңа тұрғын үйлер, типтік үлгідегі мектеп, жаңа аурухана, мәдениет үйі, сауда орындары, типтік үлгідегі жаңа жылқы қоралары, мал қоралары салынды. Ауыл халқының саны 3 мыңнан асты. 1988-1992 жылдары «Луговой жылқы заводын» Кобылянский Георгий Мстиславович өте білгірлікпен, іскерлікпен басқарды. 1992-2001 жылдары Шаповалов Александр Сергеевич басқарды. Шаруашылық есепке көшуіне байланысты жылқы заводы «Көгершін» Акционерлік қоғамы болып құрылды. Одақ тараған соң, кәсіпкер-басшы Базаралиев Халит Базарбаевич шаруашылықты «Луговой жылқы заводы» жауапкершілігі шектеулі серіктестік етіп құрды. Не­гізгі шаруашылық ғимараттары сақ­талып қалды. Х.Б.Базаралиев зейнетке кет­кен соң бүгінгі күні «Луговой жыл­қы заводы» жауапкершілігі шек­­теулі серіктестігін директор Ак­самбиева Асемгүл Маликовна мен ат­­қарушы директор Уразаков Еркін Ер­лікұлы басқарып келеді. Еліміз еге­мендік алған соң, Көгершін ауылы тұр­ғын­дарының 60 пайыздан астамын құ­рап отырған өзге этнос өкілдері та­рихи Отанына көшті. Олардың ор­нына Иран,Түркменстан, Өзбекстан ел­де­рі­нен қандас бауырларымыз көшіп кел­ді. «Елге ел қосылса құт келеді» деп хал­қымыз бекер айтпаған. Көгершін ауылы бүгінде ауданымыздағы түтіні түзу шығып отырған құтты мекендердің бірі. Ауданымыз өсіп өркендей берсін. Ауда­нымыздың 85 жылдық мерейтойы құтты болсын.

Серік Өтегенов, аудандық билер
кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: