Қазақтың «Амалы» – татулықтың қамалы
14 ViewsҚазақстанның батыс аймағындағы облыстар Көрісу мерекесін өте жоғары деңгейде атап өтеді. Бұл мерекеге оңтүстік өңірлердегі жұртшылықта ерекше ден қою үстінде. Онысы өте дұрыс деп…
Ол кезде мен аудандық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Құлан таңы») газетінде жауапты хатшы болып жұмыс істейтін едім. Редакцияға етжеңді келген, қабақты, кісіге өткір көзімен қадала қарайтын өзі аудандық кеңеске депутат әрі аудандағы белді мекеменің бірі болып саналатын колхозаралық құрылыс ұйымының төрағасы Әбіт Асылов ағамыз ентелей кіріп келе жатты. Ол кісіні Құлан жұрты құрмет тұтып, сыйлаушы еді. Әкесі Қазбек Асылов Шөңгер революциялық комитетінің төрағасы, ал, атасы атақты Құдайберген майыр болған соң ба, көп жұрт көкемнен кәдімгідей именетін. Бірақ, Әбекең тектілігін көрсетіп, журналист қауымға өзінің емен-жарқын пейілін аңғартып, ұлық болса да кішік мінез танытты. Ол кісі үнемі қолтығынан жатса-тұрса тастамайтын былғары пәпкесін ашып жіберіп, бір үйме қағаз бен сирек кездесетін суреттерді столыма жайып салды да: «Мынау… Сәке, Романовтардың 300 жылдығына барып қатысқан менің атам Құдайберген Бәйетұлы» деп, басына сең-сең бөрік киген қалың қасы бар, сақал-мұрты иегін жапқан жүзі сұсты кісіні нұсқады. Әлгі суретте ол кісінің атасынан бөлек тағы да төрт адамның шеңбер сызықпен дөңгеленте қоршап қойған бейнесі бар еді. Біреуі полковник шенінде, шамасы Ноғайбай би болуы керек, екінші біреуі де орыс патшасының кагартын пагонына жарқырата таққан түрікмен бөрікті, пайымдауымша, қырғыздың Бәйтік батыры екен. Қалған екеуін де Әбіт ақсақал бізге таныстырып болған соң:
– Енді осы тарихи тұлғаларды газетке шығару керек, – деді сөзінің соңында бізге салмақ сала қарап.
Сол уақытта редакторымыз Өсер Уәзиев те келе қалды. Ол Әбекеңнің алдында құрақ ұшып жүр. «Әбеке, газетке міндетті түрде береміз. Оған алаң болмаңыз» дейді қалбалақтап. Иә, атағынан ат үркетін адам редакция табалдырығын аттап, әлгіндей өтініш жасап тұрса қайтіп кекірейесің. Сонымен жазуын өзім келістіріп жазып, өңір халқына осынау тарихи тұлғаларды алғаш рет таныстырғанымыз әлі есімде. Сонда ғой, асылдың сынығындай болған Әбіт ағамыз туралы газетке ешнәрсе жарытып жазбаппыз. Кейін, арада біраз жыл өткенде (дәлірек айтқанда, Әбіт ағамыздың 100 жылдығын еске алып) Оңласын апамыз редакцияға еске алу дәйектемесін әкеліп тұрғаны… Сонда деймін-ау, Оңласын Шайқазымқызының өзі де тоқсанның төрт-бесеуіне келіп қалған кезі болатын. Мерзімді басылымға: «Асылдың сынығы еді…» деген мақала бердім.
Иә, көзі тірісінде біз асыл азаматтың қоғамға, отбасына, тіпті өскен ортасына сіңірген еңбегін ескере бермейді екенбіз. Әбіт ақсақал да сол атасы Құдайберген майырдың Қоқанның қаһарлы ханы Құдиярдың қамалын бұзуға аттанған айбарлы жорығын бозбала бозым кезінен жадында мәңгі сақтап қалған-ау, шамасы! Ал, кейінгілер оның ұлының ауаткомның бөлімін, ғалым-агроном болып жүргенде үш бірдей колхозды басқарғанын, сонау алпысыншы жылдары Луговойдағы ірі құрылыс ұйымына жетекшілік етіп, мектеп, мәдениет үйі, әкімшілік ғимараты сияқты архитектуралық-сәулет ғимараттарын салғызғанын біле бермейді-ау. Сол қажырлы еңбегін ескеріп, Үкімет оған «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін омырауына тақты. Ол кісі соғыс басталған жылдары «Октябрьшаруа» колхозын, одан кейінгі жылдары «Восток», «Жаңатұрмыс» колхоздарын басқарды. Сонау отызыншы жылдары «ликбезде» сауатсыздықты жою, тракторшылар даярлау курстарын басқара жүріп, комсомол жастарға ұйытқы бола білді.
Әбекең зооветтехникумның оқу-тәжірибе шаруашылығының, дайындау кеңсесінің директоры да болды. Ол көптеген жастарға ақылшы, тәрбиеші бола білді. Колхозаралық құрылыс ұйымы мен отын базасын басқарып жүргенде Сүйіндік Иманалиев оның жанынан жарты қадам қалмаушы еді. Сол Сүкеңнің өзі де бүгінде жетпістің «кемесіне» мінген қарт болыпты. Сол Сүйіндік:
– Әбекеңді мен «әке» дейтінмін. Өйткені, ол кісі мені тәрбиеледі, еңбекке үйретті. Сол кісінің арқасында адам болдым. Қатарға қосылдым. Межколхозда қатардағы құрылысшыдан қоймашы, шебер, кейін отын базасында қойма меңгерушісі, отын базасының директоры болып, Әбекеңнің ісін одан әрі қарай жалғастырдым.Оңласын апаны: «мама», Әбіт атаны: «папа» деп атаушы едім. Ол кісілердің әулетімен араласып жүріп Қазбек Асылов атамыздың Кәміл, Әбіт, Әбділ атты үш ұлы, Гүлсағат есімді бір қыздары бар екенін білдім. Академик ағамыз Ғани Әлімұлы Қалиевті, юстиция генералы Бекзатхан Асқаровты да осы кісілердің шаңырағынан көретінмін. Оңласын апамыз әке-шешеден туған он тоғыз перзенттен тірі қалғаны інісі Тұрлы екеуі ғана екен. Ол кісі Ұлы Отан соғысына қатысып, бір қолын майданда қалдырып, елге оралды. Оңласын анамыз 40 жыл ұдайы сауда саласында еңбек етті. Ең үздік кооператор атанып, омырауына «Еңбек Қызыл Ту» орденін қадады. Екі дүркін аудандық кеңеске депутат болып сайланды. Ауданның «Құрметті азаматы» болды. Ол кісіні «көненің көзі» деген дұрыс шығар.
2014 жылы облыстық «Ақ жол» газеті Құланға экспедиция ұйымдастырып, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Коминтерн мүшесі Алма Оразбаеваның Құландағы қабірін тапты. Алма (шын ныспы Нұрсұлу) Дінмұхамедқызы Оразбаева 1898 жылы 28 желтоқсанда Бөкей ордасында дүниеге келген. Ол өмірінің соңғы 17 жылында Құланда тұрып, 1948 жылы қаза болған. Қабірі «Қарақат» елді мекеніне баратын бұрылыста жатыр. Қазақтың осынау аяулы қызымен Оңласын апамыз таныс-біліс болғаны жайлы деректі осы экспедицияға қатысқан: (жетекшісі Көсемәлі Сәттібайұлы, тілшілер: Сейсен Қожеке, Ардақ Үсейінова, Ақәділ Рысмахан (фототілші) жазған «Қазақтың қайраткер қызының қабірі қайда?» («Ақ жол» газеті, 2014 ж. 5 маусым.) атты мақаладан төмендегідей үзінді келтіре кетейік… (Оңласын әженің естелігінен):
«Біздің үйдегі кісі әкеден ағайынды үшеу еді. Алдыңғы екеуін соғысқа алды да, оны броньмен қалдырып колхозға бастық қылып жіберді. Кім білсін, бір үйде бір тұқым қалсын дегені шығар. Мен кітапханада жұмыс істедім. Кейін балабақшада тәрбиеші болдым. Соғыс уағында педучилищені бітіріп, мектепке ауыстым. Саудаға шыққанымда осы Алма Оразбаевамен таныстым. Ол өзі қиын-қыстау заман еді ғой. Тегі талонмен нан үлестіретін де едік. Алманың сіңілісі Мәдина келіп менен нан алып тұратын, бір күні олар мені Октябрь көшесіндегі үйіне қонаққа шақырды. Бардым. Содан кейін араласып кеттік» дейді Оңласын апа.
Оңласын апа 99 жасында, Әбіт ақсақал 77 жасында өмірден озды. Олардың артында Света, Фатима, Роза есімді үш қызы, Орынбасар, Орынбек есімді екі ұлы қалды. Қазір қара шаңырақта Әбекеңнің кіші ұлы Орынбек пен келіні Нұргүл отыр. Олар отырған көше әкелері Қазбектің есімімен аталады. Құланда Құдайберген Бәйетұлы атындағы көше де бар. Ал, Құлан мектебінің алдына батыр баба ұрпақтары зәулім ескерткіш орнатты. Әбіт қарияның ныспымен аталатын да көше бар. Қысқасы Асыловтарды Тұрар Рысқұлов ауданының жұртшылығы ұмытқан жоқ. Қайта қастерлеп, қадір-құрмет көрсетіп тұрады. Өйткені, Әбіт ақсақал да, Оңласын апамыз да тегіне тартқан жандар еді ғой…
Сейсен Қожеке.
Суретте: майыр ұрпағы Әбіт Қазбекұлы Асылов пен оның жары Оңласын әже.