Кітап тұсауы кесілді

224 Views

Қазақ-әзірбайжан арасындағы достастық бағзы заманнан бері мығым. Оны екі ел арасындағы достық пен сыйластықтан һәм ілтипаттан анық аңғаруға болады. Өткен аптаның бейсенбісінде осы айтылған сөзіміздің дәлдігіне тағы да көз жеткіздік. Ауданнан шалғай орналасқан Қорағаты елді мекенінде өткен іс-шара қос ел арасындағы тығыз байланысты одан әрі айшықтап көрсете білгендей.

Бейсенбі. Таңғы сағат тоғыздар шамасы. Газетті дайындайтын әрі беттейтін күн. Дәл сол күні әріптесіміз Марат екеуміздің телефондарымыз мазасызданып, шырылдай берді. Мәкеңді мәдениет үйінде өтіп жатқан Мэлс Өзбековтің 85 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға шақырса, мені бұрынғы әріптес ағамыз Сейсен Қожеке Қорағатыға келуімді өтінді. Үйіліп тұрған жұмысты қалдыруға болмайтынын білсем де, аға буынның сөзін жерге тастай алмадым. Сөйтіп, Луговой ауылында орналасқан Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің директоры, тарихшы Ербол Қайпұлдаевпен бірге жолға шықтық. Жарты сағат уақытты араға салып, қойнауы қазынаға, төскейі төрт түлік малға толы Қорағаты өлкесіне де табан тіредік.
Шарапаты мол іс-шараға көп қонақ шақырылыпты. Тізімде ауыл ақсақалдарынан бөлек, Шу ауданынан келген әзірбайжан этномәдени бірлестігінің өкілдері, аталмыш ауылдағы мектептің ардагер ұстаздары және елді мекен тұрғындары бар. Барлығы мектеп дәлізінде ұзақ әңгімелесіп, ой-пікір алмасты. Оның ішінде бізде бармыз. Бәріміздің ортақ әңгімеміз Қорағаты ауылының тұрғыны болған Ербол Барымбетов жайында өрбіді.
Ербол Барымбетов – бірінші Қарабақ соғысының қатысушысы. Ол 1974 жылы Тұрар Рысқұлов ауданында Төрехан ақсақалдың отбасында дүниеге келген. Жалпы, Төрехан ақсақал мен Сәткүл апайдың үш ұлы бар. Үлкені осы – Ербол. Ауылдастарының, сы­нып­тастарының айтуынша, Ербол бала күнінде тарих, әдебиет сынды пәндерге қатты қызыққан деседі. Тіпті, кейде ұстаздарын сұрақ астына алып, қызықты деректерді сабақ барысында келтіріп отыратынын да жергілікті жұрт жасырмады. Сондықтан болар, ол өте еңбекқор, еліне әрі досына адал, патриот болып өскен. «Арманы – асқақ, мақсаты – айқын болатын…» дейді оны жақсы танитындар. Ербол Төреханұлы мектепті аяқтай салысымен-ақ, әскер қатарына қабылданып, Қапшағайда борышын өтейді. Қалай екені белгісіз, Қарабақ соғысына қатысып, онда ерлікпен қаза табады. Ербол жайлы өткен шақта сөйлеп отырғанымыздың басты себебі де – осы.
Кейінгі кездері Ербол Барымбетов жайында көп айтылып жүр. Осыған айрықша серпіліс берген жандардың бірі – публицист-жазушы, ҚР-ның Қоғам қайраткері, Қазақстан және Әзірбайжан Жазушылар одағының мү­шесі, журналист Насиха Ғұмарқызы. Мектеп дәлізіндегі дискуссия жазу­шы­ның келуімен тоқтады. Мектеп оқушыларымен суретке түскен жазушы бірден акт залына барып, ауылға келудегі мақсатын айтты.
– Бұл менің қасиетті Қорағаты жеріне алғашқы сапарым емес. Алдында келгенімде де дәл осындай толқуда болғанмын. Оған әсер еткен басты фактор Ербол деп білемін. Саналарыңызда «Мына кісі Ерболды қайдан біледі?» деген сауал тұрған болар. Жауап берейін. (Көзіне еріксіз жас алды). Мен – журналиспін. Барған жерімде қызықты ақпараттарды ақтарып, түртіп алып жүретін әдетім бар. «Карабах. Долгая дорога домой» атты кітабымның тұсауын кесу үшін Бакуге барғанымда, шехидтер (батырлар) аллеясында бір қазақ ұлы бар екенін естідім. Табанымнан таусылып, әбден іздедім. Бірақ, өз дегеніме жетіп, таптым. Қарапайым қазақ баласының қабіріндегі құлпытасты құшақтап, еріксіз жыладым. Бұл жолы Насиха ретінде емес, Ерболдың анасы Сәткүл апамыздың кейіпінде тұрғандаймын. Бір сәтте зиратты қараушы бір әйел келіп, Ербол жайында әңгімелеп берді. Оның туған және өмірден озған күнінде майдандас достары келіп, ұдайы құран бағыштап тұратынын айтты. Осы сәт ерекше әсер еткені соншалық, бір күні кітап жазуға бел будым. Бүгін соның сәті туып, батыр ұлдарыңыз жайында жазылған «Ербол – шахид Карабаха» атты кітабымды әкеліп отырмын, – деді көзіне жас алып.
Шара барысында барлық қонақтар сөз сөйлеп, Ербол Төреханұлының батырлығы жайында сыр шертті. Әзірбайжан елінің өкілдері қора­ғатылықтарға батыр ұлды тәрбиелеп өсіргендігі үшін шексіз алғысын жет­кізсе, бауырлары, достары, ұстаздары Ерболдың батырлығын, бала кезден алғыр болғандығын, анасы Сәткүлдің хабар-ошарсыз кеткен ұлын әбден күткендігін сөз етті. Ал аймаққа белгілі журналист Сейсен Қожеке Ербол бауырына арнап өз өлеңін оқыды.
Жиын соңы кітаптың тұсаукесер рәсімімен, батыр рухына арналған ас берумен аяқталды.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: