Ағаш көшеттері отырғызылды
38 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Луговой – он мыңнан астам халқы бар Құланнан кейінгі тұрғындары тығыз орналасқан елді мекен. Кезінде қала типтес негізде құрылған бекет бүгінде алып ауылдардың біріне айналды. 20-дан астам мекемесі, екі орта және бір негізгі мектебі бар ауылда толайым тірліктер көптеп жасалуда. Атап айтар болсақ, саябағына сән кіріп, мәдени ошағы күрделі жөндеуден өтуде. Дегенмен, кезегін күттірген мәселелер де жоқ емес, бар. Олардың бірқатарын сәрсенбі күні ауыл тұрғындары аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаевқа тізіп берді. Айта кетейік, аталмыш жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 3 наурызында қолы қойылған Жарлығына сәйкес өткізілді. Бұл жиын бұрынғыдай өткен жоқ. Әдеттегідей жиында ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне емес, бар назар бірден тұрғындардың тілегіне аударылды. Ең әуелгі сауалды аудан әкімінің орынбасарына Нұрғали есімді ауыл ағасы жолдады.
– Мен Луговой ауылындағы 2-ші шағын ауданның тұрғынымын. Біздегі бар мәселе суға қатысты болып тұр. Шамасы екі аптадан асты-ау деймін, құбыры жарылған ауыз су ысырап болып, далаға ағып жатыр. Оның кесірі балаларымызға тиюде. Кешке сабақтан қайтқан үй баласы балшыққа батып келеді. Тиісті мекемелерге тапсырма беріп, дереу арада құбырды бітеп беруді өтінемін. Бұл – бір. Екіншіден, айналасы екі-үш күн болды-ау, шамасы! Электр тоғы шамадан тыс артық бөлінуде. Үйдегі техникаларымыз күйіп, істен шығуда. Барлық көршілерімізбен бірге қаражат жинап, электр сымдарын ауыстырдық. Қайта қайталанбаса екен дейміз. Осы олқылықты да назарда ұстауды сұранамын, – деп өтініш білдірді. Әлібек Мамытжанұлы су құбырларының жиі жарылу себебін дереу анықтауды тапсырып, шешу жолдарын қарастыруды аудандық «Таза су – 2014» мекемесіне жүктеді.
– Жалпы жарылған құбырды ретке келтіру үшін Луговой ауылының өзіне жыл сайын 15 млн. теңгеден астам қаражат бөлінеді екен. Жыртықты жамай бергенше, бұл мәселені түбегейлі шешкен абзал. Сондықтан зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шаралар қабылдаған дұрыс, – дей келе, салаға жауапты бөлім басшысы Жасұлан Өмірқұловқа нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл орайда ауыл әкімі Мұратбек Айтымбетұлы да ой қосып, 2018 жылы жүргізілген құбырдың құрылысы сапасыз жасалғанын мойындады. Оның айтуынша, су құбырлары мүлдем талапқа сай көмілмеген.
Жиында ауылдағы үлкен мектептердің мәселесі де қаралды. Атап айтар болсақ, ауыл тұрғыны Салтанат Өмірәлиева Тұрар Рысқұлов мектеп-лицейінің іші таңертең суық болатынын жеткізіп, от қазандығы кеш іске қосылатынын айтты. Соның кесірінен оқушылар бүрсең қағып отыратыны белгілі болды. Ал Максим Горький мектебінің ата-аналары балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды екен. Олар мектеп маңынан жаяу жүргіншілер жолын салып беруді өтінді. Әсіресе, Теміржолшы көшелерінің тұрғындары қауіпсіздікті күшейту үшін арнайы бейнекамераларды қоюды, өтінішті арнайы хаттамаға енгізуді сұрады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары бақылау камерасын өткелге де орнатуды, жылдамдық асыратын жүргізушілерге қатаң шара қолдануды өтінді.
Аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаевқа «Ауыл аманаты» жобасы қашан ауылға келетіні жайында да сауал қойылды. Әлібек Мамытжанұлы бұл сауалға толыққанды жауап беріп, 2025 жылға жоспарланған жоба жақын арада жүзеге асатынын, оның 2024 жылға қарай бері жылжығанын айтты.
– Жоба шарапатын барлық аудан тұрғындары көруі керек. Сондықтан да басшылық құрам тиімді тетіктерді қарап, жеңілдетілген несиені мейлінше тезірек үлестіруді көздеп отыр. Егер қаржыдан қиындық болмаса, жоба мерзімін 2024 жылға қарай жылжытамыз. Сондықтан да қажетті құжаттарды қазірден бастап дайындай берулеріңізді сұранамыз, – деді.
Жиында көтерілген ең өзекті мәселенің бірі – жайылым жердің жетіспеуі. Шыны керек, Луговойдың жанды жері де – осы. Өйткені, ауыл алғашында қала типтес негізде құрылған. «Ауыл шаруашылығына» деп артық жер бөлінбеген. Соның кесірін бүгін ауыл халқы көріп отыр деуге болады. Қалай дейсіз ғой? Айтайын… Өзім осы ауыл тұрғыны болғандықтан, бұл мәселеге әбден қанықпын. Осыдан екі-үш жыл бұрын өріске Смат Есімов, Т. Қуанышбекұлы, Әлім Райқұл, Шәймерден Егембердіұлы сынды көшелерден 180-ге жуық Зеңгібаба тұқымы шығатын. Одан бері міне үш бірдей сиыршы ауысып, мүйізді ірі қара басы 3-4 есе қысқарып, бүгінде олардың саны 40-қа да жетпей қалған. Тұрғындар сиыршыға әр мал басына 4000 теңгеден төлеп әлек. Басқаша амал да жоқ. Өзге ауылдармен салыстырғанда бұл сома екі есеге қымбат. Осы мәліметтің барлығын баяндап, аудан басшылығына сауал жолдап едік, Әлібек Мамытжанұлы Луговойды «ерекше ауыл» деп есептейтінін айтып, мұндай жағдайлар Ақыртөбе мен Малдыбай сынды ауылдарда да кездесетінін айтты. Ал ауыл әкімі Мұратбек Айтымбетұлы болса, Луговой ауылының жері мал бағуға арналмағанын жеткізіп, төрт түлікті көбейтуді мақсат ететін жандарға өзге амалдарды қарастыруға кеңес берді.
Жәнібек СҰЛТАН.