Өз өлкеңді танисың ба?
49 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
«Жекпе-жек» өнері – елімізде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Онымен дәл қазір көптеген бала айналысып, өздерін шыңдауда. Солардың бірі – Шерхан Әділ. Шерхан айналасы екі-үш жылдың жүзі болды-ау шамасы, ауданда жекпе-жектен облыстық деңгейде турнирлар ұйымдастырып жүр. Аяқ алысы да жаман емес. Соңғы ұйымдастырған шарасының, батырлар айқасының куәсі болдық. Таңдандық. Тамсандық. Ізінше ілкімді істің көшбасшысына айналған Шерханмен шағын сұқбат құрдық. Соны бүгін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік, аса қадірлі оқырман!
– Шерхан, алдымен оқырмандарымыз өзіңізбен жақын таныс болуы үшін өзіңіз жайында қысқаша ақпарат бере кетсеңіз?
– Мен 1992 жылы Қызылшаруа ауылында дүниеге келдім. Сонда білім алып, бала кезімнен спортқа жақын болдым. Соның нәтижесі шығар, қазір де спорт айналасынан алшақтамай, өзім де шәкірт тәрбиелеудемін.
– Жақсы. Бәрі түсінікті. Енді бізге «Жекпе-жек» өнеріне қалай келгеніңізді, нендей жетістіктерге жеткеніңізді әңгімелеп берсеңіз?
– «Жекпе-жек» өнеріне 2014-2015 жылдардан бастап қызыға бастадым. Ең алдымен әуесқойлар арасында сынға түстім. Сол сәттерде облыстық «Жекпе-жек» спортының президенті Нұрсұлтан Әлімқұловтың көзіне түскен болуым керек, аға бапкер Дархан Әділбеков екеуі Тараз қаласындағы «Гладиатор» лигасында бақ сынауға мүмкіндік берді. Ол үшін қос бірдей ағама үлкен алғысымды айтамын. Ал 2016-2017 жылдар аралығында «OCTAGON» лигасында өзімді сынап көрдім. Бір күні уақыттың өтіп бара жатқанын түсініп, ауыл жастарын осы спортқа баулуға кірістім. Нәтижесі де жаман емес. Мәселен, 2022 жылы Республикалық жауынгерлік самбодан Аян Базарбай деген шәкіртім үшінші орын алса, облыс бойынша қоян-қолтық ұрысынан ұйымдастырылған байрақты бәсекеде Рамазан І орын алып, чемпион атанды. Дәл осы жарыста Ерзат деген шәкіртім де ІІ орынға ие болды. Ал Бексұлтан болса, панкратионнан ІІІ орын алған жігіт. Тағы бір мақтаныштарымыздың бірі – Саян Таласбай. Ол жуырда ғана «OCTAGON» лигасында өнер көрсетіп, жеңіске жетті. Ауданымызда соңғы ұйымдастырылған жарыста да Ернұр Тұрғын, Мұхан Әшірхан, Бексұлтан Маратов сынды шәкірттерім жақсы өнер көрсетіп, жеңіске жетті. Мен олардың барлығымен мақтанам.
– Шерхан, жалпы мұндай шараларды ұйымдастыру үшін қыруар қаражат кететіні белгілі. Осы мәселені қалай шешіп жатырсыз?
– Иә, орынды сұрақ қойдыңыз. Әрине мұндай турнирді ұйымдастыру оңай емес. Дегенмен, қамқор ағаларымның арқасында бір емес, екі турнир ұйымдастырып үлгердік. Сондықтан бүгінгі сұқбатты қолдана отырып, Досмұхамед Жанасов, Тұрар Жанділдә, Бауыржан Кутекеев, Нұрлан Тілеубаев, Дәурен Зікірбай сынды аға, бауырларыма шексіз алғысымды білдіремін. Жалпы алдағы уақытта аудандық деңгейде «Жекпе-жек» өнерінен арнайы орталық құрылып, бөлек штат бөлінсе деймін. Спорт саласына жауапты жоғарыда отырған ағаларымыз осыған үлкен мән берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, «Жекпе-жек» өнері ауылдағы қарапайым баланың бағын жандырып, Америкаға апаратын ең тиімді төте жол. Оған Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаевтың өмірдерегін дәлел ретінде келтірсек болады. Екеуі де ауылда өсіп, қой бағып, бүгінде биіктен көрінген батырлар. Тоқсан сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, менің арманым – аудан мен Америка арасына үлкен көпір салу.
– Шерхан, айтайын деген ойыңызды, жалпы ұсынысыңызды түсіндік. Спортқа жанашыр жандар осы сұқбатты оқып, өз қолдауын білдіреді деген үміттемін. Тек қана алға! Сәттілік серігіңіз болсын!
– Сіздерге де көп рақмет!
Сұқбаттасқан Жәнібек СҰЛТАН.