Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Құтырық (бешенство) – орталық жүйке жүйесін зақымдап, шашырынды полиэнцефаломиелит арқылы ерекшеленетін, жіті өтетін жұқпалы ауру.
Құтырықпен барлық үй және жабайы жануарлар, сонымен бірге адам да ауырады. Ит тектестер (түлкі, қасқыр, қорқау қасқыр, енот тәрізді ит), сусар тектестер, жарқанат, кемірушілер және үй мысығы аса бейім.
Қазақстанның жағдайында құтырықтың ең басты таратушысы – түлкі, ал үй жануарларының ішінде бұл ауруға ең жиі шалдығатыны – сиыр. Түлкінің өсіп-өну ерекшеліктеріне байланысты, атап айтқанда, жаңа ұрпағының жетіліп күшіктеуіне дейінгі уақыт 2-3 жыл өткен сайын құтырық оқтын-оқтын жиі байқалып тұрады. Бұл – осы аурудың кезеңдік сипаты. Сонымен қатар, оның маусымдық ерекшеліктері де байқалады. Әсіресе қысқа қарай немесе қыстың көктемге ауысқан кезінде жиілейді. Оның себебі де ауруды тарататын жыртқыштардың тіршілігіне, олардың қысты күні жыныс белсенділігі артып, ұйығуына байланысты. Бұл кезде еркек аңдар бір-бірімен таласып, денелерін жарақаттайды. Құтырық түлкі, қасқыр, қарсақ бір-бірін тістеген сәтте жұғады. Ал алиментарлық жолмен жұғуының індет тудырарлықтай маңызы түпкілікті айқындалған жоқ.
Құтырық – жіті өтетін ауру. Әр түрлі жануарда оның клиникалық белгілері ұқсас болады. Әсіресе иттің кұтыруы жан-жақты зерттелген. Итте құтырық өршіген және бәсең түрде өтеді.
Өршіген құтырықтың 3 кезеңі болады: біліне бастаған, көтерілген және дел-сал. Біліне бастаған кезең 12 сағаттан 3 тәулікке дейін созылады. Бұл кезде жануардың мінезінің өзгеруі байқалады. Ит көңілсіз немқұрайлы болып, қараңғы бұрышқа немесе үйшігіне тығылады. Иесінің шақыруына ықылас білдірмейді. Кей жағдайда иесіне тым еркелеп, қолын, бетін жалауға тырысады. Бұл кезде иттің сілекейінде вирус болатындықтан, өте сақ болған жөн. Біртіндеп ит мазасызданып, тез шошынып, ызақорланады, орынсыз жүгіре береді. Есінің ауысқан белгілері біліне бастайды: бұрыннан үйреншікті нәрселерге ызалана үріп, аузымен ауаны қабады (шыбын ұстағандай). Тәбеті бұзылып үйреншікті тамақты жемей, ағаш, шүберек сияқты заттарды жей бастайды. Кейде таланған жері өте қышынып, оны жалап, үйкеп, тіпті тістелей бастайды. Біліне бастаған кезеңі соңында жұтқыншақ бұлшық еттерінің салдануы нәтижесінде жануар жұтына алмай, бір нәрсеге қақалғандай әсер туғызады. Иттің кенеттен өшпенділігі артып, орынсыз басқа жануарларға, адамға, тіпті өз иесіне де ұмтылуы мүмкін. Бұл белгілер аурудың көтерілген кезеңі басталғанын көрсетеді. Бұл кезең 3-4 күнге созылады. Иттің қорқыныш сезімі жоғалып, шынжырын тістеп, бұлқынып, үзіп кетуге тырысады, босанып алса кісіге шауып, беталды жүгіріп, қашып кетеді. Құтырған ит бір күн ішінде ондаған шақырым қашықтыққа жүгіріп, кездескен мал мен адамға шабады. Ұмтылған кезде үрмей, үндемей қабады. Егер ит торға қамалса, онда темір шыбықтарды тісінің сынғанына қарамастан тістеп, әлсіреп құлағанша бұлқына береді. Бұдан кейін әлі бітіп құлайды. Біртіндеп бұлшық еттері жансызданып, аурудың үшінші дел-сал кезеңі басталады.
Үй жануарларын құтырықтан сақтандыру шаралары оларға жабайы жыртқыштардың шабуына жол бермеу, күзет үшін егілген иттерді ғана пайдалану болып табылады. Құтырықтың табиғи ошақтары бар жерде жайылымда бағылатын ірі қараны бұл ауруға қарсы егу керек. Құтырық шыға қалған жағдайда сол жердегі елдімекен, жайылым, орман-тоғай немесе басқа табиғи қорық осы аурудан сау емес деп жарияланады. Итті далаға шығаруға, көрмесін ұйымдастыруға, ит пен мысықты басқа жаққа әкетуге, жабайы ет қоректілерді ұстап алуға және басқа жаққа әкетуге тыйым салынады. Елдімекендегі үйлер мен қора-жайды түгелдей аралап, егілуге мұқтаж адамдарды анықтап, барлық жануарлардың есебін қайта алып, оларды бағып-күтудің ережелерін түсіндіру керек. Табиғи құтырық байқалғанда жылдың қай мезгілі болмасын жабайы жыртқыштарды атып, санын шектеу үшін шаралар қолданады. Құтырған жануарларды жедел өлтіріп, өлекселерін өртейді немесе тиісті ережелерге сәйкес жояды. Құтырған жануарларды да жояды. Тек қана кісіні қапқан ит пен мысықты өлтірмей, оқшаулап 10 күн бойы ветеринариялық бақылауда ұстайды. Егер бұл уақытта кісіні тістеген жануарда құтырықтың белгісі білінбесе, оның тісі тиген адам сау деп есептелінеді.
Тұрар Рысқұлов аудандық
ветеринариялық станциясы.