Ағаш көшеттері отырғызылды
48 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Ақша белгілері – теңге мен тиынды Қазақстанның озық суретшілерінің қатысуымен Ұлттық банк әзірледі. Теңге Қазақстанның алғашқы ақшасы емес. Ежелгі Қазақстан аумағында бұдан көптеген ғасырлар бұрын өзге де ақша түрлері пайдаланылған.
Жиырмасыншы ғасырда Қазақстан біртұтас рубль аймағына кірді. Бұл 1993 жылдың қараша айына дейін жалғасты. Кеңестік рубльдер 1993 жылғы 15 қарашада сағат таңертенгі 8:00-де теңгемен ауыстырыла бастады. Бұл күні Ұлттық валютаның туған күні болып саналады.
«Есепсіз дүние жоқ» дейді халқымыз. Ал, экономикаға келсек, “үй шаруашылығын басқару өнері” дегенді білдіретін көне грек сөзі. Осының ауқымын кеңейтіп, мемлекеттік деңгейде қолданып жүрсек те, қандай елдің экономикасы болмасын тұрғындарының тұрмысына, отбасылық бизнеске байланысты өркендейтіні анық. Қазіргі тілмен айтқанда, шағын және орта бизнес өрістемей ілгері жылжи алмаймыз. Елбасы жуырда ғана халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында осы шағын және орта бизнеске баса көңіл бөліп, экономиканы өркендетудің негізі шағын және орта бизнес екенін атап өтті.
Еліміздегі шағын кәсіпорындардың саны артып, алуан түрлі отандық өнімдерді экспортқа шығарсақ, қаржылық жағдайымыз жақсара түседі. Қаржылық жағдайымыз дұрысталса, теңгеміз де нығаяды. Халықтың тұрмыс салты, әлеуметтік-экономикалық ахуалы дұрысталады. Мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы осы болса керек. Бұл жөнінде ауданымызда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Тоғыз айдың қорытындысымен сараптайтын болсақ, ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 9 айда 18027,8 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 101,6% немесе 645,6 млн. теңгеге артық. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші 27 шағын кәсіпорындар, цехтар орналасқан. Оның ішінде 11 диірмен, 10 наубайхана, 2 шұжық өндіру цехы, 2 май шығару цехы, 1 сүт өңдеу цехы тіркелген. Бүгінгі күні 11 диірменнің 7 диірмені жұмыс қалпында болса, сол секілді 10 наубайхананың да 7-еуі жұмыс істеуде. «Ақтоған» шаруа қожалығының макарон шығару цехында 32 түрлі макарон өнімдері өндіріледі. «Досқайнар» шаруа қожалығының шұжық өндіру цехы 25 түрлі шұжық өнімдерін өндіруге арналған. «Ұлы Сұлтан» шаруа қожалығы шұжықтың 10-нан астам түрін халыққа тұтынуға ұсынып отыр. Аталған 9 айдың қорытындысымен 4943,9 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өнім өндіру көлемінің индексі 103,1 %-ды құрады.
Өзге салалар бойынша да аудан аршынды дамып келеді. Осының бәрі дұрыс есептеп, бюджетті жоспарлай алудың нәтижесінде іске асып жатқандығы белгілі. Сондықтан да қаржы саласында еңбек етіп жүрген барлық әріптестерімді ұлттық теңге күнімен құттықтап, еңбектеріне табыс тілеймін.
Ләззат САПАРБЕКОВА,
аудан әкімдігі экономика және
бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы.
Аудан әкімдігі қаржы бөлімінің негізгі қызметі аудан бюджеті шығысының орындалуын қадағалау. Сонымен қатар, коммуналдық мүліктерді жекешелендіру және оларды есептеу де осы бір мекеменің тікелей қызметі болып табылады. Ауданның есеп-қисабын толықтай өз бақылауына алған мекемеде 2002 жылдан бері білікті маман Бейшенқұл Ниязқұлов қызмет атқарып жүр. Бөлімнің бүгінгі тыныс-тіршілігін ардагер қызметкерден сұрап көруді жөн көрдік. -Мен бұл мекемеде қызмет атқарып келе жатқаныма 16 жылдан астам уақыт болды. Бөлімге маман болып орналасып, бүгінде сектор меңгерушісі қызметін атқарудамын. Аудандық қаржы бөлімінде менен бөлек 5 мемлекеттік қызметкер бар. Мереке қарсаңында мүмкіндік болса, осы алақандай ғана ұжым мүшелеріне жеке-жеке тоқталып өтсем артық болмас. Себебі, олар осыған лайықты жандар.
Қазіргі таңда мекемені Тойшығұл Жапарқұлов басқарып отыр. Одан бөлек мекемеде сектор меңгерушісі Нұрсұлу Сейсеу, бас мамандар Венера Биғазиева және болашағынан зор үміт күттіретін Меруерт Санат пен Асқар Әлпейісов сынды жас мамандар қызмет атқаруда. Ұжымдағы адам саны аз болса да, жұмысты көпсінбейміз. Ауызбіршілік пен табандылықтың арқасында берілген жұмысты бірге еңсеруге тырысамыз. Өйткені, біз бірлігі жарасқан бөлімбіз, -деп өз ойымен бөлісті.
Иә, шыныменде осы мақаланы жазу барысында бөлім қызметкерлерінің ынтымақты уысынан шығармайтын, бірлікті бекем ұстанатын ұжым екендігіне көз жеткіздік. Бір үйдің баласындай болған мекеме қызметкерлеріне толағай табыс тілейміз.
Ж.БАЗЫЛБЕКОВ.
Өткен жылы ұлттық валюта күніне орай «Біздің Женя» деген тақырыппен Тұрар Рысқұлов аудандық «Халық банкінің» аға менеджері Жұбайкүл Құрманованың қызметі мен адамгершілік болмысы хақында мақала жазған едім. Автопортрет жанрында жазылған материал басылым бетіне шыққан соң оқырмандарымыз әлеуметтік желідегі жеке парақшама көптеген жылы пікірлерін жазып жатты. Сонда бейтаныс бір оқырманның:
– Марат, байқаған болсаңыз, Женя ханымның жанында Әлібек есімді жігіт отырады. Жүзінен шуақ төгілген азамат. Ең бастысы, өз ісінің нағыз білгірі. Осындай халықпен етене араласып еңбек етіп ж ү р г е н қ ы з меткерлерді де елеп ескерсеңіздер екен,-деген комментарий қалдырыпты. Көпке дейін ойланып жүрдім. Әлібекті өзім де сырттай білемін ғой. Әйтсе де, қол алысып амандасқанымыз болмаса, емен-жарқын сөйлесіп көрмеппіз. Аракідік банкке барған сәтте Әлекеңе сырттай зер салып қоямын. Сондағы байқағаным, кейіпкеріміздің екі көзі үнемі компьютерде. Қолы мүлде босамайды. Жақында ұжымдық лездемеде осы жайттарды айтып, жазуға рұқсат алдым. Сөйтіп, келесі күні Әлекеңмен дидарласып, әңгімелестік. Әлібек Ахметұлы расымен де өте қарапайым әрі кішіпейіл азамат екен.
– Мен Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келдім. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тарих және география мамандығы бойынша бітірдім. Бала күнімнен зерек едім. Бір көрген нәрсемді ешқашан ұмытпаймын. Яғни, есте сақтау қабілетім жақсы деуге болады. Ал жұмысқа келер болсақ, Тұрар Рысқұлов аудандық «Халық банкіне» 2008 жылы келдім. Мінеки, 10 жылға жуықтапты, содан бері үздіксіз еңбек ету үстіндеміз. Абай хакімнің «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес» деген сөзі бар. Осы сөзді өз басым әркез жадымда сақтаймын. Қайбір жылдары редакцияда да оператор-дизайнер болып жұмыс істеген едім. Сондықтан аудандық басылымға деген құрметім бөлек. Еңбектеріңіз жана берсін,-дейді Тұрар Рысқұлов аудандық «Халық банкінің» аға менеджері Әлібек Абу. Ал өткен жылғы кейіпкеріміз Жұбайкүл Құрмановадан бірауыз пікір сұрағанымызда әріптесінің салмақты әрі жан-жақтылығын тілге тиек етті.
Марат ДИХАНБАЙ.
Ауданымыздағы қаржы саласында 1994 жылдан бастап күні бүгінге дейін қызмет етіп келе жатқан еңбегі мол мамандардың бірегейі – Айнұр Сапарқызы Тоқсабаева. 1971 жылы дүние есігін ашқан ол Құлан ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте білім алып, кейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік аграрлы университетінің «есеп және аудит» мамандығына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Луговой аудандық Салық бөлімінің ұжымдық кәсіпорындар кооперативтеріне уақытша салық инспекторы міндетін атқарушы болып жұмысқа тұрады. 1995 жылы осы ж ұ м ы с ы н одан әрі салық инспекторы болып жалғастырды. Кейін осы Қазынашылық бөлімінің аға қазынашысы, келісім шарттарды тіркеу тобының бас маман-бас қазынашысы, 2009 жылы – аудандық қазынашылық басқармасының алдын ала бақылау, қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету және төлеуге берілген шоттарды енгізу бөлімінің бастығы, ал 2009 жылдан қазіргі уақытқа дейін Қазынашылық басқармасы операциялық тобының бас маман – бас қазынашысы лауазымын атқарып келеді. Үнемі өзінің кәсіби біліктілігін көрсете білетін білікті маманның аталған басқармада қызмет еткеніне бүгінде 25 жылға жуықтады.
Математиктер отбасынан шыққан Айнұр Сапарқызының жастайынан математикаға жаны құштар еді. Өзі армандаған мамандық иесі атанып, аудандық Қазынашылық басқармасында ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етіп, өз ұжымының алдында биік беделге ие болған ол бүгінде бір ұл, бір қызды тәрбиелеп отырған ана. Математикаға бейім болып, ұзақ жылдар бойы есеп-қисаппен айналысып жүрсе де, қазақтың ақиық ақыны Мұқағалидың өлеңдерін, М.Әуезовтың, Л.Толстойдың еңбектерін сүйіп оқыған. Заман талабына ілесіп ғұмыр кешу үшін бос уақытында латын қаріпін меңгеруді мақсат тұтады.
Салтанат РАХМЕТУЛЛАҚЫЗЫ.