Қыза жаз, қызыға жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз…
Журналистикика – ақпарат әлемі. Ал, журналист болса, сол ақпараттың дұрысын саралап, шынайы әрі дәйекті түрде халыққа жеткізетін маман. Журналист әрқашан ізденіс үстінде болуы керек. Яғни, телегей білімің болмаса, ішкі жан дүниеңде жазуға деген құштарлық болмаса, сенен жақы журналист шығатыны неғайбыл.
Мен болашақта журналист болғым келеді. Осы мамандықтың қыр-сырын үйреніп, алдыңғы толқын ағалар салған сара жолдың сарқытын жалғастырғым келеді. Журналист-жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Журналист болсаң жасқаншақ болма, жақсы жазсаң да мақтаншақ болма» деген өнегелі сөзі бар. Осы сөз әркез менің жүрегімнің төрінде сақталады.
Журналист болу үшін алдымен білім керек дедік қой әу баста. Қазір білімімді жетілдіріп, көптеген кітаптар оқып жүрмін. Алдыңғы толқын ағалардың жазғандарын оқып, солар секілді жазуға машықтансам деймін. Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов аталарымыз, бертіндегі Дәурен Қуат, Қасым Аманжол, Рахат Мамырбек, Есей Жеңісұлы, Дархан Әбдік, Зейін Әліпбек, Дана Нұржігттер секілді сөйлеп, жазғым келеді. Өндіре мақалалар жазып, көзі қарақты оқырманның ыстық ықыласына кенелсем деймін.
Заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов «Қыза жаз, қызыға жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз» деген. Қазір сол бағытты ұстанып, өзімді жетіліріп келемін. Болашақта теледидар жүргізушісі болсам деп армандаймын. Маған белгілі журналист Қанат Әуесбайдың сөйлеу мәнері, жазу стилі қатты ұнайды. Ол өзінің бір сұхбатында:
– Халқымыз жетпіс жыл бойы «ов, ев, вич» сияқты орыс тіліндегі кімнің деген сұраққа жауап беретін ілік септігінің жалғауын өз тегіне жегіп келді. Оның заманы өтіп, тәуелсіз елдің тек атауын қалыптастыру үрдісі басталды, – деп айтқан екен. Жасыратыны жоқ, осы пікір менің көңілімнен ерекше орын алды. Бұл сөздің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Әркім өз түсінгенінше, саралай жатар. Түптеп келгенде, «ақиқаттың арғы шеті» көрініп тұрғаны анық.
Журналиистканың қызығы да, шыжығы да – осы. Шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртаза атамыз: «Газет жұмысы – бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің. Сан түрлі адамдармен тілдесесің. Шығармаға жем табылады. Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкейіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады. Өл-тіріл, сондағы баяндамашы, бастықтардың көпірме сөздері таңертең газеттің бетінде болуы керек» – деген сөзін менен артық жақсы білесіздер ғой. Міне, журналистиканың, журналистің де құны азаматтық ұстанымы осы да!
Нұрай Нұрболқызы,
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы.