Қара жер! Сенде тудым, сенде өлемін…

256 Views

(Эссе)

Мен бұл байқауды аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Мөлдір Керімбаева әпкемізден естідім. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың өзі «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп айтып кеткен еді ғой. Осы сөз әркез менің санамнан кетпейді. Жұқамыр жүрекке де мықтап тоқып алғанмын. Сондықтан кітапханаға ұдайы барып, газет тігінділерін оқып, жаңа шыққан кітаптар болса, оны міндетті түрде жаздыртып алып, оқуға тырысамын. Өйткені, өзіміз де осы журналистика саласында қызмет істеп жүрміз. Журналистикадағы ең басты шарт – кітап оқу деп түсінемін өз басым. Көп оқып, ізденбесең, жазған мақалаңның да «сөлі» болмайды. Сондықтан үнемі елдегі саяси һәм мәдени, жаһан жұртшылығында болып жатқан әлеуметтік әрі проблемалық мәселелерді республикалық басылымдардан оқып, ой түйіп отырамын. Ол өзге үшін емес, алдымен өзім үшін де керек.
Қыркүйек айының 22-ші жұлдызы еді. Сол баяғы ғадетім бойынша аудандық кітапханаға бардым. Республикалық басылымдардан «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ана тілі», «Түркістан», «Айқын», «Дала мен қала», ал, облыстық газеттерден өзіміздің жүз жылдық тарихы бар Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеті мен «Ар-Ай» жастар газетін, Қарағанды облыстық «Сарыарқа самалы» газеттерін парақтап, аталмыш мерзімді баспасөз құралдарында қандай тақырыптағы мақалалар жарияланып жатқанын зерделеп шықтым. Сол сәтте кітапханашы Мөлдір Керімбаева бірдеңе айтқысы келіп тұрғандай көрінді маған. Бірақ, артық сөйлеп, кітапхана ішіндегі мүлгіген тыныштықты бұзғысы келмегендей сыңай танытып, үн қатқан жоқ. Басқа да оқырмандар бар дегендей. Мен де бірден түсіне қойдым. Содан соң шығып бара жатып:
– Мөлдір әпке, маған бірдеңе айтқыңыз келген секілді. Қысылмай, айта беріңіз, – деп, сауалды өзім қойдым. Ол осы сөзден кейін ғана барып:
– Марат, сіз біздің аудандық орталық кітапхананың тұрақты оқырмандарының бірісіз. Әрдайым ізденісте жүресіз. Өңірлерден шыққан белгілі тұлғалардың да есімін жақсы білесіз. Біздің электрондық поштамызға қаламгерлер арасында өтетін республикалық эссе байқауы келген еді. Яғни, Атырау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» белгісінің, «Еңбек ардагері» медалінің, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Жылыой ауданының Құрметті азаматы, ұстаз Ершуов Аманқос Назарұлының 80 жылдығына орай «Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар» деген тақырыпта қаламгерлер арасында республикалық эссе байқауын ұйымдастырып жатыр екен. Аудандық орталық кітапхананың оқырманы ретінде осы байқауға қатысып көрсеңіз, – деді. Шыны керек, Аманқос Ершуовтың есімін алғаш естігенде, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Маржан Ершудың өлеңдері ойға оралды. Маған сол мезетте байқауға қатысудан бас тартуыма да болар еді. Бірақ, өйтпедім. Адамның болмысы жазуынан да көрінеді кейде. Өтірік емес, шын сөзім. Жаңа да айттым ғой, Аманқос Ершуовтың есімін алғаш естігенде, ақын Маржан Ершудың өлеңдерін есіме түсірдім. Маржан ақынның «Көп ішінде», «Бір өлең жазылар…», «Жарығым менің!», «Түнде түс көрдім», «Шағыну» деген өлеңдерін еліміздегі әдеби порталдар мен республикалық басылымдардан оқыған едім.
Содан осы эссе байқауына қатысуға ерекше құлшыныс таныттым. Атағымыз дардай танымал қаламгер де емеспіз. Біреулер өздерін солай санайды ғой. Шүкір, жазуды білеміз. Журналистиканы бітірдік. Осы салада еңбек етіп жүргендіктен, «Нар тәуекелге!» бел будым. Содан ізденуге тура келді. Жазар эссемнің алғашқы кіріспе сөзін бастап та қойғанмын. Дегенмен, газет жұмысы соны аяқтауға мұрша берсін бе? Ақиқаттың алдаспаны атанған, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Газет жұмысы – бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің. Сан түрлі адамдармен тілдесесің. Шығармаға жем табылады. Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкейіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады. Өл-тіріл, сондағы баяндамашы, бастықтардың көпірме сөздері таңертең газеттің бетінде болуы керек» – деген сөзін менен артық жақсы білесіздер ғой. Содан кіріспесін бастап қойған қыркүйек айындағы сол эссемді қазан айында жалғастыруға тура келді.
Оның үстіне, кітапханашы Мөлдір Керімбаеваға айтар сөзімді айтып қойдым. «Уәде – Құдай сөзі» екенін мен де білемін. Қазан айының 7-сі. Күн сенбі. Біздің жақта күн бұлт-ты-ыыыы болып тұр. Осындай күні жазу жазғанды ұнатамын. Жауын жауа бастады. Сенбі күнге қарамастан, жұмысқа келдім. Өйткені, Мөлдір ханымға уәде бергенім бар. Бұл – бір. Екіншіден, неге екенін білмеймін, осы күні бір дүлей күш мені жазуға итермелеп тұрды. Үйде бала-шаға жазу жаздыра қойсын ба? Жұмыста отырып, Аманқос Ершуовтың өмірбаянын қарап шықтым. Негізінен, Аманқос Назарұлының кітаптары том-том болып шықпаса да, жекелеген жыр жинақтарына еніпті. Олар: «Жас керуен», «Алтынтау», «Көңілді тоқсан», «Революция жырлары», «Өмір өрнегі», Бір нәзік сәуле» деген жыр-жинақтары. Осыдан 10 жыл бұрын ақын Аманқос Назарұлының 70 жылдығы Атырау жерінде көлең көлемде тойланған екен. Жиынға сол кездегі облыс әкімі, өзі де зиялы азамат Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, жүрекжарды лебізін айтыпты. Құралай есімді журналист әріптесіміз сол кештің өту барысын тамылжыта жазыпты. Батыс өлкедегі ағайынның осындай қасиетіне риза боламын. Қызықтым әрі тамсандым.
Біздің жақтағылар ауданымызды – «Қасиет­ті Құлан жері» деп мадақтайды. Мақтанады. Бірақ, шын таланттарын әспеттеуге келгенде, «меңіреу» бола қалады. Бағалау былай тұрсын, «есектері судан өткен соң» сені мүлде танымайтындай кейіп танытарын қайтерсің. Айталық, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, табиғат тамыршысы атанған сыршыл ақын Қуандық Шолақ – осы Құланның перзенті. Өмірінің соңында қатты сырқаттанып ауырды. Әй, сонда бар ғой, емен есікте отырған шоқпардай қызметі бар әкіміңіз де, «осы біздің Құланның Қуандығы еді» деп хал сұрайтын бауырмашыл жұрттың да қарасы көріне қоймады. Қуандық ақын өзінің «Топырақтан тыс болсам» деген өлеңінде:
– Болғаныммен өзімше санам дардай,
Көңілім күпті, жайым бар алаңдардай.
Жыр жазғанмен, жан гүлім жадырардай,
Келем әлі, бар болса да, бағамды алмай.
Болар екен бақыттың үні қандай?
Келеді үміт жылда алдай, күніге алдай.
Дәмем барын қайтейін, күніге әлі,
Тізіміне мықтының іліне алмай, – деп жырлайды. Осындай жыр жазған Қуандық ақын да өмірден өтіп кетті. Әрине, өкініш бар іште. Бірақ, біздің қолдан не келеді? Оны аудандағы, облыстағы «қызметі бар көкелер» ойлауы керек қой…
Жә, мейлі. Біреудің проблемасы біреуге қажет емес шығар мына заманда. Жөн сөзден гөрі, жел сөзге әуестеніп бара жатқанымыз да жасырын емес қой. Батыс өлкедегі ағайынның көбі жөн сөзді ұғады деп ойлаймын. Осы байқауды ұйымдастырушыларға мың да бір алғыс. «Біздікілер ескере ме?» деп жазған түріміз ғой.
Ақын Қуандық Шолақтың есімін осы жазған эссемде бекерге атаған жоқпын. Қуандық ақын тек жазиралы Жамбыл жеріне ғана емес, күллі қазаққа таныс шайырлардың бірі. Біздің кейіпкеріміз Аманқос Ершуов та тек Атырау өңіріне ғана емес, мұқым елге белгілі ақын, ұстаз, тәлімгер. Мәселен, Аманқос Ершуовтың:
– Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,
Байқасақ, аспанда да алалық бар.
Біреуде жас та болса, даналық бар,
Біреуде қартта болса, шалалық бар, – деп басталатын «Бұлттар» деген өлеңі өзгеше теңеумен өрілген өміршең өлең деп пайымдаймын. Дәл Қуандық ақындыкіндей. Осы «Бұлттар» өлеңін әрмен қарай оқитын болсақ, тұнып тұрған мән-мағына. Оның да өзіндік шығу тарихы бар көрінеді. Аманқос аға бұл өлеңді студент кезінде жазған екен. Мақтаралда мақта теріп жүрген кезінде.
Осы кезде болуы керек, сөз зергері Зейнол­ла Қабдоловтың өзі ақын Аманқостың өлең­­деріне пікір білдіріп, «Қазақ әдебиетіне жаңа Қасым келді» деп баға берген екен. Мен тұтас­тай мәнерге салып, оқып шықтым бұл өлеңді. Ерекше теңеулер расыменде. Ең бас­тысы, өлеңнің айтар ойы философиялық не­гізге құрылған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­­ситетінің журналистика факультетінде оқып жүрген кезімізде композитор әрі ақын Та­былды Досымовтың сыршыл әндерін «ойдан келген ойық құлақ, қырдан келген қиық құлақ данышпандар» болып, жатқа айтушы едік. Табылды Досымовтың «Биіктік» атты өлеңін­дегі:
– Жанарында жасын ойнап керемет,
Қарсы шапқан жауған оққа себелеп.
Санаң болса, қалай ғана айтарсың,
Нысанбаев тау емес ед,
Тау емес ед, төбе деп.
Тау ұлдары тауда нағыз сырбаздай,
Жүздеріңде шабыт оты жүр маздай.
Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай,
Талай ақын кетер ме екен,
Кетер ме екен жыр жазбай… – деген келісті әрі құнды жыр-жолдары Атыраудан шыққан таланттардың шын бағасын көр­сетіп тұр.
Аманқос Ершуов та Атырауда дүниеге келген нағыз таланттың бірі. Табылды Досымовтың да есімін бекерге атаған жоқпын. Байқауымызша, ақын Аманқос Ершуовтың «Бұлттар» атты өлеңіндегі:
– Ашық айттым досымның ұқпағанын,
Кейбіреуді көлгірсіп құптамадым.
Біреулерден ұтылып қалсам-дағы,
Қандай жақсы өзгені ұтпағаным, – деген жолдар мен Табылды ақынның «Биіктігінде» өрілген, яғни әлгінде жазылған шымыр деталь­дарда сәйкестік бар секілді. Екеуінің де өлеңіндегі құрылым көлгір сөз емес, турасын айтар әділдікке, күлдібадам ұйқасқа емес, шынайылықтан шыққан щедеврлікке негіз­делген.
Осы арада мына жайтты да айтпасқа бол­мас. «Өсемін», «Қызмет қуамын» дейтін болсаң, журналистикада мүмкіндік көп. Мен оны – осы салада 10 жыл қызмет ете жүріп тү­сіндім. Бірақ, соны өзім қаламаймын. Әйт­песе, мүмкіндіктер болмады емес, бол­ды. Тіпті, облыстық, республикалық басылымдарда қызметке шақырды. Мен аудандық газетте қалуды жөн көрдім.
Қазір «танымал боламын» десең де мүмкіндік жетерлік. Әлеуметтік желіні айтпай-ақ қояйын. Баспасөзде де бар бұл үрдіс. Ішінде сөлі жоқ, өзге емес, өзің оқуға ұялатын мақалаңның тақырыбын ел елең ете қалатындай етіп қойсаң болғаны. Бітті. Сенен асқан «мықты журналист жоқ» осы қазақта. Былай қарасаң, қолдан келетін-ақ шаруа. Бірақ олай етуге дәтің бармайды. Жазуға деген адалдықты ойлайсың. Дәл Аманқос ағалар сияқты. Әйтпесе, айқайлатып тақырып қойып,«қайдағы жоқ бірдеңелерді» жазып, танылуға ештеңе кедергі емес. Алдыңғы толқын ағалардың аманатын ойлайсың. Тауман Амандосов, Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожакеев, Марат Қабанбай, Қажытай Ілиясов,Тельман Жанұзақов, Балғабек Қыдырбекұлы, Ержұман Смайыл, Сейдахмет Бердіқұловтардың аманаты да сол емес пе? Бертіндегісін айтсақ, Дидахмет Әшімханұлы, Таласбек Әсемқұлов, Болат Бодаубай, Жанат Елшібек, Асқар Алтай, Несіп Жүнісбайұлы, Сауытбек Абдрахманов, Жанболат Аупбаев, Дүрәлі Дүйсебаевтар секілді өз мамандығымызға адал болып, журналистикаға, баспа ісіне, ұстаздық қызметке Аманқос ағалар сияқты жауапкершілікпен қарап, елдің түзу ниеті мен ақ алғысына кенелсек дейміз.
Кей адамдар туралы жазғанда ой өздігінен келіп, сөз де пайда бола кетеді. Ал «адамдардың кейбірін» тіпті жазғың келіп оқталсаң да, қалам құрғыр жүрмей қояды. «Құдіретте біледі-ау деймін» соған қарағанда. Бірақ, бүгін менің шабытым ашылып, жаза түскім келіп отыр. Ол енді Аманқос Ершуовтың жазу шеберлігінен, өрелі өлеңдерін түсініп оқып, оны ойыма қорыта білгеннен деп есептеймін.
Ақыры бастаған екенбіз, осы тақырыпты ары қарай тарқатсақ. Ақын Аманқос Ершуов та газетте еңбек еткен. Жаңа журналистика сардарларын атап өттік қой. Ол да сол алыптар секілді газетте жұмыс істеп, елге танылды. Нақтырақ айтсақ, Атырау облыстық газетінде. Кезінде облыстық бас басылым «Коммунистік еңбек» деп аталған екен. Қызығы мен шыжығы көп газет жұмысында кейіпкеріміз әдеби қызметкер бола жүріп, талай оқырманның алғысына кенелді деп ойлаймын. Жұрт сүйсініп оқитын талай тұшымды дүниелер жазғанына да бек сенімдімін. Оны ақынның 1962 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Бұлттар» өлеңіндегі:
– Бар азырақ абырой, атағым да,
Астымда атым, үстімде шапанымда.
Жібі түзу жігітпін жүріп келем,
Қарапайым жандардың қатарында, – деген шумақтарынан-ақ байқауға болады. Ол жазған «Қасым жыры» өлеңі де осы жылы «Жұлдызда» басылған. Мына сәйкестікке қараңызшы. Аманқос аға еңбек еткен облыстық газет те, мен қызмет істейтін қазіргі «Құлан таңы» газеті де заманында «Коммунистік еңбек» деп аталған. Бұл бір шығармашылық үндестік дерсіз, бәлкім!?
Журналистикада еңбек ете жүріп, өлең жазу да, драмалық шығарма жазу да – оңай шаруа емес. Көп оқуың керек. Қарап отырсаңыз, Аманқос Назарұлы соның бәріне үлгерген. Таң қаласың енді. Не деген жанкештілік десеңізші! Әй, бұл біздің қолдан келе қоймайды-ау. Дегенмен тырысып-ақ бағып жүрміз. Аманқос Назарұлының «Шопан баласы», «Пір бекет пен жыр зекет», «Алтын босаға», «Шырқау», «Жылқышының ұлы», «Оғыланды», «Асалы мен Көкетай» және басқа да драмалық шығармаларын атыраулық ағайын жақсы біледі және өзіндік бағасын да беріп қойған.
Алған жарың ақылды болса, барлық қиындықты еңсересің. Жетістікке де жетесің. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ, ақын Аманқос Ершуовтың өнегелі өмірін тілге тиек етсек жеткілікті болары хақ. Ақынның жары Алтын апайымыз оқуға, жазуға деген мүмкіндік жасамаса, осындай жырлар, драмалық шығармалар жазылар ма еді… Белгісіз ғой. Жар таңдау тұрғысынан да, мамандық таңдау тұрғысынан да ақын Аманқос Назарұлының жолы болған екен. Ақынның қызы Маржан Ершудың поэзиялық өлеңдерін ел біледі. Ол елімізге танымал ақындардың бірі. Ал, Аманқос ақынның немересі Нұрсұлтан Ершуов та қара жаяу адам емес. Ол – джи-джиутсудан әлем чемпионы әрі халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Осындай үлгілік тәлім-тәрбиенің бастауында ақын, ұстаз, тәлімгер Ершуов Аманқос Назарұлының адами қасиеті мен тұлғалық болмысы тұрғаны анық. Өзі өмірден өтсе де, ол жазып қалдырған туындылар көрікті жырдың көші болып қала бермек.
Міне, оқып, ізденіп жүріп, мен тағы бір таланттың жыры мен адами болмысына қанықтым. Ол қазақ руханиятына зор үлес қосқан жаны таза, дархан пейілді, адал ниетті ақын Аманқос Ершуов. Шіркін, біздің жақта да қаламына адал болып, қазақ руханиятына сүбелі үлес қосқан есіл ерлердің еңбегі осылай бағаланса ғой…
Мен осы эссені жазып бітерде, жаңбыр да толастады. Іштей бұл тылсым жағдайда үлкен сыр жатқан болар деп ойладым. Жазған эссемнің қорытынды сөзін ақын Аманқос Ершуовтың «Бұлттар» өлеңінде жазылған соңғы шумақтармен түйіндеуді жөн көрдім. Өйткені, тұнып тұрған философия. Осыны түсінген адам болса, әрине…
«Қара жер! Сенде тудым, сенде өлемін,
Несіне арамтер боп сенделемін.
Мен осынау бұлттардағы бұлқыныспен,
Буға айналып кеткенді жөн көремін…»

Марат Диханбай, Журналист.

Поделиться ссылкой: