Бір кем дүние

214 Views

Ұзақ жасаушылар
Көктемнің көкөзегі. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы.
Солтүстікте қыс ұзақ.
Оңтүстікте көктем кемеліне келді.
Астананың қысы созылыңқы. Кешке қарай қарғалар қаланың терістік жағынан оңтүстігіне қарай қаптай ұшып, Есіл өзенінің солтүстік беткейіндегі парк орманына барып қонақтайды.
Бұл көріністі мен Кенесары ескерткішінің жанында отырып байқаймын.
Бір қарға көп қарғалардан бөлініп, ескерткіштің тұғыртасына әлдекім шашып кеткен бидайды байқап қалып, екі шоқып, бір қарап, қу құлқынның қамымен отыр.
Екі шоқып, бір қарағанда, күдіктісі мен, маған қарайды. Мен оған тиіскім келмейді. Қайта онымен сөйлессем деймін. Қарға тілін білмеймін. Құданың құдіреті, сонда әлгі қарға адамша сөйлеп тіл қатады:
– Қарр-қарр, неғып жалғыз отырсың?
– Жай отырмын. Сен басқалардан бөлініп қалғаныңа таң қаламын.
– Оның несіне таң қаласың? Кейінірек барсам да, бір бұтақ бұйырады. Ал мына жемді қалай қиып кетесің?!
– Басқалар байқамағанды сен көріп қойдың.
– Басқалар көбісі сары ауыз балапандар ғой. Мен бәрінен үлкенмін.
– Қаншадасың?
– Қарғалар үш жүз жылға дейін жасай береді. Мен соның екі жүзін жасадым. Мен әлі жас кезімде мына батырдың соғысын көрдім, – деп кәрі қарға ұшып барып, Кенесарының иығына қонып отырды.
– Шын айтасың ба?
– Қарғалар өтірік айта алмайды. Мен көрген Кенесары сонда сонау Қараөткелдің тұсынан арғы беттен шабуылдап, Ақмола қамалын басып алған. Қалың қолдың талайы Есілге батып кетті. Орыс қамалынан Кенесары әскеріне қарсы зеңбірек пен мылтықтан оқ жауды. Ал Кенесары әскерінің қаруы – найза, қылыш, дойыр қамшы…
Зеңбіректің гүрсілінен шошынған біз, қарғалар, анау қалың орманға барып тығылып, соғыс сойқанын байқап отырдық. Солай…
Қарға үндемей қалды.
– Одан әрі не болды?
– Не болғанын өзің де білесің. Несін сұрайсың? Мылжың болма.
Мен бұйырса, әлі жүз жыл жасаймын. Ал мына Кенесары мың жыл осылай тұра береді.
Осыны айтты да, кәрі қарға арғы беттегі орманға қарай қалбаңдап ұша жөнелді.
Қараөткел
Қыстай мұз құрсанып жатқан Қараөткел енді толқын атып қалыпты. Соны көріп еске түседі.
… Мәдидің әні. Оны Қараөткелдің түрмесіне қаматқан Қақабай бай. Қараөткел. Қажымұқан, Иман Жүсіп, Балуан Шолақ… Ғалия…
О да бір дәурен. Енді сол Қараөткелдің тұсынан екі бірдей көпір салынған. Қазіргі байлардың небір сәндеп салдырған үйлері.
Есіл өзен. Тас атқа мінген Кенесары.
Тұғыртасының гранит қаптауын әлдекімдер бүлдірген. Кімдер?
Кімдер болуы мүмкін? Ескерткішті күндіз-түні қорғап тұратын қарауыл жоқ. Жүз жыл, а, бәлкім, мың жыл қалай қорғап тұра аласың. Жаулары кезінде Хан Кененің басын алып еді. Енді тас бейнесіне дейін тыныштық бермейді.
Мәңгілік өшпенділікпен өтер бір кем дүние.

* * *
Араға қырық күн салып, ескерткіш түбіне қайта барып едім…
Бұл екі арада Түркібасқа барып, надан жауыздың қолынан тым ерте қаза тапқан бейкүнә жас өркенді жерлесіп, қырқына қатысып келген бетім.
Ескерткіштің қаптал гранит тастары ала-құла болып қалыпты. Кенесарының жаулары әлі таусыла қоймаған, тұқым қуалап келе жатқан жауыздар екен — ескерткішті жаралап, бүлдіріп тастапты.
Мектеп бітіргендер мерекесі болар, жастар көп. Бірақ тұғыртасы бүлінген ескерткішті ешкім елемейтін сияқты.
– Ей, әруақ сыйламайтын имансыз ұрпақ! Неге ашынбайсың?! – деп айқайлағым келді. Мәз-мейрам болып, шала мас жүргендердің айқай-шуынан даусым құмығып, тұншыға берді.
Қасіретті бір кем дүние.

Поделиться ссылкой: