Көкжөтел дегеніміз не?
49 ViewsЖоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдалуымен және ауыр жөтелдің пайда болуымен сипатталатын жедел инфекция көкжөтел деп аталады. Көкжөтел — жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын…
Шыны керек, Рахым Сәбденұлының есімін ауданымызда білмейтін жан баласы жоқ шығар, сірә. Әсіресе, онымен қызметтес әрі сыйлас болған аға буын өкілдері абыройлы азаматтың кісілік келбетін таңды-таңға ұрып айтып беруге әзір. Біз жақында Рахым Сәбденұлының тұңғышы Марат Сәбденовпен әңгімелестік. Сонда Марат ағамыздың әсерлі әңгімесін тыңдай отырып, көптеген жайттарға қанықтық. – Менің әкем 1929 жылы мамыр айының 9 жұлдызы күні Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылында дүниеге келген. Он жасынан бастап еңбекке араласқан асқар таудай әкемнің ең алғашқы еңбек жолы 1939-1946 жылдары Головачовка ауылы «Новая жизнь» колхозынан бастау алды десем болады. Әкем аталған қолхозда қарапайым жұмысшы болып еңбек етті. Ол алған бетінен қайтпайтын алғыр жан болатын. Осы табандылығы оны асқақ шыңдарға жетелеген болу керек, – дейді Марат аға бізбен өз ойын бөлісіп. Расымен де, Рахым Сәбденұлының өмірбаянына қарап, біз оның өте күрескер азамат болғанын ұғындық. Ол 16 жасында Жамбыл зооветеринарлық техникумына оқуға түседі. Бұдан соң, ВАСХН-илдің Алматы қаласындағы филиалынан «Овцевод» мамандығы бойынша тәлім алып шығады. 1949 жылы сол кездегі тәртіпке сәйкес Талас облысындағы Киров есімін еншілеген ауданға жолдамамен жұмысқа жіберіледі. Осында уческелік зоотехник болып еңбек етіп, өзінің табандылығын, іскерлігін дәлелдей түседі. 1958-1960 жылдары «Чолпонбой» колхозында бас зоотехник қызметін атқарғанда да атадан қалған адалдықты ту етіп ұстапты. Еңбек ете жүріп, К.И.Скрябин атындағы Қырғыз ауылшаруашылық институтының «Зоотехник» мамандығын тәмамдайды. Қырғыз елінде 1965 жылға дейін түрлі лауазымдарда қызмет атқарған Рахым Сәбденов Луговой ауданындағы «Ленин» атындағы асыл тұқымды қой кеңшарының директорлығына 1971 жылдың 21 сәуірінде тағайындалады.
Совхозды 1954 жылдан бері басқарып келген Иван Петрович Маякиннен кейін тізгінді өз қолына алған Рахым Сәбденов кеңшар шаруашылығын одан әрі ұлғайтуға көп күш жұмсайды. Австралиядан әкелінген мал тұқымымен совхоз қойын будандастырып, асыл тұқымды қой санын еселеу ісі де Рахым ағаның негізгі идеясы болатын. Осынау ұйымдастырушылық қабілеті үшін оған 1971 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалі беріледі. Рахым Сәбденұлының басшылыққа келуімен «Ленин» атындағы асыл тұқымды қой совхозының атағы алысқа тарап, тіпті екпіндей түседі. Ол кеңшарды 1971 жылдан 1992 жылға дейін басқарады. Ауылшаруашылығын ілгері дамытып, зор табысқа кенелген оған 1973 жылы «Еңбек Қызыл Ту», 1976 жылы «Ленин» ордені табыс етілсе, ал 1980 жылы сол кезеңде ең жоғары награда болып есептелетін Социалистік Еңбек Ері деген атақты иеленеді.
Айта кетейік, бұрынғы «Ленин» атындағы асыл тұқымды қой совхозының атауы 2004 жылы өзгертіліп, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы ономастикалық комиссияның шешімімен ауылға Социалистік Еңбек Ері Рахым Сәбденовтың есімі берілді.
Керек дерек: “Ленин” совхозы Луговой ауданы құрылғанға дейін Меркі ауданына қараған. Ол кездегі атауы – Жыланды деп аталған.
Марат Аятберген.