Қожайдың қоңыр құлжасы

178 Views

немесе «Еңбек Даңқы» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, даңқты диқан Ермек Әбдірәсіловты еске алу

Ерекең өмірінің соңғы жылдарында «Құлбарақ» шаруа қожалығында жастардың тәлімгері, тәжірибелі инженер-механик ретінде көзге түсті. Өзі үнемі томаға тұйық жүретін болмысы бөлек жаратылған жан еді. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын оған Жанболат, Нүридін, Бахтияр, Болат, Төле сынды жастар тез бауыр басып кетті. Ал, ол өзінен бес-алты жас кіші Батырбек Теңізбаев екеуі трактордың моторын шашып тастап, науқандық жұмысқа қаратпай лезде жинап ала қоятын.

Осындай біліктілік Ерекеңнің бойында сонау алпысыншы жылдары «Жаңатұрмыс» колхозына тракторшы болып кірген алғашқы күннен-ақ қалыптасқан. Ол туралы «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин» ордендерінің кавалері Келіс Нүсіпәлиев пен Октябрь революциясы орденді Сергей Федорович Иванюковтың, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегерлері Кемелбек Сарқытбаев пен Мергембай Әбіловтердің аузынан жиі естуші едік. Сол кісілердің бәрін көзімізбен көріп, әңгімелерін өз құлағымызбен естідік. Осы аты аталған кісілердің ішінде көзі тірісі Келіс аға ғана. Сексеннің сеңгіріне келген, қабақ-қасын ақ қырау шалған Келіс аға: – Ермек жаратылысы бөлек жан болатын. Тегі қазақ қиындыққа қайыспайтын нағыз ерді: «қара нарым» демей ме? Ермек сондай сом білекті, көкірегінде көзі бар азаматымыз еді. Ауданның «Құрметті азаматы» атағын ол да, мен де алдым. Тегі оны «Қожайдың қоңыр құлжасы» десеңдер де болады.
Ермек ағамен үзеңгілес болып бірге қуатты «Кировец» алып тракторын жүргізген Аманжан Аязбаев Астанада екен. Хабарға шыға алмады. Бірақ екі құрдастың тер сіңіп, күнге тотыққан жүздерін талай көргенмін. Қанша жұмыстан шаршап-шалдығып жүрсе де, екеуі де сыр бермейтін. Сонда қою қара шаңды будақтатып, «Мөңке» мен «Сорбұлақтың» жерін жыртып, күз келсе комбайндарына отырып, астық оруға шығатын олар Сергей Федоровичтің «көлеңкесіндей» болып «Шыңырауда» жүретін. Олар диқанның «қызыл қырманын» талай толтырып, омырауларына орден де, медаль да тақты. Соның бір парасы 1974-1977 жылдары алған «Құрмет белгісі» және «Еңбек Даңқы» ордендері. 1980 жылы омырауына таққан «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі дер едім. Ерекең Мәскеудегі ВДНХ-ны да көрді, үш бесжылдық қатарымен социалистік жарыстың жеңімпазы атанды.
Бірақ, ол кісі ешқашан көкірегін ұрып, мақтанған жоқ. Колхозда бригадир, қызылшашылар звеносының жетекшісі, «Әлібек» өндірістік кооперативінде бас инженер болып жүрсе де қарапайым қалпынан айныған жоқ. Ерекеңнің нағыз майталман екенін бүкіл ауыл біледі. Оны ауыл ақсақалдары Өмірзақ Шыңқожаев, Шалдамбай Шаңбаев, Келіс Нүсіпәлиев, Көшкімбай Құрманалиев және депутат болған Кәдірбек Құлбарақов аузынан тастамай айтып жүреді. Ерекеңді көзі тірісінде ауыл мектебі жиі кездесулерге шақыратын. Ол шәкірттерге өзінің жүріп өткен еңбек жолы туралы айтқанда: «Балалар туған жерді сүйіңдер. Өмірде екі адамды: ата-анаңды сыйлаңдар» дей-тұғын. Ерекең әкесі Әбдірәсіл ақсақалдың айтқандарын, анасы Нұрбаланың аналық мейірімін мәңгі ұмытпайтынын, өмірлік жар болып қосылған қосағы Панаркүл әпкейдің еріне деген сый-құрметі мен махаббатын жадынан жарты елі шығармайтын. Ермек Әбдірәсілов 75-ке қараған шағында 2021 жылы 6 шілдеде дүниеден озды. Оның жан жары Панаркүл әпкей де бақилық болған. Ерлі-зайыпты екеуінің артында алты бала қалды. Ерекеңнің жүріп өткен жолы, есімі ел жадында мәңгі сақталады.
Осы мақаланы жазуыма Ерекеңнің «Құлбарақ» шаруа қожалығында бірге еңбек еткен әріптестері: Батырбек Теңізбаев, Әлкен Сартбаев, Жанболат Әбілов, Болат Молдабаев, Бақтияр Мақанов, Нүридін Сүйіндіков, Төле Құлбарақов тағы басқалар түрткі болды. Осы азаматтардың бастама көтеруімен желтоқсан айының 9-шы жұлдызында Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте майталман механизатор Ермек Әбдірәсіловты еске алуға арналған волейболшылардың аудандық турнирі өтеді.

С.Қожеке.
Суретте: «Құрмет белгісі» және «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған «Тұрар Рысқұлов ауданының құрметті азаматы», майталман диқан Ермек Әбдірәсілов.

Поделиться ссылкой: